№ 6001-25-00-3г/1825
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 8-мамыр Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы М.Т. Балкен талап қоюшы «Сенім» шаруа қожалығының (әрі қарай - «Сенім» ШҚ) жауапкер «Оразәлі» фермерлік қожалығына (әрі қарай - «Оразәлі» ФҚ) заңсыз иеленген малды қайтаруды міндеттеу туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған Ұлытау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12-науыздағы қаулысын қайта қарау туралы «Оразәлі» ФҚ-ның өтінішхатын алдын ала қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
«Сенім» ШҚ сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгініп, жауапкердің қазақы жылқы және мұғалжар тұқымды малдарды заңсыз иеленген деген уәждермен оларды талап қоюшының қожалығына кері қайтаруды сұраған.
Ұлытау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 9-желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Ұлытау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12-науыздағы қаулысымен шешім өзгертіліп, іс бойынша «Оразәлі» ФҚ-нан «Сенім» ШҚ-ның пайдасына қазақы жылқы тұқымынан әр түрлі жастағы 280 бас жылқыны қайтару туралы қаулы шығарылған. Сот шығыстары туралы сұрақ шешілген.
Өтінішхат иесі «Оразәлі» ФҚ апелляциялық сатыдағы сот актісімен келіспейтіндігін, соттың тұжырымы істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, апелляциялық сатыдағы сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Апелляциялық сатыдағы сот тарапынан мұндай заң бұзушылықтарға жол берілгені туралы өтінішхат иесінің уәждері кассациялық сатының сот отырысында зерттеліп қаралуға негіз бар.
Іс құжаттарынан анықталғандай, «Сенім» ШҚ-ғы 1994 жылы құрылып, жекешелендірілген 500 бас жылқыны қожалық өз атына алған. 2008 жылы қазақы жылқы тұқымын өсіретін шаруашылық болып танылған. Шаруашылықтағы 1 500 жуық жылқыны 2016 жылға дейін қожалық мүшесі Қайырбек Ақылбеков бағып келген. Алайда, оның жанұялық жағдайына байланысты қожалықтың жылқылары «Оразәлі» ФҚ-на әрі қарай бағу үшін берілген.
Талап қоюшы талабында жауапкер Нуркен Акылбековтың даулы жылқыларды заңсыз иелену мақсатында «Оразәлі» ФҚ құрып, өзіне бағуға берілген 529 бас жылқының, 304 асыл тұқымды жылқыларды өзінің атына тіркегені туралы уәждерді көрсеткен. Бұған дәлел ретінде қожалықтың атында 1275 бас жылқы малы тіркелгені туралы «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» дерек қорының мәліметі ұсынылған.
Бірінші сатыдағы соттың талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдау кезінде іс бойынша тараптардың арасындағы даудың 2017 жылы туындағаны туралы талап қоюшының түсініктемесін негізге алып, талап қою мерзімінің өтіп кеткенімен қорытындылаған.
Істі қарау барысында талап қоюшы жауапкердің 2017 жылы жылқыларды бөліп алғаны және сол уақыттан бастап тараптардың арасында дау туындағанын жоққа шығармаған.
Дегенмен, апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың бұл қорытындыларымен келіспей, жауапкердің талап қоюшыға тиесілі жылқыларды алғаны туралы уәждерін негізсіз деп тапқан. Өйткені, сотта талап қоюшының жылқыларының жауапкерде болуы дәлелденбеген деп есептеген.
Бұл ретте, апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатының шешімін өзгерте отырып, жауапкердің талап қоюшыға 280 бас жылқыны қайтару туралы қаулы шығарған. Аталған дауды әке мен бала арасында туындаған отбасылық мәселе деген уәжді негізге ала отырып, апелляциялық сатыдағы сот жауапкерге 280 бас жылқыны талап қоюшыға қайтаруды міндеттеген.
Өтінішхат иесі апелляциялық сатыдағы соттың мұндай тұжырымдарымен келесі негіздермен келіспей, оның істі бір жақты қарағанымен уәждеген.
Арыз беруші (жауапкер) апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдары құжаттармен және дәлелдемелермен расталмаған, сондайақ істің мән-жайына тікелей қайшы келеді деп есептейді. Сотта анықталғандай, талап қоюшы 2017 жылы жауапкерге бөлінген ірі қара мал басының санына дауласпаған. Сондай-ақ, «Сенім» ШҚ-ның 2017 жылғы жиналысында жауапкерге шаруа қожалығының үлесін бөлу туралы шешім қабылданғанын көрсеткен.
Өтінішхатта арызданушы апелляциялық сатыдағы сот жауапкерге есепте тұрған 1325 бас ірі қара малды талап етпей, талап қоюшының
есебінде тұрған 1135 бас малды талап еткен талап қоюшының түсініктемелерін дұрыс бағаламағанын көрсеткен.
Жауапкердің пікірінше, апелляциялық сатыдағы сот талап қоюшының талаптары мен дәлелдеріндегі қарама-қайшылықтарды бағаламай, талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы қаулы шығарған. Іс материалдарын алдын ала зерделеу, арызданушының өтінішхатында келтірген уәждері және жоғарыда көрсетілген түйіндер дау айтылған сот актісін қайта қарау үшін кассациялық сатының сот отырысына қарауға жататын негіздер бар екенін көрсетеді. АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья,
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Ұлытау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12-науыздағы қаулысын қайта қарау туралы «Оразәлі» фермерлік қожалығының өтінішхаты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін. Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын. Судья М.Т.Балкен Көшірмесі дұрыс Судья М.Т.Балкен
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.