6001-24-00-3гп-534
Қ А У Л Ы
2025 жылғы 4-ақпан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - алқа төрағасы Н.К.Шәріпов, судьялар Б.Р.Ералиева мен Ж.М.Қашқынбаеваның, талап қоюшының өкілі А.Н.Ахметованың,
жауапкердің өкілі К.К.Кашкеновтің қатысуларымен,
талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Комитет) жауапкер «Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті» акционерлік қоғамына (бұдан әрі - Университет) мәжбүрлеп тарату туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19-маусымдағы қаулысына Университеттің келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық ісін қарап,
Комитет сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 18-наурыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19-маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, іс бойынша талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған. Университет мәжбүрлеп таратылған. Сот шығыстары өндірілген.
Өтінішхатта Университет апелляциялық сатыдағы сотпен істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына байланысты даулы сот актісінің күшін жойып, сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Сот алқасы іс бойынша Университет өкілі К.К.Кашкеновтің өтінішхатты қолдаған түсінігін, Комитеттің өкілі А.Н.Ахметованың, дауланған сот актісін күшінде қалдыруды сұраған түсінігін, өтінішхат уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы осы кодекстің 434-бабының 1-бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер болып табылады.
Сот алқасы бұл іс бойынша мұндай негіздер бар деп санайды.
АПК-нің 413-бабының 1-бөлігіне сай сот істi апелляциялық тәртiппен қарау кезiнде бiрiншi сатыдағы сот шешiмiнiң заңдылығы мен негiздiлiгiн толық көлемде тексередi.
Алайда апелляциялық сатыдағы соттың түйіндері іс құжаттары мен материалдық құқық нормаларына сай келмейді.
Іс құжаттарына қарағанда Комитет құзыреті шегінде жоғары оқу орындарына тиісті тексеру, сонымен қатар, ғылым және жоғары білім саласындағы заңнама талаптарына сәйкес келмеген жағдайда лицензиядан айыру туралы функцияларды жүзеге асырады.
Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2020 жылғы 4-желтоқсандағы қаулысымен Университет білім беру қызметін жүргізу құқығына берілген лицензиядан айырылып, ол жөнінде Комитет білім беру қызметіне лицензиядан айыру туралы 2021 жылы 29-наурызда № 299 бұйрық қабылдаған.
Жұмыс істеп тұрған жоғары оқу орындарының тізілімінен шығарылғаннан бастап Университет білім беру қызметінің лицензияланатын кіші түрін іске асыратын субъектілер тізбесінен алынған. Сонымен қатар, жауапкердің қоғам түріндегі ұйымдық - құқықтық нысаны сақталған, заңды тұлғаны жою және есептен шығару жүргізілмеген. Комитет, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 49-бабының 2-тармағы 5) тармақшасына және «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 40-бабы 2-1-тармағына (бұдан әрі- Білім туралы заң) сілтеме жасап, Университетті мәжбүрлеп тарату туралы талап қоюмен сотқа жүгінген. Бірінші сатыдағы сот, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырып, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының № 1 қосымшасының «Білім беру саласындағы қызметті лицензиялау туралы» 3-бөліміне сәйкес қосымша білім беру саласындағы қызметпен айналысу қызметі лицензияның болуын талап етпейді деп көрсеткен.
Апелляциялық сатыдағы сот алқасы, соттың бұл түйіндерімен келіспей, талап қоюды қанағаттандырып, Университет лицензиядан айырылған сәттен бастап оның құқықтық қабiлеттiлiгi, яғни оның азаматтық құқық субъектілігі тоқтатылады және ол таратылуға жатады деген түйінге келген.
Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 269-бабының 2-тармағына байланысты медицина және фармацевтика қызметкерлерінің үздіксіз кәсіптік даму нәтижелері қосымша және формальды емес білім алу, кәсіптік даму бойынша өзге іс-шаралар, құзыреттілік деңгейі, жұмысының практикалық өтілі туралы кәсіптік тіркелімнің есепке алу деректері негізінде расталады.
Кодекстің 221-бабының 6-тармағына сай денсаулық сақтау саласындағы мамандардың қосымша білім мен дағдылар көлемін алуы қосымша және формальды емес білім беру арқылы жүзеге асырылады.
