Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 09.06.2026 по делу 6003-26-00-2к/1517 (Гражданское)

№6003-26-00-2к/1517 (2) іс

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 9 маусым Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар Г.М.Даулеткалиева, А.К.Есдаулетов болып, прокурор К[...],

талап қоюшы Қ[...],

жауапкер өкілі А[...] қатысуларымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы, ашық сот отырысында Жылыой аудандық сотының 2025 жылғы 27 мамырдағы шешімі мен Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 қыркүйектегі қаулысына талап қоюшы Қ[...] кассациялық шағымымен түскен,

талап қоюшылар Қ[...] пен Р[...] жауапкер Атырау облысы, [...] әкіміне су тасқыны салдарынан жылжымайтын мүлікке келтірілген материалдық шығынды өндіру туралы электрондық азаматтық істі қарап,

Қ[...] талап қоюында жер асты суының көтерілуі салдарынан жылжымайтын мүлкіне келтірілген 19 925 100 теңге, Р[...] 5 476 100 теңге материалдық шығынды өндіруді сұраған.

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 қыркүйектегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Жылыой аудандық сотының 2025 жылғы 27 мамырдағы шешімімен талап қоюлар қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюлардың қанағаттандырусыз қалдырылуына соттардың тұрғын үйлердің суға кеткен аймақта орналаспағаны, ондағы ақаулардың су тасқыны немесе соған байланысты жер асты суы деңгейінің көтерілуі салдарынан орын алғаны дәлелденбегені туралы тұжырымға келуі негіз болған.

Талап қоюшы Қ[...] кассациялық шағымында, материалдық құқық нормаларының бұзылуына, сот актілерінде баяндалған сот түйіндерінің істің мән-жайларына сәйкес келмеуіне, іс бойынша жинақталған дәлелдемелермен материалдық шығынның тікелей жер асты суының көтерілуінен орын алғаны дәлелденгендіктен, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Жауапкер кассациялық шағымға байланысты пікірінде, оның уәждерімен келіспей, шағым берілген сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, сотқа қатысушылардың түсініктерін, прокурордың сот актілерін күшінде қалдыру туралы қорытындысын тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексерiп, оның уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша соттармен мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.

Тараптар арасында даудың туындауына негіз болған істің мән-жайлары шағым берілген сот актілерінде толық баяндалғандықтан, олар осы қаулыда қайталап көрсетуді қажет етпейді.

Атырау облысы, [...] әкімінің 2024 жылғы 4 сәуірдегі №8 шешімімен су алуға байланысты Жылыой ауданы аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған.

«Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 11 сәуірдегі № 188-V Заңының 58-бабына сәйкес, табиғи сипаттағы төтенше жағдайлармен жеке тұлғалардың денсаулығы мен мүлкіне келтірілген зиян (нұқсан) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен, зардап шеккендердің ең төменгі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажетті шекте өтеледі.

Жарияланған төтенше жағдайға байланысты, аудан әкімдігінің 2024 жылғы 15 сәуірдегі №100 қаулысымен табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) бағалау және өтеу бойынша аудандық комиссия құрылған.

Тұрғындарға су тасқынымен келтірілген зиянның мөлшерін анықтау мақсатында, «Атырау облысы мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы» мемлекеттік мекемесі мен «ТБЖСЗО[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында 2024 жылғы 26 сәуірде жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы №39 шарты жасалған.

Шарт бойынша орындаушы құрылыс конструкцияларын өлшеу жұмыстарымен, зертханалық сынақтармен, құрылыс конструкцияларын ашумен техникалық тексеру және шурфтарды әзірлеу қызметін көрсетуге міндеттенген.

«Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1358 қаулысымен бекітілген Қағидасының 1- тармағының 5, 6 –тармақтарының талабы бойынша, материалдық нұқсан келтірілген зардап шеккендер төтенше жағдай туындаған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жергілікті атқарушы органға осы Қағидаларға 1- қосымшаға сәйкес нысан бойынша толтырылған материалдық нұқсанды өтеу туралы өтініш береді.

Құрылған комиссияның 2024 жылғы 23 сәуірдегі №1 хаттамасының қосымшасымен аудан бойынша су тасқынынан зардап шеккен

13 аймақ белгіленген. О[...] Қ[...] тұрғын үйі орналасқан аймақ суға кеткен аймақтарға жатқызылмаған.

2024 жылғы 22 шілдедегі комиссия отырысының №32 хаттамалық шешімімен Қ[...] өтініші оның үйі су келген аймақта болмауына және мобильді топтардың зерделеу жұмыстарының фото-видео есептері негізінде қанағаттандырусыз қалдырылған.

Кейіннен, Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен бұл комиссия шешімінің Қ[...] қатысты бөлігі заңсыз деп танылып, жауапкер жер асты суын зерттейтін тиісті маманның қорытындысын алып, талап қоюшының өтінішін қайта қарауға міндеттелген.

