6кг-17-24
Қ А У Л Ы
2024 жылғы 23 желтоқсан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья Е.М.Мәукен,
судьялар Н.К.Құрманғалиев, Г.Ғ.Исамберлиева, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының прокуроры
А.Төремұратұлының,
әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға - «Бұрғылау компаниясы «Великая Стена» (Ақтау) жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері А.О.Маулетованың, Г.Д.Утебергенованың,
Қазақстан Республикасының Ұлттық банк өкілі Д.Б.Әшірбековтің, «Алтын Банк» акционерлік қоғамының өкілі Ж.С.Кабылкаковтың қатысуларымен
кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында бейнеконференц байланыс жүйесі арқылы Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19 шілдедегі қаулысына Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасарының кассациялық наразылығымен келіп түскен «Бұрғылау компаниясы «Великая Стена» (Ақтау) жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - ЖШС) қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 251-бабының 2) тармақшасы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2024 жылдың 18 маусымындағы қаулысымен ЖШС ӘҚБтК-нің 251-бабының 2) тармақшасымен кінәлі деп танылып, мемлекет пайдасына 49 078 438 теңге мөлшерінде айыппұл салынған.
Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысының күші жойылып, әкімшілік іс бойынша әкімшілік құқық бұзушылық оқиғасының болмауына байланысты іс жүргізу тоқтатылған. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасарының кассациялық наразылығында соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзуына байланысты апелляциялық сатыдағы соттың шығарған қаулысы қайта қарауға жататыны көрсетілген. ЖШС-тің тарапынан шетел валютасын репатриациялау талабының бұзылғанын, яғни ЖШС және шетелдік «Renda Energy Oil and Gaz Middle East FZCO» (бұдан әрі - Ренда) компаниясы арасында 2019 жылғы 3 желтоқсанда жасалған 584 500 АҚШ долларына 515 дана бұрғылау штангаларын сатып алу туралы REOAG-2019-02 валюталық шарт бойынша есептік нөмір алынбай тұрып, шетелге заңсыз ақша аударылғанын, Ренда компаниясымен шарт орындалмағанын, алайда 2020 жылғы 22 маусымда Ресейлік «Техномаш» ЖШС-тен сатып алынған болат бұрғылау құбырлары 2021 жылғы 3 наурыздағы (бір жылдан кейн жасалуы тиіс) REOAG-2021-01 шарт негізінде заңсыз кірістелгенін, бұрғылау штангасы мен бұрғылау құбыры сәйкестігі жағынан бір тауар болып табылмайтынын, тауар кедендік тазартудан өтпегенін және шарт талабына қайшы түпнұсқа құжаттарынсыз заңсыз қабылданғанын, REOAG-2021-01 шарт бойынша басқа тауар сатып алынуға тиіс болғанын, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы прокурорлық тексеру кезінде және бірінші сатыдағы сотта істі қарау барысында зерттелмеген құжаттарға негізделгенін көрсетіп, апелляциялық сатыдағы сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың қаулысын өзгеріссіз қалдыруды сұраған.
Сот алқасы, әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға өкілдерінің наразылыққа қарсы пікірлерін, банк өкілдерінің түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, наразылық уәждерін қолдаған прокурордың қорытындысын тыңдап, төмендегідей тұжырымға келеді. ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға: қабылданған қаулыны орындау адамдардың өмірі, денсаулығы үшін не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін болатын; қабылданған қаулы адамдардың белгісіз тобының құқықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатын; қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай жағдайлар орын алған.
ӘҚБтК-нің 737-бабының талаптарына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша әрбір істің мән-жайларын уақтылы, жан-жақты, толық және объективті анықтап, Кодекстің талаптарына сәйкес шешу, іс жүргізуге қатысушылардың құқықтары мен міндеттерінің іске асырылуын қамтамасыз ету, әкімшілік құқық бұзушылықтар жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау болып табылады.
Аталған Кодекстің 766-бабының 1)-2) тармақтарында көзделгендей, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша әкімшілік құқық бұзушылық оқиғасы және осы Кодексте көзделген оның құрамының белгілері; осы Кодексте әкімшілік жауаптылық көзделген, құқыққа қарсы іс-әрекет (әрекет не әрекетсіздік) жасаған тұлға; сондай-ақ, істің дұрыс шешілуі үшін маңызы бар өзге де мән-жайлар дәлелденуге жатады. Іс материалдарына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қозғауға Маңғыстау облыстық прокуратурасымен ЖШС-ке жүргізілген кешенді тексерудің нәтижелері негіз болған. Тексеру нәтижесінде ЖШС шетел валютасын репатриациялау талабын бұзуға жол берілгені туралы тұжырым жасалған.
Аталған факті бойынша ЖШС-ке қатысты ӘҚБтК-нің 251-бабының 2) тармақшасы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық бойынша іс қозғау туралы прокурормен қаулы шығарылған.
Қаулыда ЖШС-тің тарапынан 2019 жылдың 3 желтоқсанында (REOAG-2019-02) және 2021 жылдың 3 наурызында (REOAG-2021-01) шетелдік Ренда компаниясымен 584 500 АҚШ долларына 515 (қаулыда 516 деп қате көрсетілген) дана бұрғылау штангасын және 182 585,26 АҚШ долларына қашау және басқа да тауарларды жеткізу бойынша жасалған шарттарды орындау бойынша заң бұзушылықтар жіберілгені көрсетілген.
