ВС РК - Постановление от 09.10.2024 по делу 6001-24-00-3гп/406 (Гражданское)

6001-24-00-3гп/406

Қ А У Л Ы

2024 жылғы 9 қазан

Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа төрағасы Н.К. Шәріпов, судьялар Е.Ж. Айтжанов, Б.Ж.Тоқтарова,

А.П.Джумамурадова, оның өкілі М.Тугелбаев, жекеше нотариус С.Н.Смагулова, А.С.Рыскалиевтің өкілі – А.Е.Кустанов, аудармашы К.Б. Мурсалимованың қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында өткізілген ашық сот отырысында

талап қоюшылар Айбике Палтамуратовна Джумамурадова, Жайнагүл Жангалиқызы Тыныстық, Нұржан Жанғалиұлы Тыныстық, Жігер Жанғалиұлы Тыныстықтың жауапкерлер Ақтау қаласының жекеше нотариусы Салия Насипкалиевна Смагуловаға, Ержан Габитович Нурбосиновқа, Айбек Адайұлы Адайға мұраны қабылдау туралы арызды, мұраға құқық беру туралы куәліктерді, сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы,

талап қоюшы Ануар Сарсенгалиевич Рыскалиевтің жауапкерлер Айбике Палтамуратовна Джумамурадова, Жайнагүл Жангалиқызы Тыныстық, Нұржан Жанғалиұлы Тыныстық, Жігер Жанғалиұлы Тыныстыққа мұрагерлерден қарыз сомасын өндіру туралы талап қоюы бойынша қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған,

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30 қаңтардағы қаулысын қайта қарау туралы А.С.Рыскалиевтің өкілі – А.Е.Кустановтың келтірген өтінішхатын азаматтық іс материалдарын зерделеу арқылы қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:

А.П.Джумамурадова, Ж.Ж.Тыныстық, Н.Ж.Тыныстық, Ж.Ж.Тыныстық жоғарыда аталған талап қоюымен сотқа жүгініп, онда Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 159-бабының 7, 8, 9-тармақтарының талаптарына сілтеме жасап, мұраны қабылдау туралы, мұраға құқық беру туралы куәліктерді, ЖШС-нің жарғылық капиталдарын және автокөлікті сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тануды сұраған.

А.С.Рыскалиев жоғарыда аталған талап қоюымен сотқа жүгініп, онда қайтыс болған Ж.Т.Асабаевтың мұрагерлерінен 36 330 578 теңге қарыз сомасын өндіруді сұраған.

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының № 2 сотының 2023 жылғы 31 қазандағы шешімімен А.П.Джумамурадова, Ж.Ж.Тыныстық, Н.Ж.Тыныстық, Ж.Ж.Тыныстықтың талаптары ішінара қанағаттандырылған.

А.П.Джумамурадова мен Е.Г.Нурбосиновтың арасында жасалған 2021 жылғы 1 қазандағы «Aktobe ROM Group» ЖШС-нің жарғылық капиталының 100% үлесін, «КазЭкоСтройАктобе» ЖШС-нің жарғылық капиталының 100% үлесін, 2021 жылғы 1 қазанда «БИЛДИН ТРЕЙД-СК» ЖШС-нің жарғылық капиталының 100% үлесін сатып алу-сату шарттары жарамсыз деп танылған.

А.Н.Джумамурадова мен А.А.Адайдың арасында жасалған 2021 жылғы 19 қазандағы «KIA К5» маркалы, 2021 жылы шығарылған, түсі сұр, мемлекеттік нөмірі 331ABL12 автокөлікті сатып алу-сату мәмілесі жарамсыз деп танылған.

А.С.Рыскалиевтің талап қоюы қанағаттандырылған.

Жауапкерлер А.П.Джумамурадова, Ж.Ж.Тыныстық, Н.Ж.Тыныстық, Ж.Ж.Тыныстықтан талап қоюшы А.С.Рыскалиевтың пайдасына ортақтасқан тәртіпте 36 330 578 теңге қарыз сомасы өндірілген.