Шешімнің заңсыз деп танылуына жергілікті атқарушы органның талап қоюшының өтінішіндегі уәждерінің толық тексерілмеуі негіз болған.

Қайта қаралуы қорытындысымен, комиссия отырысының 2025 жылғы 5 қаңтардағы №103 хаттамалық шешімімен «Батысқазжерқойнауы» өңіраралық департаментінің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі жер асты суларының орташа жылдық деңгейлері орташа жылдық норма шегінде орналасқаны және қаланың су басуына әсері болмағыны жөнінде жауап хаты ескеріліп барлығы 59 тұрғынның, оның ішінде Қ[...] нұқсанды өтеу туралы өтініші қанағаттандырусыз қалдырылған.

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 31 наурыздағы шешімімен Қ[...] аталған хаттамалық шешімнің өзіне қатысты бөлігін заңсыз деп тану туралы талабы қанағаттандырусыз қалдырылған. Сотта істі қарауда мүлікке нұқсанның тікелей су тасқыны немесе соған байланысты жер асты суы деңгейінің көтерілуі салдарынан келтірілгені расталмаған, мамандардың қорытындыларымен тек тұрғын үйдің жағдайы мен оны жөндеуге жұмсалуы мүмкін шығындардың мөлшері айқындалған.

Жоғарыда аталған әкімшілік соттың шешімімен талап қоюшының өтінішін жер асты суын зерттейтін тиісті гидрогеолог маманының қорытындысын ала отырып, қайта қарау міндеті жүктелген.

Бірақ талап қоюшының өтінішін қайта қарауда оның үйінде пайда болған ақаулардың себебін анықтау мақсатында жауапкердің аталған маманның қорытындысын алуға мүмкіндігі болмаған немесе талап қоюшымен бұл қорытынды комиссияның қарауына ұсынылмаған.

Себебі, сот актісін орындау үшін жауапкермен мемлекеттік сатып алу жоспары мен техникалық сипаттамасы жасақталып, 2024 жылғы 25 қарашада және 3 желтоқсанда мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған конкурсқа өнім берушілер қатыспаған.

Сонымен қатар, жауапкермен жер асты суын зерттейтін мамандардан коммерциялық ұсыныстар білдіруді сұрап бірнеше тиісті мекемелерге хаттар жолданған, дегенмен одан нәтиже болмаған, ұсыныстар түспеген.

Сұранысқа байланысты «А[...]» ЖШС-нің жауап хатында «жұмыс мерзімі шартқа қол қойылған күннен бастап 6 айды құрайды, орташа алғанда бұрғылау және тәжірибелік жұмыстардың ұзақтығын, жоспарлы бақылаулар мен есеп берудің жылдық кезеңі ескеріле отырып, екінші кезеңнің ұзақтығы 2 жылды құрайтыны» туралы көрсетілген.

Осы мән-жайларға байланысты комиссиямен Қ[...] өтінішін қайта қарауда, уәкілетті орган «Батысқазжерқойнауы» өңіраралық департаментінің жоғарыда аталған ақпараттық хаты негізге алынған. Өз кезегінде, сотпен әрбір дәлелдеме оның қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы ескеріле отырып, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан бағаланады.

Яғни, істі қарауда анық, іске қатысты және жол беруге болатын дәлелдемелер жиынтығымен Қ[...] мүлкінің бүлінуі мен орын алған су тасқыны арасында тікелей себептік байланыс анықталмаған.

Одан бөлек, су тасқыны 2024 жылғы сәуір айында орын алған және Қ[...] сол уақытта белгіленген мерзім ішінде жауапкерге келген нұқсанды өтеу жөнінде тиісті өтінішпен және бүлінген үйін қарау үшін дер кезінде мемлекеттік сатып алу шарты бойынша «ТБЖСЗО[...]» ЖШС-не арызбен жүгінбеген. Талап қоюшының бұл олқылығы даудың туындауының негізгі себептерінің бірі болғандықтан, олар шешім қабылдауда ескерілуге жатады. «Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысының 11тармағының талабы бойынша шешiм iстiң мән-жайлары туралы болжамдарға негiзделуі мүмкін емес.

Кассациялық шағымда қайталап келтірілген уәждерге шағым берілген сот актілерінде тиісті және дұрыс құқықтық баға берілген. Соттардың тұжырымдары жан-жақты зерттелген дәлелдемелерге және тараптардың арасында туындаған құқықтық қатынасқа қолдануға жататын тиісті материалдық құқық нормаларына негізделген.

Сондықтан, сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Жылыой аудандық сотының 2025 жылғы 27 мамырдағы шешімі мен Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 қыркүйектегі қаулысы күшінде, талап қоюшы Қ[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Кассациялық сатыдағы сот қаулысы ол жарияланған күнінен бастап заңды күшiне енедi.

Төрағалық етуші Г.Джаппарова

Судьялар

Г.Даулеткалиева

А.Есдаулетов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.