6001-23-00-6ап/885
Қ А У Л Ы
2023 жылғы 5 қазан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Н.Ү.Қайыпжан,
судьялар Б.Т.Нажмиденов, Ж.Б.Ермағамбетова болып,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының прокуроры
К[...],
жауапкер «Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Алматы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілі М[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Ж[...] жауапкер «Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Алматы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» (әрі қарай - Басқарма) республикалық мемлекеттік мекемесінің бұйрықтарын заңсыз деп тану және өндірілген салық берешегін қайтарып беру туралы әкімшілік ісі бойынша
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 19 қаңтардағы, Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 15 ақпандағы ұйғарымдарына талап қоюшының берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы Ж[...] Басқармаға әкімшілік арызбен жүгініп, Басқарманың 2018 жылғы 13 шілдедегі №12038, 2019 жылғы 10 ақпандағы №21000023134 және 2021 жылғы 17 маусымдағы №21000074107 бұйрықтарын заңсыз деп танып, өндірілген салық берешегін қайтарып беру туралы талап қою арызымен жүгінген.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 19 қаңтардағы ұйғарымымен Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 136-бабы 8- бөлігіне және 138-бабы 15) тармақшасына сәйкес талап қою арызы қайтарылған.
Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 15 ақпандағы ұйғарымымен аталған сот ұйғарымы күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық саты соттарының ұйғарымдарының күшін жойып, оның талап қоюын негізінен қарауға бірінші сатыдағы сотқа жолдауды сұраған.
Әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдікпроцесстік кодексінің (әрі қарай - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Жауапкер өкілінің кассациялық шағымға қарсы пікірін, прокурордың сот актілерін күшінде қалдыру туралы қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, қассациялық сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актісі күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді. ӘРПК-нің 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым Қазақстан Республикасы Азаматтық процесстік кодексінің (әрі қарай - АПК) ережелерімен белгіленеді.
АПК-нің 451-бабының 5-бөлігіне сәйкес, егер сот дұрыс шешім қабылдаған, бірақ осы Кодекстің 427-бабының бірінші және екінші бөліктерінде көзделген бұзушылықтарға жол берілген жағдайда, қаулыда уәждер, материалдық және процестік құқық нормалары көрсетіледі, оларға сәйкес сот актілері өзгеріссіз қалдырылады.
Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
АПК-нің 136-бабының 1-бөлігіне сәйкес дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.
АПК-нің 136-бабының 7-бөлігінің ережелеріне сәйкес дәлелді себеппен өткізіп алынған талап қою арызын сотқа беруге арналған мерзімді сот Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің қағидалары бойынша қалпына келтіруі мүмкін. Талап арызды сотқа беруге арналған мерзімдерді өткізіп алу себептері мен олардың мәнін әкімшілік істің дұрыс шешілуі үшін сот алдын ала тыңдауда анықтайды.
Ж[...] Басқарманың даулы бұйрықтары жөнінде 2018 жылғы 21 тамызда, 2020 жылғы 24 наурызда және 2022 жылғы 13 наурызда атқару өндірістері қозғалғанда белгілі болғандығы анықталды.
Сонымен қатар, даулы салық бұйрықтар бойынша атқару өндірістері 2022 жылғы 15 желтоқсанда, 2021 жылғы 02 қаңтарда, 2022 жылғы 25 сәуірде орындалуына байланысты қысқартылған, осы туралы Ж[...] тиісінше хабардар етілген.
Азаматтық кодекстің 185-бабына сәйкес талап қою мерзімін қалпына келтіру ерекше жағдайларда, талап қоюшының жеке басына байланысты мән-жайларға (ауыр ауру, дәрменсіздік және т.б.) байланысты мерзімі өтіп кеткен жағдайда жүзеге асырылады.
Тиісті талап қою арызымен сотқа уақтылы жүгінуді объективті түрде жоққа шығаратын мән-жайларды сот анықтаған жоқ.
Осыған байланысты, алқа жергілікті соттардың талап қоюшының сотқа мәлімделген талап қою арызымен жүгіну мерзімін өткізіп алу себептерінің негізсіздігі туралы қорытындыларымен келіседі. Сотта оны қалпына келтіруге негіз болған жоқ.
Жергілікті соттардың ӘРПК-тің 138-бабы 2-бөлігінің 15) тармақшасына сәйкес өткізіп алған шағымдану мерзімін қалпына келтіруден бас тартуына байланысты талап арызды қайтаруы заңды.
Сондықтан ұйғарымдардың күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ.
Қазақстан Республикасы ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігінің, АПК-тің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы әкімшілік іс бойынша қабылданған Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 19 қаңтардағы, Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 15 ақпандағы ұйғарымдары күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы Ж[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Н. Қайыпжан Судьялар Б. Нажмиденов
Б. Нажмиденов Ж. Ермағамбетова
Көшірмесі дұрыс Судья
Ж. Ермағамбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.