Сот шығыстары өндірілген.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30 қаңтардағы қаулысымен аудандық соттың шешімі өзгертіліп, шешімнің талаптарды қанағаттандыру бөлігінің күші жойылып, бұл бөлігінде талап қоюларды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған.

Өтінішхатта арызданушы апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспей, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған. Өтінішхат уәждерінде апелляциялық сатыдағы сотпен іс бойынша тапсырылған дәлелдердің толық зерттелмегенін, дұрыс баға берілмеу себебінен заңсыз шешімнің қабылданғанын, талап қоюшының уәждерінің негізсіз екенін, аудандық сот А.С.Рыскалиевтің талап қоюы орыс тілінде берілуіне қарамастан, екі тілдегі азаматтық істерді біріктіріп, біріктірілген азаматтық істі қазақ тілінде қарап, шешім шығарғанын мәлімдеген.

Сот алқасы іс бойынша А.С.Рыскалиевтің өкілінің өтінішхатты қолдаған түсініктерін, А.П.Джумамурадованың, оның өкілі М.Тугелбаевтың, жекеше нотариустың дауланған сот актісін күшінде қалдыру туралы пікірін тыңдап, өтінішхаттың уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жергілікті соттар тарапынан жол берілген.

АПК-нің 14-бабының 2-бөлігіне сәйкес, сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою арызы (арыз) берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді.

Аталған азаматтық іс бойынша іс жүргізу бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады.

Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолданудың кейбір мәселелері туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 22 желтоқсандағы № 13 нормативтік қаулысының 3 тармақтағы берілген түсініктемесіне сәйкес АПК - нің 14-бабының талаптарына сәйкес сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою арызы (арыз) берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді.

Яғни, сот істі сот талқылауына дайындау барысында талап қоюшының (арыз берушінің) талап арыз (арыз) берілген тілді жеткілікті дәрежеде білетіндігін, сот ісін жүргізудің мәні мен мағынасын түсінетіндігін анықтауға тиіс. Сот талап қоюшыдан (арыз берушіден) тиісті жазбаша өтінішхат түскен жағдайда сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді ұйғарым шығарады. Тараптардың тең құқықтылығы қағидатын ескере отырып, сот осы мәселе бойынша жауапкердің де пікірін анықтауға міндетті.

Істің материалдарын зерделеуде көрсеткендей, бірінші сатыдағы сот істі сот талқылауына дайындау барысында аталған іс жүргізу құқық нормаларының талаптарын сақтамай, сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолдану мәселесін шешпеген.

Азаматтық іс құжаттарынан анықталғандай, талап қою А.С.Рыскалиевпен орыс тілінде берілген, сондықтан Ақтөбе қалалық сотының 2022 жылғы 29 желтоқсандағы ұйғарымымен сот ісін жүргізу тілі орыс тілі болып белгіленген.

Ақтөбе қалалық сотының 2023 жылғы 25 сәуірдегі шешімімен

А.С.Рыскалиевтің талабы қанағаттандырылған.

Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 5 шілдедегі қаулысымен аудандық соттың шешімінің күші жойылып, іс соттылығы бойынша Маңғыстау облысы Ақтау қаласының № 2 сотына жолданған.

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының № 2 сотының 2023 жылғы 20 қыркүйектегі ұйғарымымен талап қою қабылданып, сот ісін жүргізу тілі орыс тілі деп белгіленген.

Алайда, осы сот өзінің ұйғарымымен АПК-нің 14-бабының 2-бөлігінің талаптарын бұза отырып, А.С.Рыскалиевтің орыс тіліндегі талап қоюы бойынша қозғалған азаматтық ісін талап қоюшылар А.П.Джумамурадова, Ж.Ж.Тыныстық, Н.Ж.Тыныстық, Ж.Ж.Тыныстықтың мұраны қабылдау туралы арызды, мұраға құқық беру туралы куәліктерді, сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап қою бойынша қазақ тілінде қозғалған азаматтық іспен біріктірген.

Сот ұйғарымы қазақ тілінде шығарылған.

Сондай-ақ, аудандық сот А.С.Рыскалиевтің талап қоюы орыс тілінде берілуіне қарамастан, екі тілдегі азаматтық істерді біріктіріп, біріктірілген азаматтық істі қазақ тілінде қарап, шешім шығарған.

