Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 09.04.2026 по делу 6003-26-00-2к/305 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 9 сәуір №6003-26-00-2к/305 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,

талап қоюшы өкілі Ә.Б.Алибидің, кредитор өкілі М.А.Болтуруковтың бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,

ашық сот отырысында арыз беруші «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер Комитеті Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті Есіл ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Басқарма) борышкер «ТПК Lenex» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (бұдан әрі - Cеріктестік) банкрот деп тану туралы электрондық азаматтық істі кредитор «Яр Трейд» жауапкершілігі шектеулі қоғамының (бұдан әрі - Кредитор) Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 26 қыркүйектегі шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 желтоқсандағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Басқарма сотқа аталған арызбен жүгініп, оны Серіктестіктің төлемге қабілетсіздігімен негіздеген.

Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен арыз қанағаттандырылып, Серіктестік банкрот деп танылған және оған қатысты банкроттық рәсім қозғалған, «Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы Заңында (бұдан әрі - Заң) белгіленген іс шараларды жүзеге асыру міндеттелген.

Кредитор кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, арызды қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.

Жергілікті соттар Занның 1-бабының 31) тармақшасын, 49-бабының 3- тармағының 2) тармақшасын, 56-бабының 1-тармағын, 88-бабының 2-тармағын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс

айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Серіктестік 2019 жылғы 8 қарашада Астана қаласы, Есіл ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында салықтық тіркеуге тұрған, экономикалық қызмет түрі (саласы): ешқандай нақтылаусыз тауарлардың кең ассортиментін қөтерме сату, басшысы және құрылтайшысы М.Д.Лопатин.

2025 жылғы 17 шілдесіне Серіктестіктің бюджет алдында өтелмеген салықтық берешегі 24 305 798 теңгені құраған, оның ішінде негізгі берешек - 11 541 026 теңге, өсімпұл - 10 987 818теңге, айыппұл - 1 776 954 теңге, салықтық берешек 2019 жылғы 15 қарашадағы №99 салықтық тексеріс актісі негізінде пайда болған.

Басқарма тарапынан 2019 жылғы 16 қарашада №14000064031, 2019 жылғы 7 желтоқсанда №14000066065 салық төлеушінің жеке салық кабинетіне «Салық берешегін өтеу туралы хабарлама» жіберілген. 2025 жылғы 29 тамыздағы «Қазақстан Республикасы Әділет Министірлігі атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі» деректер базасының мәліметтеріне сәйкес Серіктестіктен өндіріп алу туралы атқарушылық іс жүргізуді қозғау және бұрын атқарушылық құжаттардың орындалуда болуы туралы ақпарат бар:

  • «ЭФКО АЛМАТЫ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің пайдасына 115 360 теңге (орындаусыз қайтару);

  • «Сбербанк России» Акционерлік қоғамының Еншілес бөлімшесінің пайдасына 2 282 259 теңге (орындауда);

  • Кредитордың пайдасына 18 211 237 теңге және 7 521 685 теңге (екі атқару парағы да орындауда).

Уәкілетті тіркеу органдарының жауаптарына сәйкес Серіктестіктің атына тіркелген жылжымалы және жылжымайтын мүлкі жоқ, салық органы кедендік төлемдер, салықтар және тағы да басқа міндетті төлемдер бойынша берешектерді өндіріп алуды қамтамасыз ету және мәжбүрлеу бойынша барлық қажетті шараларды жасаған, Серіктестіктің мемлекеттік сатып алуға байланысты қолданыстағы шарттары, филиалдары мен өкілдіктері, дебиторлық қарыздары жоқ, басқа заңды тұлғаларға құрылтайшы ретінде қатыспаған. Сонымен қатар, Серіктестік осы уақытқа дейін берешекті өтеу үшін қандай да бір әрекеттер жасамаған, іс жүзінде қызметті жүзеге асырмайды, уәкілетті органмен берешекті мәжбүрлеп өндіру бойынша қабылданған шаралар нәтиже бермеген.

2025 жылғы 29 тамызда Серіктестіктің уақытша басқарушысымен Заңның 49-бабының 2-тармағының 2) тармақшасының негізінде оның қаржылық тұрақтылығы туралы қорытынды жасаудың мүмкін еместігі жөнінде акті жасалған.

Бұндай жағдайда Серіктестіктің қандай да бір қызметінің жоқтығына және соның салдарынан кредиторлық берешекті өтеу мүмкін болатын, кредиторлармен есеп айырысу үшін активтердің жеткіліксіздігіне байланысты жиналған кредиторлық берешекті өтеуге шамасы жоқ, яғни ол дәрменсіз болып табылады деген соттардың қорытындысы дұрыс.

Осыған дейін Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 27 сәуірдегі шешімімен Басқарманың осы тектес арызын қанағаттандырудан бас тартылған.

Заңның 4-бабының 5-тармағына сай кәсіпорынның дәрменсiздiгi борышкерді сот тәртiбiмен банкрот деп жариялау үшін негiз болып табылады.

Істің мұндай тұрғысында арыз қанағаттандырылуға жатады деген жергілікті соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 желтоқсандағы қаулысы күшінде, кредитор «Яр Трейд» жауапкершілігі шектеулі қоғамының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Бастаубаев

Судьялар М.Кадырова Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.