Жауапкердің бiлiм беру қызметiмен айналысуға лицензиясы болғаны тараптармен жоққа шығарылмаған.
Университет 1963 жылдан бері құрылып, 60 жыл бойы білім беріп, оның ішінде медициналық мамандардың біліктілігін арттырумен айналысқан.
«Денсаулық сақтау саласындағы мамандарға қосымша және формальды емес білім беру қағидаларын, денсаулық сақтау саласындағы қосымша және формальды емес білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарға қойылатын біліктілік талаптарын, сондай-ақ қосымша және формальды емес білім беру арқылы денсаулық сақтау саласындағы мамандар алған оқудың нәтижелерін тану қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21-желтоқсандағы № ҚР ДСМ-303/2020 бұйрығының 2-тармағы 2) тармақшасына сәйкес біліктілікті арттыру - бұрын алған кәсіптік білімдерін, іскерліктері мен дағдыларын қолдауға, кеңейтуге, тереңдетуге және жетілдіруге, сондай-ақ негізгі мамандық ішінде жаңа (қосымша) құзыреттерді игеруге мүмкіндік беретін қосымша білім беру нысаны болып табылады.
«Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының № 1 Қосымшасының «Білім беру саласындағы қызметті лицензиялау туралы» 3-бөліміне сәйкес қосымша білім беру саласындағы қызметпен айналысуға лицензияның болуы талап етілмейді.
Демек, алқа, бірінші сатыдағы сот қосымша білім беру саласындағы қызметпен айналысуға лицензияның болуы қажет емес деген түйінге дұрыс келген деп есептейді.
Сонымен қатар, Білім туралы заңның 40-бабының 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес білім беру ұйымдарында бiлiм беру қызметiмен айналысу құқығы лицензиялауды талап етпейтін білім беру қызметінің кіші түрлері үшін – заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеген сәттен бастап туындайды деп көрсетілген.
Яғни, Университетке қосымша білім беру саласындағы қызметпен айналысу мемлекеттік тіркеген сәттен бастап туындаған және оған лицензияның болуы қажет болмаған.
Сол себепті алқа, апелляциялық сатыдағы сот талап қоюшының талабымен келісіп, жаңа шешім қабылдап, Университетті мәжбүрлеп тарату керек деген түйінге негізсіз келген деп есептейді, өйткені ол Университеттің лицензия қажет ететін білім беру қызметінен бөлек, оның болуын қажет етпейтін білім беру қызметімен қатар айналысатынын ескермеген. АПК-нің 65-бабының 3-бөлігі бойынша істің заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиіс мән-жайлардың ешқандай басқа дәлелдемелермен расталуы мүмкін емес.
Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы өтінішхатта келтірілген уәждермен келіседі, себебі апелляциялық сатыдағы сот істің мән-жайын толық, жан-жақты және объективті түрде тексермеген, жиналған дәлелдемелерге материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес дұрыс баға бермеген, сол себепті бірінші сатыдағы соттың шешімінің күшін жою туралы қаулыны заңсыз және негізсіз қабылдаған.
АПК-нің 68-бабының 1-бөлігіне сай әрбір дәлелдеме оның қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы ескеріле отырып, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан бағалануға тиіс.
Істің мұндай тұрғысында апелляциялық сатыдағы соттың түйіндері істің мән-жайларына сәйкес келмейді, сол себепті қаулының күші жойылып, бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылады.
АПК-нің 109-бабының 3-бөлігіне сай, істі кассациялық сатыдағы соттың қарауы үшін өтініш берген кезде Университет мемлекет кірісіне 923 теңге мемлекеттік баж төлеген, бірақ талап қоюшының мемлекеттік баж төлеуден босатылуына байланысты, мемлекеттік баж мемлекет кірісінен Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексінің 108-бабының талабы бойынша қайтарылуға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19-маусымдағы осы іс бойынша шығарған қаулысының күші жойылып, Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 18-наурыздағы шешімі күшінде қалдырылсын.
«Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті» акционерлік қоғамының пайдасына қайтарым ретінде 923 (тоғыз жүз жиырма үш) теңге мемлекеттік баж мемлекет кірісінен қайтарылсын.
«Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті» акционерлік қоғамының өтінішхаты қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
Н.К.Шәріпов Б.Р.Ералиева Ж.М.Қашқынбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.