Бұдан басқа, апеляциялық сатыдағы сотпен сот талқылауының уақыты мен орны туралы хабарлама тиісінше орындалмауына байланысты құқықтық норма талаптарының бұзылуына жол берілген.

Апелляциялық сот алқасы дауды мәні бойынша қарау барысында, істі А.С. Рысқалиев пен оның өкілі болмаған кезде қараған. Яғни, сот талқылауының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланбағандықтан, апеляциялық сатыдағы сот актісінде оның құқықтары және мүдделері қозғалған.

Сонымен қатар, 2019 жылғы 10 тамыздағы заем шартқа сәйкес А.С.Рыскалиев Ж.Т.Асабаевқа қарызға 36 330 578 теңге берген, соңғысы қаражатты 2022 жылғы 11 тамызға дейін қайтаруға міндеттенген. Аталған мәміле заңды күшінде, себебі істі қарау кезінде ешкіммен дауланбаған.

Ж.Т.Асабаев 2021 жылғы 5 шілдеде қайтыс болған.

Ж.Т.Асабаевпен қайтыс болғанға дейін аталған қарыз А.С.Рыскалиевке қайтарылмаған.

2021 жылғы 9 қыркүйекте нотариус С.Н.Смагуловамен қайтыс болған Ж.Т.Асабаевтың мұрагерлері А.П.Джумамурадоваға және оның кәмелетке толмаған үш баласына мұраға құқық беру туралы куәліктері беріліп, олармен мұра қабылданған.

Мұрагерлік бойынша мұрагерлерге өткен мүліктер қайтыс болған Ж.Т.Асабаевтың меншігінде болған, ал мұра қалдырушының мүліктік және мүліктік емес құқықтары мен міндеттемелері оның мирасқорларына өткен.

АК-нің 1081-бабына сәйкес мұра қалдырушының кредит берушiлерi өздерiнiң мұра қалдырушының мiндеттемелерiнен туындайтын талаптарын өсиеттi орындаушыға (мұраны сенімгерлікпен басқарушыға) немесе әрбір мұрагерге ауысқан мүлiк құнының шегiнде ортақ борышқорлар ретiнде жауап беретiн мұрагерлерге қоюға құқылы.

Егер мұра алған мұрагерлер мұраның құрамына кіретін мүлікті немесе оған құқықтарды тіркеуден жалтарған жағдайда, мұра қалдырушының кредиторлары мәжбүрлеп тіркеуді талап етуге құқылы.

Жоғарыдағылардың негізінде, алқа жергілікті соттармен істі қарау кезінде кеткен аталған кемшіліктерді кассациялық сатыдағы сот жоя алмауына байланысты даулы сот актілерін күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың қағидаларына сәйкес, апелляциялық сатыдағы сотқа істі мәні бойынша жаңадан қарауға жіберуге жатады деген тұжырымға келді.

Аталған істерді жаңадан қарау кезінде көрсетілген кемшіліктерді жою керек. Атап айтқанда, тараптардың берген барлық дәлелдері мен олар ұсынған құжаттарды толыққанды қарап туындаған құқықтық қатынастарға дұрыс баға беруді, іс бойынша объективті және заңда көзделген өзге де

шараларды қабылдауды, сонымен қатар біріктірілген істерді бөліп сот ісін жүргізу тілін анықтап мәні бойынша қарауды қамтамасыз ету қажет.

АК-нің 1081-бабын бабының ережелерін басшылыққа ала отырып А.С. Рысқалиевтің талап қоюын мұрагерлерге өткен мұраның құнын анықтау қажет.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының № 2 сотының 2023 жылғы 31 қазандағы шешімінің, Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30 қаңтардағы қаулысының күші жойылсын.

Іс бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына судьялардың өзге құрамында мәні бойынша жаңадан қарауға жіберілсін. А.С.Рыскалиевтің өкілі А.Е.Кустановтың өтiнiшхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші:

Н.К. Шәріпов Е.Ж. Айтжанов

Судьялар

Б.Ж.Тоқтарова

Көшірмесі дұрыс Судья

Е.Ж. Айтжанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.