Қ А У Л Ы
2026 жылғы 28 қаңтар №6003-25-00-2к/4755 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев, судьялар Даненова А.А., Токсанбаев А.Б., талап қоюшы Б[...], оның өкілі М[...], жауапкер С[...],
бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуымен, ашық сот отырысында талап қоюшы Б[...] жауапкер С[...], Б[...] және «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Атырау облысының Полиция департаменті» мемлекеттік мекемесіне берген автокөлікті сату-сатып алу мәмілесін жарамсыз деп тану, автокөлікті қайтаруға міндеттеу және оны тіркеудің күшін жою туралы талап қоюы бойынша азаматтық істі Атырау қалалық сотының 2025 жылғы 12 мамырдағы шешіміне және Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 тамыздағы қаулысына талап қоюшының өкілінің келтірген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
2020 жылғы 5 ақпанда Б[...] пен «ВД[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (әрі қарай-ЖШС) арасында талап қоюшыға жеке меншік құқығымен тиесілі «Toyota Corolla» маркалы, VIN №[...], мемлекеттік тіркеу белгісі [...] автокөлігін (бұдан әрі – автокөлік) үш ай ішінде 4 800 000 теңгеге сатып беру туралы келісім шарты жасалған. 2020 жылғы 5 ақпанда осы аталған мәмілені орындау мақсатында талап қоюшы ЖШС-нің өкілі Б[...] автокөлікті тіркеуден шығаруға және сатуға нотариуспен куаландырылған сенімхат берген.
2020 жылғы 7 ақпанда Б[...] автокөлікті аталған сенімхат арқылы С[...] 3 500 000 теңгеге сатқан. А[...].С[...] атына тіркеліп, [...] мемелекеттіктіркеу белгісі берілген.
2023 жылғы 17 қантардағы №2 Ақтөбе қалалық сотының үкімімен «ВД[...]» ЖШС-нің басшы А[...] және оның сыбайластары Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 217 бабының 3-бөлігінің 1,2-тармақшасында және 262-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстар жасағаны үшін кінәлі деп танылып, әртүрлі мерзімге сотталған. Қылмыстық іс бойынша Б[...] жәбірленуші болып танылған.
Атырау қалалық сотының 2025 жылғы 27 қаңтардағы шешімімен Б[...] пен «ВД[...]» ЖШС-і арасындағы 2020 жылғы 05 ақпандағы автокөлікті сату қызметін көрсету шарты жарамсыз деп танылған.
Б[...] талап қоюында «ВД[...]» ЖШС-мен мәміле алдау жолымен рәсімделгені себепті жарамсыз екенін, сондықтан осы мәміле негізінде жасалған келесі мәміле де жарамсыз болатынын көрсетіп, соттан жоғарыда аталған мәмілелерді және сенімхатты жарамсыз деп тануды, С[...]
автокөлікті қайтаруға міндеттеуді және автокөліктің тіркелуінің күшін жоюды сұраған.
Атырау қалалық сотының 2025 жылғы 12 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 тамыздағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымында жергілікті соттардың істің мән жайын толық анықтамай, заң нормаларын қате қолданғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыруды сұрайды.
Талап қоюшының және оның өкілінің кассациялық шағымды қолдайтын, жауапкердің қарсы пікірлерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, кассациялық сот төменгі тұжырымдарға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі- АПК) 438 - бабының 5 - бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427 - бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434 - бабының 1- бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша жергілікті соттармен заң бұзушылыққа жол берілмеген.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 158-бабының 1-2 тармақтарына сәйкес мазмұны заңнама талаптарына сәйкес келмейтін мәміле, сондай-ақ құқықтық тәртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалған мәміле, егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, дауланатын мәміле болып табылады және сот оны жарамсыз деп тануы мүмкін Қылмыстық мақсатқа жетуге бағытталған, оның құқыққа қайшылығы сот үкімімен (қаулысымен) белгіленген мәміле маңызсыз болады.
Осы Кодекстің 261-бабының 1-тармағында егер мүлiк оны иелiктен айыруға құқығы болмаған адамнан тегiн алынып, алушы мұны бiлмесе және бiлуге тиiс болмаса (адал алушы), мүлiктi меншiк иесi немесе меншiк иесi мүлiктi иеленуге берген адам жоғалтқан, не мұның екеуiнен де ұрланған, не олардың иеленуiнен бұлардың еркiнен тыс өзге жолмен шығып қалған ретте ғана меншiк иесi бұл мүлiктi алушыдан талап етiп алдыруға құқылы екені көзделген.
«Мәмілелер жарамсыздығының және олардың жарамсыздығының салдарларын соттардың қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 13-тармағында түсіндірілгендей орынды сақтық, парасаттылық, құнттылық танытқан адал алушының мүдделері, егер меншік иесі сотта мүлiктi меншiк иесi немесе меншiк иесi мүлiктi иеленуге берген адам жоғалтқанын, не біреуінен немесе екіншісінен ұрланғанын не бұлардың еркiнен тыс өзге жолмен олардың иелігінен шығып қалғанын дәлелдемеген жағдайда ғана қорғалуға жатады.
Жергілікті соттар даулы автокөлікке қатысты жасалған алғашқы сату шарты бойынша талап қоюшының автокөлігін сатуға сенімхат арқылы «ВД[...]» ЖШС-не өз қалауымен тапсырып бергенін, яғни оның өрескел бейқамдылыққа жол бергенін, ал, автокөлікті сатып алушы талап қоюшының алдануда болғанын білмегенін, білуге тиіс болмағанын, олармен жасалған мәмілелердің нысаны мен мазмұны заң талаптарына сәйкес келетінін ескеріп, жауапкердің адал иеленуші болатынын дұрыс анықтаған.
Мұндай жағдайда, жергілікті соттар АК-нің 158-бабы 2-тармағында көрсетілген мәмілені жарамсыз деп тануға арналған негіздер талап қоюшы мен «ВД[...]» ЖШС-нің арасында жасалған шарттан кейінгі мәмілелерге қатысты негіз бола алмайтыны жөнінде дұрыс тұжырым жасаған. Осыған орай, жергілікті соттардың адал алушының заңды құқықтарын қорғап, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқаны заңды.
Кассациялық шағымда келтірілген уәждер істі қарау барысында айтылған, оларға жергілікті соттармен дұрыс баға берілген, тиісті заң нормалары дұрыс қолданылған, шағымдалған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ.
АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Атырау қалалық сотының 2025 жылғы 12 мамырдағы шешімі және Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 тамыздағы қаулысы күшінде, талап қоюшының өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Ғ.Бастаубаев
Төрағалық етуші судья
Судьялар
А.Даненова
А.Токсанбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.