Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 17.11.2025 по делу 6003-25-00-2к/1725 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/1725

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 17 қараша Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Н.Б.Ормаханов, судьялар А.К.Рамазанова, А.К.Есдаулетов,

талап қоюшы К.А.Садыковтың және оның өкілі С.Т.Косумбетовтың, жауапкердің өкілі А.И.Алдажаровтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Кошкарбай Амреевич Садыковтың жауапкер «Жаңақорған шипажайы» акционерлік қоғамына келісім шартының бөлігін жарамсыз деп тану, материалдық залал мен моральдық зиянды өндіру туралы талап қоюы бойынша Жаңақорған аудандық сотының 2024 жылғы 11 желтоқсандағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 ақпандағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы К.А.Садыков аталған талап қоюмен сотқа жүгіп, онда 2024 жылдың қыркүйек айының 19 мен 26 күндері аралығында «Жаңақорған шипажайы» акционерлік қоғамының №81 бөлмесіне орналасып, 8 күн ем қабылдағанын, 2024 жылғы 21 қыркүйекте аталған бөлмеге қол сағатын тастап, ем қабылдауға шығып кеткенде, сағаты жоғалғанын, аталған сағатты жауапкердің қызметкерлері алды деп есептейтінін көрсетіп, 2024 жылғы 19 қыркүйектегі Шипажайлық-курорттық емдеу қызметтерін көрсетудің өтемақылы келісім шарттың 4.1 бөлігін жарамсыз деп тануды және жауапкерден сағаттың құны 169 990 теңге мен 3 000 000 теңге моральдық зиянды өндіруді сұраған.

Жаңақорған аудандық сотының 2024 жылғы 11 желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы шағымында қабылданған сот актілерімен келіспей, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына байланысты олардың күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа сот актісін шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі -АҚ) 789бабының 1-тармағына сай қонақүй сақтаушы ретiнде, онда тұратын адамның қонақүйге енгізген ақшасын, өзге де валюталық құндылықтары мен бағалы қағаздарын қоспағанда, жоғалу мен бүлiну дүлей күштiң, заттың өз ерекшелiктерi салдарынан не тұратын адамның өзiнiң, оның қасында жүргендердiң немесе оған келушiлердiң кiнәсiнен болған жағдайлардан басқа кезде, бұл туралы ерекше келiсiм жасамай-ақ, заттың жоғалғаны немесе бүлiнгенi үшiн жауап береді.

Осы баптың 2-тармағында қонақүй ақшаның, өзге де валюталық құндылықтар мен бағалы қағаздардың жоғалғаны үшiн олар сақтауға қабылданған жағдайда ғана жауап бередi делінген.

Іс құжаттарынан анықталғандай К.А.Садыков 2024 жылғы 19 қыркүйектегі Шипажайлық-курорттық емдеу қызметтерін көрсетудің өтемақылы келісім шарты негізінде «Жаңақорған шипажайы» акционерлік қоғамының №81 бөлмесіне орналасып, 8 күн, яғни 2024 жылғы 26 қыркүйекке дейін ем қабылдаған.

Талап қоюшының көрсетуі бойынша 2024 жылғы 21 қыркүйекте шамамен сағат 14:30-дан 16:30-ы аралығында ем қабылдап келгеннен кейін бөлмедегі сағаты жоғалған.

Талап қоюшы талабын оқиға болған күні бөлмедегі теледидарды жөндеу үшін маманды шақыруымен, сол аралықта сағатының жоғалғанымен, бұл сағаттың немересінің сыйға тартуы арқылы құндылығымен, жауапкердің әрекетсіздігінің салдарынан жан азабын тартқанымен негіздеген.

Оқиғадан кейін талап қоюшының хабарлауы бойынша жауапкер тарапынан өзіндік тексеру жүргізіліп, электрик Т.Орынхановтан, тазалықшы Ш.Әжектен, аға мейірбике А.Кадировадан жазбаша түсініктер алынған, алайда сағат анықталмаған соң талап қоюшыға құқық қорғау органдарына жүгіну құқығы түсіндірілген.

Өз кезегінде талап қоюшы сағатының жоғалғаны туралы құқық қорғау органына арызбен жүгінбеген, кінәлі тұлға анықталмаған.

Сондықтан талап қоюшының сағатының жоғалуына шипажай қызметкерлерінің кінәсі анықталмауына және қол сағат шипажай әкімшілігіне сақтауға өткізілмеуіне байланысты, соттар сағаттың жоғалғанына «Жаңақорған шипажайы» акционерлік қоғамы жауап бермейді деп дұрыс тұжырым жасап, материалдық залал мен моральдық зиянды өндіру талаптарын қанағаттандырудан негізді әрі заңды түрде бас тартқан.

Сонымен қатар, соттар талап қоюшының жауапкермен жасаған келісім шартының 4.1 бөлігін жарамсыз деп тану туралы талабын қанағаттандырудан дұрыс бас тартқан.

Өйткені тараптар арасындағы келісім шарттың 4.1 бөлігіне сай орындаушы демалушының ақшалай қаражаты мен бағалы заттарын

жоғалтқаны үшін, сондай-ақ қоғамның ақылы тұрағынан тыс орналасқан (тұраққа қойылған, қалдырылған) көлік құралдары үшін жауапты бола алмайды делінген.

Ал талап қоюшы аталған шартқа ерікті түрде қол қойған, дер кезінде шарт талаптарына келіспеушілігін білдірмеген.

Істің мұндай тұрғысында кассациялық сот дауланып отырған сот актілері заңнама талаптарына толық сәйкес келеді деп санайды.

Қабылданған шешімнің негіздері мен себептері дау айтылған сот актілерінде заң нормаларына сілтеме жасалына отырып толық көрсетілген, кассациялық шағымда көрсетілген уәждер соттармен жан-жақты зерттеліп, тиісті баға берілген, жаңа уәждер шағымда келтірілмеген.

Мұндай жағдайда дау айтылған сот актілерінің күшін жоюға негіз жоқ.

Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып,

сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 ақпандағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Н.Ормаханов

Судьялар А.Рамазанова

А.Есдаулетов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.