ҚАУЛЫ
2025 жылғы 20 қараша 6003-25-00-4к/230 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев
судьялар Л.Е.Кудекова, Ш.С.Манжуева болып,
талап қоюшының өкілі А.Жакиповтың, жауапкерлер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының өкілі Е.Нысынбаевтың, Сауран ауданы әкімдігінің Иассы ауылдық округі экімі аппараттың өкілі М.Самбетовтың, мүдделі тұлғалар Н.К. Дюсебаевтың, Н.Букебаевтың, мүдделі тұлғалардың өкілі Г.Б.Сихимовтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Бибежан Дюсебаеваның жауапкерлер Сауран ауданы әкімдігінің Иассы ауылдық округі әкіміне, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына, Құрманғазы Сапарғалиұлы Аширбекке әкімнің шешімін заңсыз деп танып, күшін жою және әкімшілік актіні заңсыз деп танудың заңды салдарын қолдану туралы талап қоюы негізінде қозғалған әкімшілік ісімен,
Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 24 маусымдағы шешіміне, Түркістан облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылы 9 қаңтардағы қаулысына талап қоюшы Б.Дюсебаеваның, мүдделі тұлғалар Н.Дюсебаевтың, Н.Букебаевтың келтірген кассациялық шағымдарын қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Б.Дюсебаева сотқа жауапкерлер Сауран ауданы әкімдігінің Иассы ауыл округі экіміне, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына, Құрманғазы Сапарғалиұлы Аширбекке әкімнің шешімін заңсыз деп танып, күшін жою және әкімшілік актіні заңсыз деп танудың заңды салдарын қолдану туралы әкімшілік талап қоюымен жүгінген. Мүдделі тұлғалар ретінде іске Түркістан қаласы әкімдігінің «Сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесі, Нұрлыжан Маратбекұлы Букебаев, Нуржан Кудайбергенович Дюсебаев, Мархабай Калмурзаевич Байдувалиев тартылған.
Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 24 маусымдағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Түркістан облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылы 9 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы Б.Дюсебаеваның, мүдделі тұлғалар Н.Дюсебаевтың, Н.Букебаевтың келтірген кассациялық шағымдарында, іс бойынша қабылданған жоғарыдағы сот актілерімен келіспейтіні көрсетіліп, олардың күшін жою және талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдау сұралған.
Кассациялық сот, сот мәжілісіне қатысушылардың пікірін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігі бойынша, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарынан белгілі болғаны 2007 жылғы 14 қарашадағы Түркістан қаласы әкімдігінің №6768 қаулысымен Нурлыжан Маратбекұлы Букебаевқа Түркістан қаласы, Қамбатыров көшесі, №25 телімде бұрын салынған тұрғын үй орналасқан жер аумағына жалпы алаңы 0,1 гектар (1000 шаршы метр) жер учаскесіне жеке меншік құқығы белгіленген.
Осы қаулының негізінде №19-307-037-3347 сәйкестендіру актісі рәсімделіп, берілген жерге Н.М. Букебаевтың меншік құқығы 2010 жылғы 3 қарашада тіркелген.
2010 жылғы 30 қарашадағы сату - сатып алу шартына сәйкес Н.М. Букебаев Түркістан қаласы, Қамбатыров көшесі, №25 телімде орналасқан кадастрлық №19-307-037-3347 жер учаскесін Нуржан Кудайбергенович Дюсебаевқа 30 000 теңгеге сатқан.
Аталған сату сатып - алу шарты тіркеуші органда 2011 жылғы 4 шілдеде тіркелген және жердің кадастрлық №19-307-163-486 болып өзгертілген.
2022 жылғы 5 сәуірдегі сыйға тарту шартына сәйкес, Н.К. Дюсебаев кадастрлық №19-307-163-486 жер учаскесін өзінің анасы Бибежан Дюсебаеваға сыйға тартқан.
2006 жылғы 21 тамыздағы Түркістан қаласы Иассы ауылдық округі әкімінің №371 шешімімен Құрманғазы Сапарғалиұлы Аширбекке Түркістан қаласы, Иассы ауылы, Орталық елді мекенінде орналасқан көлемі 0,1 гектар (1000 шаршы метр) жер учаскесі тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жеке меншік құқығымен берілген.
Осы шешімнің негізінде №19-307-163-2030 кадастрлық сәйкестендіру актісі рәсімделіп, берілген жерге Қ.С. Аширбектің меншік құқығы 2021 жылғы 25 мамырда тіркелген.
Алайда, кадастрлық №19-307-163-2030 жер учаскесін тіркеу ісінде осы жерге салынған үйге дербес қабылдау актісі Мархабай Калмурзаевич Байдувалиевтің атына рәсімделген. Жоғарыда көрсетілген жер учаскесінің тіркеу ісінде кадастрлық №19307-163-2030 жер учаскесінің меншік құқығы Қ.С. М.К. Байдувалиевке қандай жолмен өткені туралы мәліметтер тіркелмеген. Талап қоюшы жауапкерлерге қатысты сотқа жүгініп, Түркістан қаласы Иассы ауылдық округі әкімінің 2006 жылғы 21 тамыздағы №371 шешімін заңсыз деп танып, күшін жоюды және әкімшілік актіні заңсыз деп танудың заңды салдарын қолдануды сұраған.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар Түркістан қаласы, Иассы ауылдық округі әкімінің 2006 жылғы 21 тамыздағы №371 шешімі жарияқұқықтық қатынастарда талап қоюшының құқықтарын бұзбайды деген тұжырымға келген.
Кассациялық сот, аталған соттардың шешімдерін төменгі жағдайға байланысты заңды және негізді деп санайды.
