Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 17.09.2025 по делу 6003-25-00-2к/119 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 17 қыркүйек №6003-25-00-2К/119 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші А.Тоқсанбаев, судьялар А.Даненова, М.Ибрагимова, аудармашы Р.Шайхының, талап қоюшының өкілі А.Жиенбекұлының, жауапкердің өкілі А.Шайкеновтің қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Шалқар» шаруа қожалығының жауапкер «AgroCbit» (Агро Свит) жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне келтірілген залал сомасын өндіру туралы талап қоюымен қабылданған

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 19 қыркүйектегі шешіміне және Жамбыл облыстық сотының азаматтық істері жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 қаңтардағы қаулысына талап қоюшының берген кассациялық шағымы бойынша келіп түскен азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А ДЫ :

«Шалқар» шаруа қожалығы (бұдан әрі - «Шалқар» ШҚ) жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 19 қыркүйектегі шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылып, талап қоюшыдан жауапкердің пайдасына өкілдің көмегіне жұмсалған 1 100 00 теңге өндірілген.

Жамбыл облыстық сотының азаматтық істері жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 қаңтардағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы шағымында, жергілікті соттармен жауапкер екі астық жинақтаушы бункерлерін шарт бойынша толық жетікізу міндеттемесін орындамау салдарынан 2021-2023 жылдары егін жинау науқанында нысаналы мақсатына сай пайдалана алмауына байланысты өзіне 22 693 019 теңге шығын келтіргенін бекітетін дәлелдемелеріне құқықтық баға берілмегенін, осыған байланысты материалдық құқық нормаларыда дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыруды сұрады.

Кассациялық сот шағым уәждерін зерделеп, талап қоюшының өкілі А.Жиенбекұлының шағымды қолдаған түсіндірмесін, жауапкердің өкілі А.Шайкеновтің қарсы пікірін тыңдап, төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот шешімі күшінде қалдыруға жатады деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 449-бабының 1-бөлігіне сәйкес, істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның, наразылықтың дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс құжаттарына қарағанда, «Шалқар» ШҚ Шалкар Кураганович Токеев және «AgroСвіт (Агро Свит)» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі – «AgroСвіт (Агро Свит)» ЖШС) арасында 2021 жылғы 20 мамырда ауылшаруашылығы техникасын (астық бункер жинағыш тіркемесі) сатып алу-сату туралы №31 шарт жасалған (бұдан әрі - шарт).

Шарттың №1 қосымшасына сәйкес, жауапкер бағасы 43 900 000 теңге тұратын, жалпы құны 87 800 000 теңгеге ООО «Завод Кобзаренка» (Украина) өнімі екі дана ПБН 50 астық жинақтаушы бункерді : көлемі 50м3, жүк көтергіші 40,7 тонна (жүріс бөлігі Италия), доңғалақтары 22,5 (40 км/сағат болғанда жүктеме 6,63 тонна), 5 қабатты рессоры, түсіру бұрандасы 600 мм. Тент жүйесі еңіс (Кобзаренка зауыты), GPS бойынша мәліметтерді беру арқылы салмақ жүйесі, ПВХ-дан жасалған муфталы 500 мм (сепкіштерді тиеуге арналған) ұзындығы 5 метр саны екі дана жең жабдықтарымен жеткізу міндетін алған.

2021 жылғы 28 мамырда талап қоюшы тауарларға толық төлем жасаған. Өз кезегінде, жауапкер бірінші тауарды 2021 жылғы 2 шілдесінде, ал екінші тауарды 2021 жылғы 30 шілдесінде жеткізген.

Талап қоюшы, жауапкер шартта көзделген міндеттемесін бұзып, шарттың талаптарына және техникалық параметрлерге сай келмейтін техника жеткізгенін, астық жинақтаушы бункерлерді 2021-2023 жылдар аралығында егін жинау науқанында өз мақсатына сай пайдалана алмағандықтан шығындалғанын көрсетіп, жауапкерден 22 693 019 теңге материалдық залал өндіруді сұраған.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 917-бабының 1-тармағына сәйкес, азаматтар мен заңды тұлғалардың мүлiктiк немесе мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарына заңсыз iс-әрекеттермен (әрекетсiздiкпен) келтiрiлген (мүлiктiк және (немесе) мүлiктiк емес) зиянды, оны келтiрген тұлға толық көлемiнде өтеуге тиiс. Осы баптың 2-тармағына сай зиян келтiрушi, осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, егер зиян өзiнiң кiнәсiнен келтiрiлмегендiгiн дәлелдесе, оны өтеуден босатылады.

АК-нің 9-бабының 4-тармағына сәйкес құқығы бұзылған адам, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, өзiне келтiрiлген залалдың толық өтелуiн талап ете алады. Құқығы бұзылған адам жасаған немесе жасауға тиiстi шығыстар, оның мүлкiнiң жоғалуы немесе зақымдануы (нақты нұқсан), сондай-ақ сол адамның құқығы бұзылмаған болса, дағдылы айналым жағдайында оның алуына болатын, бiрақ алынбай қалған табыстары (айрылып қалған пайда) залалдар деп түсiнiледi.

