ҚАУЛЫ
2025 жылғы 29 қыркүйек №6003-25-00-4к/1425 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында:
төрағалық етуші судья – Ж.А.Оспанова, судьялар – Л.Е.Каирбаева, Н.Е.Нуралыева болып, прокурор Н.Молдахановтың,
талап қоюшы «Түркістан жарық-тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Н.Каусбековтің,
жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Түркістан қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілі Б.Т.Асылханның қатысуымен
ашық сот отырысында «Түркістан жарық-тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Түркістан қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне
камералдық бақылау нәтижелері бойынша мемлекеттік кірістер органдары анықтаған тәуекел дәрежесі орташа бұзушылықтарды жою туралы хабараламаларды заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қоюы бойынша қабылданған
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 28 қарашадағы қаулысына жауапкер Басқарманың кассациялық шағымы мен прокурордың кассациялық өтінішхаты бойынша келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Серіктестік жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгінген. Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 3 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 28 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, талап қоюшы «Түркістан жарық-тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің талабын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Түркістан қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Басқарма) кассациялық шағымында және прокурор кассациялық өтінішхатында Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 28 қарашадағы қаулысымен келіспей, оның күшін жоюды сұрап, оны:
Салық кодексінің 48-бабына сәйкес ескіру мерзімі үш жылды құрайтындықтан Мемлекеттік кірістер органдары салық міндеттемесі болған жағдайда ескіру мерзімі ішінде хабарламалар ресімдеуге құқылы екендігімен;
Сот шешімінің заңды күшіне енген күні бұзушылық анықталған күнге теңестірілмейтіндіктен, сондай-ақ қойылған хабарламаны кері қайтарып алу үшін негіз бола алмайтындығымен;
Салық кодексі мен Кәсіпкерлік кодексте және Нормативтік қаулыда хабарламаның ресімдеу мерзімін өткізіп алу салдары, оны заңсыз деп тануға негіз бола алмайтындығымен негіздеген.
Кассациялық өтінішхатта облыс прокуроры материалдық құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуына және соттың қорытындысының іс жүзіндегі мән-жайларға сәйкес келмеуіне сілтеме жасай отырып, апелляциялық сатының сот актісін күшін жоюды және бірінші сатының шешімін қалпына келтіруді сұраған. Жауапкер өкілінің кассациялық шағымды қолдаған және талап қоюшының сот актілерін өзгеріссіз қалдыру туралы уәждерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын, шағым уәждерін зерттеп, кассациялық сатыдағы сот төмендегідей тұжырымға келді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің – (бұдан әрі АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-тің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-тің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, даулы хабарламалардың қабылдануына Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының (бұдан әрі-МАЭС) 2023 жылғы 12 шілдедегі шешімімен «ШымТоргСтрой» ЖШС-нің мемлекеттік тіркеуінің жарамсыз деп танылуы негіз болған.
Осы сот шешімнің негізінде Басқарма 2023 жылғы 15 желтоқсанда Серіктестікке камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы №5820VD400002, №5820VD400001 хабарламаларды жолдаған.
Бұл хабарламаларда талап қоюшыға тіркелуі жарамсыз деп танылған салық төлеушімен өзара есеп айырысу бойынша қосылған құн салығының 14 325 279 теңге сомасын заңсыз есепке жатқызу, корпоративтік табыс салығы бойынша 26 947 795 теңге заңсыз шегерімге жатқызу бұзушылықтарын жою міндеттелген.
Іс қарау барысында анықталғандай, хабарламаларды талап қоюшыға жолдауға МАЭС-тің 2024 жылғы 22 тамызда заңды күшіне енген шешімі негіз болған.
Ал, дау айтылған хабарламалар 2024 жылғы 15 желтоқсанда, сот шешімі заңды күшіне енгеннен соң үш айдан кейін ғана шығарылған.
Яғни, салық органы тарапынан әкімшілік рәсімді жүргізу тәртібі елеулі түрде бұзылған.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдағанда, Қазақстан Республикасының Салық кодексінің (бұдан әрі – Салық кодексі) 94, 96-бабтарын және 114-бабы 2-тармағының 10)-тармақшасын, ӘРПК-тің 79-бабын, 84-бабының 1 және 2-бөліктерін басшылыққа алып, салық органымен белгіленген мерзімнің елеулі түрде бұзылып, хабарламаның қабылдануы, оның заңсыз деп танылуына алып келеді деген дұрыс қорытындыға келген.
Жауапкердің Салық кодексінің кодексінің 48-бабына сілтеме жасап, осы бапта көзделген мерзім ішінде салық органының хабарламаны қабылдауға құқығы бар деген уәждерін сот назарға алмайды, себебі «талап қою мерзімі» мен «хабарламаны жіберу мерзімі» екі түрлі мерзімдер болып табылады.
Талап қою мерзімінің сақталуы (Салық кодексінің 48-бабы) жауапкерге заңда белгіленген өзге мерзімдерді, оның ішінде Салық кодексінің 114-бабы 2-тармағының 10)-тармақшасында көзделген камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны жолдаудың онкүндік мерзімін бұзуға құқық бермейді.
Жауапкер шағымында сот шешімінің заңды күшіне енген күні бұзушылық анықталған күнге теңестірілуге жатпайтыны жөнінде уәждер келтіргенімен, мұны теріске шығаратын, яғни, салық есептілігіндегі бұзушылықтың салық органымен анықталған күнін бекітетін дәлелдемелерін сотқа ұсынбаған.
Мұндай дәлелдемелер жауапкер тарапынан бірінші сатыдағы сотта және де апелляциялық сатылы сотта да ұсынылмаған. ӘРПК-тің 129-бабының екінші бөлігінің 1)-тармақшасы және үшінші бөлігі негізінде дәлелдеу ауыртпалығын дау айту жөніндегі талап қою бойынша ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні қабылдаған жауапкер көтеретіні көзделген.
Басқарма өзі қабылдаған әкімшілік актінің заңдылығын бекітетін тиісті дәлелдерді іс қарау барысында апелляциялық алқаға ұсына алмаған, сондықтан апелляциялық сатыдағы сот бұл актіні заңсыз деп таныған.
Жауапкердің Салық кодексінде, Кәсіпкерлік кодексте және де Нормативтік қаулыда хабарламаны ресімдеу мерзімін өткізіп алу, оны заңсыз деп тануға алып келетіні көрсетілмегені туралы уәждерін кассациялық сот негізсіз деп есептейді.
Дауланып отырған хабарлама әкімшілік акт ретінде, әкімшілік актіге қойылатын талаптарға сай болуы міндетті. Әкімшілік рәсімнің сақталмауы әкімшілік актіні заңсыз деп тануға алып келеді.
Жоғарыда баяндалған және соттар анықтаған мән-жайлар аясында кассациялық сот апелляциялық сатыдағы соттың жауапкер Басқармаға қатысты талап қоюды қанағаттандыру туралы тұжырымымен келіседі, өйткені дауланып отырған хабарламалардың заңсыздығы істі қарау барысында өз дәлелін тапқан.
Жоғарыда баяндалғандар негізінде сот актісі өзгеріссіз, кассациялық шағым және және прокурордың кассациялық өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылады.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігі 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 28 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Түркістан қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы және прокурордың кассациялық өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Ж. Оспанова
Л. Каирбаева
Судьялар
Н. Нуралыева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.