ӘРПК-нің 7-бабына сәйкес, әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімдерді өз құзыреті шегінде және Қазақстан Республикасының осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады.
ӘРПК-нің 8-бабы бойынша әкімшілік орган, лауазымды адам және сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мәнжайларын жан-жақты және толық зерттеу құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті және егер заңда немесе даулы тараптардың келісімінде тиісті мәселелерді соттың шешетіні көзделсе, сот бұл мәселелерді әділдік пен ақылға қонымдылық өлшемшарттарын негізге алып шешуге міндетті.
«Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 16 шілдедегі №6 Нормативтік қаулысының 8-тармағына сәйкес, бір жер учаскесіне екі және одан да көп меншік иелерінің (жер пайдаланушыларының) меншік құқығының туындағаны, сондай-ақ аралас жер учаскелері шекарасының бұзылғаны туралы дауды шешкен кезде соттар Жер кодексінің 43-бабында белгіленген талаптарды назарға алу керек. Жерді бөліп беру тәртібін сақтау қажет болған жағдайда тараптардың әрқайсысында жерге құқықтардың туындау негіздерін, сонымен қатар құқық белгілейтін құжаттарды, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу хронологиясын тексеру керек.
Жер кодексінің 43-бабының 10-тармағына сәйкес жер учаскесін пайдалану және оған билік ету үшін оның нақтылы (белгілі бір жердегi) шекарасын белгілеу және құқық белгілейтін құжаттарды ресімдеу қажет.
Белгілі бір жер учаскесіне немесе учаскенің бөлігіне тең құқықтар болған жағдайда, соттар азаматтық заңнамаға сәйкес құқықтың туындау күні бойынша белгіленетін жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтардың басымдығын негізге алуы тиіс. Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 30 мамырдағы ұйғарымымен, іс бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалы Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментінен маман тартылып, оған осы дау бойынша далалық зерттеу актісін жасау жүктелген.
2024 жылғы 7 маусымдағы маманның далалық зерттеу актісімен (бұдан әрі – Акт) кадастрлық №19-307-163-486 жер учаскесінің жер кадастрлық істегі абрис сызбасы бойынша тірек нүктесін жобалы көше қиылысынан беру себепті, нақты орынын анықтау мүмкін емес екені, кадастрлық істегі координаттары және көрсетілген көршілері бойынша жер учаскесінің нақты шекарасы даулы жерге толыққанды сай келетіні көрсетілген.
Актіде кадастрлық №19-307-163-486 және №19-307-163-2030 жер учаскелері жер кадастрлық істегі координаттары бойынша толыққанды беттеседі деп көрсетілген.
Анықталғанындай талап қоюшыға тиесілі №19-307-163-486 кадастрлық істегі Қағазға жазылған мәлiметтер мен электрондық тасығыштарда жазылған мәлiметтер арасында алшақтықтар орын алған.
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы № 442 Жер кодексінің (әрі қарай – Кодекс) 158-бабының 2-тармағына сәйкес мемлекеттiк жер кадастрының мәлiметтерiн құжаттау қағазға түсiрiлiп және электрондық тасығыштарда жүзеге асырылады. Қағазға жазылған мәлiметтер мен электрондық тасығыштарда жазылған мәлiметтер арасында алшақтықтар болған жағдайда, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, қағазға түсiрiлген мәлiметтер басымдыққа ие болады.
№19-307-163-486 жер учаскесінің координаттары кадастрлық іске тіркелген абрис сызбасының негізінде белгіленген.
Актіде көрсетілгендей, кадастрлық №19-307-163-486 жер учаскесінің қағазға түсірілген жер кадастрлық істегі абрис сызбасы бойынша тірек нүктесін жобалы көше қиылысынан беру себепті жердің нақты орынын анықтау мүмкін емес.
Демек, кадастрлық №19-307-163-486 жер учаскесінің координаттары тірек нүктесін жобалы көше қиылысынан беру себепті, жердің нақты орынын анықтау мүмкін емес абрис сызбасының негізінде белгіленген.
Ал, актіде кадастрлық №19-307-163-486 және №19-307-163-2030 жер учаскелерінің беттесуі тек координаттары бойынша орын алғаны көрсетілген.
Істің мұндай тұрғысында, кадастрлық №19-307-163-486 және №19-307163-2030 жер учаскелерінің нақты беттесуі бар деуге негіз жоқ. Себебі талап қоюшының кадастрлық №19-307-163-486 жер учаскесінің қағазға түсірілген абрис сызбасы нақты тірек нүктесін басшылыққа ала отырып жасалмаған. Бұл жағдайда Түркістан қаласы, Иассы ауылдық округі әкімінің 2006 жылғы 21 тамыздағы №371 шешімі жария-құқықтық қатынастарда талап қоюшының құқықтарын бұзбайды.
Себебі, №19-307-163-486 кадастрлық істен қағазға түсірілген абрис сызбасы бойынша талап қоюшыға тиесілі жердің нақты орналасқан жерін анықтау мүмкін емес.
Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде, кассациялық сот, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың шешімдерін заңды және негізді деп санайды.
Кассациялық шағымдарда көрсетілген уәждер төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, сондықтан, іс бойынша қабылданған бірінші сатыдағы сот шешімінің, апелляциялық сот қаулысының күшін жоюға еш негіз жоқ.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 24 маусымдағы шешімі, Түркістан облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылы 9 қаңтардағы осы іс бойынша қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Б.Дюсебаеваның, мүдделі тұлғалар Н.Дюсебаевтың, Н.Букебаевтың кассациялық шағымдарын қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Е. Нұралиев Л. Кудекова
Судьялар
Ш.Манжуева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.