Бұдан басқа, әкімшілік іс қозғау туралы қаулыда аталған тараптар арасында 2019 жылғы 9 қыркүйекте 12 402 АҚШ долларына жасалған REOAG-2019-01 шарт бойынша да заң бұзушылықтар анықталғаны көрсетілген.
Істі қарау барысында бірінші сатыдағы соттың тарапынан прокурор қаулысында көрсетілген барлық фактілер талқыланбаған, яғни қаулы толық көлемінде қаралмаған, сотпен құны 584 500 АҚШ доллары тұратын валюталық шартқа ғана баға берілген. Ал апелляциялық сатыдағы сот қаулыда көрсетілген кейінгі екі шарт бойынша прокурордың заң бұзушылықтар орын алмағаны туралы қорытындысына сілтеме жасаумен ғана шектелген.
«Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы » Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 1) тармағының 2) тармақшасына сәйкес бейрезидент міндеттемелерін орындамаған немесе толық орындамаған жағдайларда, импорт бойынша есеп айырысуларды жүзеге асыру үшін резидент бейрезиденттің пайдасына аударған ұлттық валютаны және (немесе) шетел валютасын уәкілетті банктердегі банк шоттарына есептеу бойынша аудару қажет.
Аталған заңның 9-бабының 2-бөлігінде көзделгендей, Резидент ұлттық валютаны және (немесе) шетел валютасын экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шартта көзделген мерзімдерде репатриациялауды қамтамасыз етуге міндетті.
Осы талаптарды орындамаған жағдайда ӘҚБтК-нің 251-бабының 2) тармақшасы бойынша әкімшілік жауаптылық көзделген. «Қазақстан Республикасында экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 30.03.2019 жылғы №42 қаулысымен бекітілген Қағидалардың 2) тармағының 4) тармақшасында көзделгендей, репатриациялау мерзімі - экспорттаушы немесе импорттаушы тараптардың экспорт немесе импорт жөніндегі валюталық шарт бойынша міндеттемелерін орындау талаптары негізінде есептейтін : экспорт күні мен экспортты төлеуге валюта келіп түскен күн; импорт бойынша төлем және (немесе) ақша аударымы күні мен бейрезидент міндеттемелерін орындамаған және (немесе) толық орындамаған жағдайда импорт бойынша пайдаланылмаған аванстық төлем қайтарылған күн, импорт бойынша төлем және (немесе) ақша аударымы күні мен валюталық шартта пайдаланылмаған аванстық төлемді қайтару мерзімі болмаған жағдайда импорт күні арасындағы уақыт кезеңі.
Жергілікті соттармен әкімшілік істі қарау барысында валюта аударуға және тауарды қабылдауға негіз болған REOAG-2019-02 және REOAG-2021-01 валюталық шарттар бойынша есептік нөмірлер нақты қашан алынғаны, қаржы аудару және репатрияциялау мерзімі, оның ұзартылғаны немесе өзгертілгені туралы мәселелер талқыланбаған, аталған шарттар нақты орындалғаны(орындалмағаны) анықталмаған, валюталық бақылау құжаттары мен заңды тұлғаны әкімшілік жауаптылыққа тарту мерзімі тексерілмеген, іс банк өкілдерінің қатысуынсыз қаралған.
Сонымен қатар, әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға өкілдерімен ұсынылған REOAG-2019-02 шартына жасақталған тауар жөнелтушіге және ақы төлеушіге қатысты, сол сияқты шарт құны мен мерзімін өзгерту жөніндегі №1 және 2 қосымша шарттардың заңдылығына құқықтық баға берілмеген.
Аталған құжаттар прокуратура тарапынан жүргізілген тексеру кезінде және бірінші сатыдағы сотта зерттелмеген және оларға қандай да болмасын құқықтық баға берілмеген.
Апелляциялық сатыдағы соттың ЖШС-тің тарапынан 515 дана бұрғылау штангасын сатып алу туралы валюталық шарт бойынша репатрациялау мерзімі бұзылмағаны, аталған шарттың мерзімінде және тиісті дәрежеде нақты орындалғаны, яғни ЖШС-тің әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық оқиғасы жоқтығы туралы тұжырымы істің мән-жайлары мен дәлелдемелерге сәйкес келмейді.
ӘҚБтК-нің 829-14-бабының 2-бөлігіне сәйкес сот қаулысы заңды
және негізделген болуға тиіс.
Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы аталған заң талаптарына
сай келмегендіктен күші жойылуға жатады.
Айтылғандар негізінде кассациялық алқа құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты апелляциялық сатыдағы соттың қаулысының күші жойылуға, іс жаңадан сол соттың қарауына жолдануға жатады деп санайды.
Істі жаңадан қарау барысында жоғарыда аталған мәселелерге назар аударылып, істі тиісті банк өкілдерінің қатысуымен жан-жақты қарап, негізді және заңды шешім шығарылуы тиіс.
Кассациялық наразылық ішінара қанағаттандырылуға жатады. Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 851-бабын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
«Бұрғылау компаниясы «Великая Стена» (Ақтау) жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19 шілдедегі қаулысының күші жойылсын.
Әкімшілік іс Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының жаңадан қарауына жолдансын. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының кассациялық наразылығы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Е.Мәукен
Судьялар
Н.Құрманғалиев
Г.Исамберлиева Г.Исамберлиева
Көшірмесі дұрыс Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.