6001-25-00-6ап/355
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 12 ақпан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Г.К. Нұрбаев, Е.Ж. Өмірәлиев, жауапкер өкілі С.С.Идрескалиев.,
мүдделі тұлға өкілі С.Е.Дүйсенгалиеваның қатысуларымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот мәжіліс залында талап қоюшы Еркин Кадыржанович Избасаровтың жауапкер Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданының әкіміне дау айту туралы талап қою арызы бойынша қабылданған,
Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 12 желтоқсандағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Е.К.Избасаров өзінің Атырау облысы Теректі ауданы, Ақсогым ауылы, Ақжайық көшесі, 107 үйі тұруға жарамсыз болғандықтан сатып, 2022 жылдан жанұясымен «Нұрлы жол бағбандық серіктестігі №408 жер учаскесіне көшіп келгенін, алайда аталған тұрғын үйі су тасқынынан зардап шеккеніне қарамастан аудан әкімімен құрылған комиссия негісіз тұрғын үймен қамтамасыз етуден бас тартқанымен негіздеген.
Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 5 қыркүйектегі шешімімен талап қоюшының талабы қанағаттандырылған.
Атырау облысы Теректі ауданы бойынша жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен объектілерді және халықты тексеру, келтірілген материалдық шығынын есептеу жөніндегі аудандық комиссиясының 2024 жылғы 10 маусымдағы шешімнің №3 тармағының Еркин Кадыржанович Избасаровқа қатысты бөлігін заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Жауапкерге жіберілген заң бұзушылықты жою және талап қоюшының бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру міндеттелген.
Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 12 желтоқсандағы қаулысымен бірінші ссатыдағы сот шешімінің күші жойылып, талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылданған.
Талапкер Е.К.Избасаров кассациялық шағымында апелляциялық алқа соты істі біржақты қарағанын, материалдық заң нормаларын дұрыс қолданбағанын, дәлелдемелерге тиісті құқықтық баға бермегенін көрсете келе, оның күшін жойып, бірінші саты сотының шешімін өзгеріссіз күшінде қалдыруды сұраған.
Сот алқасы жауапкер өкілі С.С.Идрескалиевтің кассациялық шағым уәждерімен келіспеген пікірін, мүдделі тұлға өкілі С.Е.Дүйсенгалиеваның түсінігін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, қассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Апелляциялық алқа соты тарапынан мұндай кемшіліктер орын алған.
Іс құжаттарына қарағанда, Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданы әкімінің 2024 жылғы 28 наурыздағы № 5 шешімімен аудан бойынша табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған.
Талап қоюшы Е.К.Избасаровтың жеке меншік құқығындағы Теректі ауданы, Подстепный ауылдық округі, «Нұрлы жол» бағбандық серіктестігінде, 408 жер телімінде орналасқан тұрғынжайы 2024 жылғы көктемгі су тасқынынан зардап шеккен.
Талап қоюшы өзіне келтірілген материалдық шығынды өтеу және баспана алуға көмек беру туралы аудан әкімдігімен құрылған комиссияға өтінішпен жүгінген.
2024 жылғы 10 маусымдағы аудандық комиссияның шешімімен төтенше жағдай орын алған уақытта Е.К.Избасаровтың меншік құқығында Теректі ауданы, Ақсоғым ауылы, Ақжайық көшесі, 107 тұрғын үйі тіркелгенін басшылыққа алып, тұрғын үймен қамтамасыз етуден бас тартқан. Сонымен қатар, Комиссия шешімінің 2-тармағына сай Е.К.Избасаровқа жылжымалы мүліктерінің бағаланған құны 150 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде өтеу жөнінде шешім қабылдаған.
Бірінші сатыдағы сот талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда, Е.К.Избасаровтың төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен тұрғын үйден басқа меншік құқығында пайдалануға жарамды өзге тұрғынжайы жоқ екені дәлелденгенін, сонымен қатар, Комиссия талап қоюшыға қатысты қолайсыз шешім қабылдаған кезде объективтілік пен бейтараптық танытпағанын, анықталған мән-жайларды жан-жақты және толық көлемде зерттемей, оған тиісті құқықтық баға бермеген деп тұжырымдаған.
Апелляциялық алқа соты бірінші сатыдағы соттың шешімінің күшін жою туралы шешім қабылдағанда, төтенше жағдай жарияланған кезде талапкердің атына тіркелген басқа тұрғын үйдің апатты жағдайда екендігі туралы техникалық қорытындыға күмән келтіретінін негізге алған.
Сот алқасы апелляциялық саты сотының мұндай тұжырымдарын заңды әрі негізді деп санауға болмайды деп есептейді.
ӘРПК-нің 5-бабына сәйкес, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
ӘРПК-тің 9-бабына сәйкес әркім бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қорғау үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен әкімшілік органға, лауазымды адамға немесе сотқа жүгінуге құқылы.
«Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 58-бабына сәйкес, табиғи сипаттағы төтенше жағдайлармен жеке тұлғалардың денсаулығы мен мүлкіне келтірілген зиян (нұқсан) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен, зардап шеккендердің ең төменгі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажетті шекте өтеледі.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы №1358 қаулысымен бекітілген «Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу Қағидаларының» 2-тармағына сәйкес, жекелеген жағдайларда табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде тұрғынжайға уақытша (маусымдық) тұруға арналған қираған немесе әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында төтенше жағдай жарияланған кезде меншік құқығында басқа тұрғынжайы жоқ меншік иелері және олардың отбасылары үшін тұруға жарамсыз болып қалған құрылыс жатады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 21 қарашадағы №1222 қаулысымен бекітілген «Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беру қағидаларының» 3-тармағының 4)тармақшасына сай осы Қағидалардағы тұрғынжай ұғымына тұрақты тұруға арналған және соған пайдаланылатын жеке тұрғын үй бірлігі (дара тұрғын үй, пәтер, жатақханадағы бөлме, модульдік (мобильді) тұрғын үй), сондай-ақ уақытша (маусымдық) тұруға арналған, қираған немесе Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында басқа тұрғынжайы жоқ меншік иелерінің тұруы үшін жарамсыз болып қалған құрылыс жатады.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Е.К.Избасаровтың меншігіндегі Теректі ауданы, Подстепный ауылдық округі, Нұрлы жол бағбандық серіктестігі, 408 жер телімінде орналасқан тұрғынжай су тасқынынан зардап шеккен. 2024 жылғы 10 маусымдағы аудан әкімдігімен кұрылған комиссияның шешімімен төтенше жағдай орын алған уақытта Е.К.Избасаровтың зардап шеккен баспанасы жалғыз баспана болып табылмағандықтан өтініші қанағаттандырудан бас тартылған.
2024 жылғы 21 маусымда Е.К.Избасаров облыстық комиссияға берген шағымында Теректі ауданы, Ақсоғым ауылы, Ақжайық көшесі, 107 тұрғын үйі апатты жағдайда болуына байланысты ол үйден 2021 жылы көшіп кеткенін, оған дәлел ретінде техникалық қорытындысын ұсынған. Алайда, облыстық комиссия оған тиісті құқықтық баға бермеген.
Төтенше жағдай жарияланған кезде талапкердің меншігіне тіркелген жоғарыда көрсетілген тұрғын үйдің жағдайы «Premium group KZ» ЖШС-нің техникалық қорытындысы бойынша апатты жағдайда екені, ғимараттың физикалық тозуының орташа көрсеткіші 78% құрайтыны және конструкцияларындағы деформациялар мен ақаулар олардың көтергіштігінің жоғалуы көрсетілген.
Бұл техникалық қорытынды тиісті түрде заңсыз немесе негізсіз деп танылмаған, керісінше сотта маман ретінде сұралған Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасының маманы К.С.Ахметовтың көрсетуіне қарағанда аталған сараптама Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 19 қарашадағы №702 бұйрығымен бекітілген «Ғимараттар мен құрылыстардың тұрақтылығын техникалық тексеруді жүзеге асыру» қағидаларына сәйкес жүргізілгені және қорытынды бойынша даулы тұрғынжайды пайдалануға қауіпті екенін көрсеткен.
Аталған тұрғынжайдың апатты жағдайда болуы Е.К.Избасаровтың жанұясымен бірге 2021 жылы көшіп кетуіне негіз болған және оны жергілікті атқару органы жоққа шығармаған.
Сонымен қатар, сотта куә қатарында сұралған ауыл тұрғыны М.К.Сулейменов, 2021 жылы Е.К.Избасаровтың тұрғын үйі мал ұстауға ыңғайлы болғасын сатып алғанын көрсеткен.
Анықталған мән жайлар Е.К.Избасаровтың меншігінде төтенше жағдай жарияланған кезде санитарлық және өзге де құрылыс нормаларына сәйкес келетін, тұруға жарамды басқа тұрғынжайының болмағанын дәлелдейді. Жауапкер тарапынан талап қоюшының жоғарыда көрсетілген уәждерін, соның ішінде техникалық қорытындыны теріске шығаратын қандайда бір дәлелдеме сотқа ұсынылмаған.
Істің бұндай тұрғысында сот алқасы, бірінші сатыдағы соттың Е.К.Избасаровтың талап арызын қанағаттандыру туралы тұжырымдары іс бойынша анықталған нақты мән-жайларға және ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Жоғарыдағылардың негізінде апелляциялық саты сотының тұжырымдары заңсыз әрі негіссіз, істің мән-жайларына және материалдық құқық нормаларына қайшы келетін болғандықтан оның күші жойылып, бірінші сатыдағы соттың шешімі қалпына келтірілуге, ал талапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырылуға жатады деп сот алқасы есептейді. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 6) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 12 желтоқсандағы қаулысының күші жойылып, Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 5 қыркүйектегі шешімі өзгеріссіз күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Еркин Кадыржанович Избасаровтың кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Г.Б. Дуйсенбаев Г.К. Нұрбаев
Судьялар
Е.Ж. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс. Судья
Г.Б. Дуйсенбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.