Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 25.02.2026 по делу 6003-25-00-2к/5435 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 25 ақпан №6003-25-00-2к/5435 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші Г.Бастаубаев, судьялар А.Даненова, А.Токсанбаев, талап қоюшының өкілі К.Кожабаев, жауапкердің өкілі Д.Асилбековтің қатысуымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Шолпан Бақытжанқызы Тукболованың (Каратаева) жауапкер Сакен Азимбекович Жолдыбаевқа мүлкінен ақы өндіру туралы талап қоюымен қабылданған Түркістан облыстық сотының азаматтық icтep жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 желтоқсандағы ұйғарымы талап қоюшының кассациялық шағымы бойынша келіп түскен электронды азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Ш.Тукболова (Каратаева) сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюымен жүгінген.

Түркістан облысы Қазығұрт аудандық сотының 2025 жылғы 9 қыркүйектегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Жауапкерге тиесілі, Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Қазығұрт ауылдық округі, Кенен Әзірбаев көшесі, №52 мекенжайда орналасқан ауданы 130,30 шаршы метр тұрғын үй мен алаңы 10.000 га, кадастрлық нөмірі 19289-104-2342 жер учаскесінің (бұдан әрі - даулы мүлік) бастапқы құны 9 471 150 теңге деп белгіленіп, мүліктен талап қоюшының пайдасына 6 429 359 теңге өндірілген. Сот шығындары туралы мәселе шешілген.

Түркістан облыстық сотының азаматтық icтep жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 желтоқсандағы ұйғарымымен шешімінің күші жойылып, іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған.

Кассациялық шағымында талап қоюшы апелляциялық сатыдағы сот процестік және материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, ұйғарымның күшін жойып, шешімді күшінде қалдыруды сұраған. Тараптардың түсіндірмелерін тыңдап, ic құжаттарын және шағым уәждерін зерттеп, сот төмендегі түйінге келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабы 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Апелляциялық сатыдағы сот мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеген.

2021 жылғы 13 желтоқсанда заңды күшіне енген Түркістан облысы Қазығұрт аудандық сотының 2021 жылғы 3 қарашадағы шешімімен талап қоюшы Ш.Каратаеваның талап қоюы ішінара қанағаттандырылып, Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, К.Әзірбаев көшесі, 52 тұрғын үйі ерлі-зайыптылардың бірлескен ортақ меншігі деп танып, даулы үйдің талап қоюшы Ш.Каратаеваның үлесі ½ және жауапкер С.Жолдыбаевтың жылжымайтын мүлікке үлесі ½ бөлігінде мөлшерінде белгіленген. Осы үйді жауапкер С.Жолдыбаевтың меншігінде қалдырылып, жауапкер С.Жолдыбаевтан талап қоюшы Ш.Каратаеваның пайдасына 6 345 205 теңге, мемлекеттік баж шығыны 63 452 теңге, банк комиссиясы 702 теңге, бағалаушының ақылы еңбегіне төленген 20 000 теңге, барлығы 6 429 359 теңге өндірілген.

Сот орындаушы 2022 жылғы 26 қарашадағы қаулысымен жауапкерден талап қоюшының пайдасына 6 429 359 теңге берешек өндіру туралы атқарушылық іс жүргізу қозғалған.

Жауапкермен жалпы 140 000 теңге өтелген.

Талап қоюшы талабын жауапкердің сот шешімімен өндірілген қарызын өтемегенімен негіздеген.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырған кезде Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 299, 317 – баптарын басшылыққа алып, түйіндерін талап қоюшының жауапкердің кепілдегі мүлкінен ақы өндіріп алуға құқылы екендігімен негіздеген.

Апелляциялық сатыдағы сот бұл талап қою азаматтық іс жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайтынын, сот шешімін мәжбүрлеп орындау барысында жылжымайтын мүлкінен өндіріп алуды қолдану туралы арызбен сотқа жүгіну арқылы құқықтары жүзеге асырылатынын, сотпен материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын назарға алып, сот шешімінің күшін жойып, іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы дұрыс тұжырымға келген.

АПК-нің 250-1-бабы 1-бөлігіне сәйкес сот шешімін мәжбүрлеп орындау барысында берешекті өзге мүлік есебінен өндіріп алу мүмкін болмаған кезде не мүлік жеткіліксіз болған кезде өндіріп алушы не сот орындаушысы борышкердің жылжымайтын мүлкіне өндіріп алуды қолдану туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы.

Осы баптың 3-бөлігіне сәйкес осы баптың қағидалары бойынша, борышкер болып табылмайтын кепіл берушінің жылжымайтын мүлкіне не егер жылжымайтын мүлікті борышкер ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша сатып алған болса, өндіріп алуды қолдану туралы өндіріп алушының арызы қаралуға жатпайды.

Бірінші сатыдағы сотпен қолданылған заң нормалары талап қою ісін жүргізу тәртібімен кепілге салынған мүліктен немесе ипотекадан ғана өндіріп алу жүргізілуі мүмкін.

Даулы мүлік кепілге салынбаған, ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша сатып алынбаған. Сот шешімінде талап қоюшының не болмаса басқа тұлғаның кепіл ұстаушы болып табылатыны, қандай құжаттың негізінде кепілге салынғаны көрсетілмеген, сотқа бұл туралы мәліметтер ұсынылмаған.

Осыған байланысты апелляциялық сатыдағы сот талап қою азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайтыны, берешекті өзге мүлік есебінен өндіріп алу мүмкін болмаған кезде не мүлік жеткіліксіз болған кезде борышкердің жылжымайтын мүлкіне өндіріп алуды қолдану бойынша әрекеттер атқарушылық іс жүргізу шегінде жүзеге асырылуға жататыны туралы дұрыс түйін жасаған.

Апелляциялық сатыдағы сотпен процестік және материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылған. Шағымның уəждері сот алқасының ұйғарымының күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылмайды. Сондықтан ұйғарым күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Түркістан облыстық сотының азаматтық icтep жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 желтоқсандағы ұйғарымы күшінде, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші судья Г.Бастаубаев Судьялар А.Даненова А.Токсанбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.