Талап қоюшы уәждері бойынша жинақтаушы бункерді пайдалану тиімділігінің экономикалық есебіне түсіндірмесіне сәйкес аталған бункерді пайдаланғанда жерді жыртуға, қосымша техника мен жұмыс күші қажеттігі болмайтындығы, жанар-жағармайға шығын болмайтындығы көрсетілгені, жауапкер жеткізген астық жинақтаушы бункерлерді 2021-2023 жылдар аралығында егін жинау науқанында өз мақсатына сай пайдалана алмай, нәтижесінде көрсетілген кезеңде 22 693 019 теңгеге шығындалғанын, атап айтқанда: жерді жыртуға жанар-жағармайға: 2021 жылы – 3 581 083 теңгеге, 2022 жылы – 4 946 260 теңгеге, 2023 жылы – 6 875 676 теңгеге, жалпы – 15 403 019 теңгеге; механизаторлардың еңбегіне ақы төлеу бойынша 2021 жылы – 2 880 000 теңгеге, 2022 жылы – 1 980 000 теңгеге, 2023 жылы – 2 430 000 тенгеге, жалпы – 7 290 000 теңгеге шығын болған деп көрсеткен. Бұл уәждерінің дәлелі ретінде талап қоюшы комбайнға жаратылған жанаржағармайдың есебін, әлеуметтік салықты төлегені туралы төлем тапсырмаларын, 2022-2023 жылдары жұмысшыларға жалақы төлеуге жұмсалған шығындарды растайтын құжаттарды, электронды шотфактураларды және 2023 жылға нақты шығын есебін ұсынған. Т.Рысқұлов ауданы Құлан ауылдық округі әкімінің «Шалқар» ШҚ 2021-2023жылдардағы егістік көлемі туралы 2024 жылғы 14 наурыздағы анықтамасында «Шалқар» ШҚ-ғы егін және мал шаруашылығы айналысатыны, 2021 жылы-7500 га күздік бидай егіп, әр 1 га-дан 10 ц/га өнім алғаны, 3000 га жаздық арпа егіп, әр 1 га-дан 8 ц/га өнім алғаны, 2727 га мақсары арпа егіп, әр 1 га дан 4,5 ц/га өнім алғаны; 2022 жылы-5500 га күздік бидай егіп, әр 1 га дан 24,9 ц/га өнім алғаны, 1545 га жаздық арпа егіп, әр 1 га дан 25,3 га ц/га өнім алғаны; 2023 жылы-6724 га күздік бидай егіп, әр 1 га дан 12 ц/га өнім алғаны, 3000 га жаздық арпа егіп, әр 1 га дан 10 ц/га өнім алғаны көрсетілген.

Талап қоюшының пікірінше жинақтаушы бункердің функциясына барлық жұмыс, яғни жерді жырту, механизаторлардың жұмысы кіреді.

Жинақтаушы бункерді пайдалану тиімділігінің экономикалық есебінің түсіндірме хатында аталған техника егін жинау уақытын 30-40 пайызға қысқартатыны, ауылшаруашылығы жұмыстарына тартылған комбайндар санын қысқартатыны, қызметкерлердің жұмыс уақытын тиімді пайдалануы туралы және бункер комбайнның артына тіркеліп, оның соңынан жүреді деп көрсетілген. Жергілікті соттар бұл түсіндірмеде қосымша техника және

жұмыс күші қажет етпейтіні жайлы көрсетілмегенін ескеріп, талап қоюшының бункер барлық жұмысты атқаратыны туралы уәжін дұрыс назарға алмаған.

Т.Рысқұлов ауданы Құлан ауылдық округі әкімінің анықтамасында «Шалқар» ШҚ-ғы ауылшарушылығы жұмыстардың нәтижесінде табыс алғанын, залал көрмегені хабарланған.

Бұл ретте, жергілікті соттар, талап қою негіздемесі шегінде, яғни талап етілген үш жылдағы шығындар көрсетілгендіктен, ол жылдары ШҚ-на өнімнен табыс түскені анықтаған. АК-нің 9-бабы мен 917-бабында келтірген зиянды өтеу негіздері көрсетілген.

«AgroCвiт (Агро Свит)» ЖШС-нің іс-әрекеттерімен немесе әрекетсіздіктерімен және келтірілген зиян арасындағы себепті байланыс анықталмаған.

Шарттың 9.7-тармағына сай, егер өнім беруші сапасыз тауарды жеткізсе және жол берілген бұзушылықтарды мерзімінде түзетпесе, онда сатып алушы біржақты тәртіппен шартты орындаудан бас тартуға және хабарлама жіберу арқылы шартты бұзуға құқылы. Егер сатып алушы алдын ала төлем жасаған болса жеткізуші барлық алынған ақшаны қайтаруға міндетті.

Талап қоюшы шарттың аталған тармағына сәйкес әрекет жасамаған. Мұндай жағдайда, жоғалтқан пайданы өндіру талап негізсіз болып табылады, өйткені, талап қоюшы тауарды кемшілігі болса оны жоюды үш жыл күтпей қабылдамауға немесе шартты біржақты бұзып, төленген қаражатын талап етуге құқығы болған.

Осылайша, соттар жергілікті соттар істің мән-жайын толық анықтап, анықталған мән-жайларға дұрыс баға беріп, заң нормаларын дұрыс қолданып, негізді шешім қабылдаған. Кассациялық шағым уәждерінің іс бойынша анықталған мән-жайларға құқықтық баға бергенімен келіспеуі, АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сай заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарауға негіз болып табылмайды.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 19 қыркүйектегі шешімі және Жамбыл облыстық сотының азаматтық істері жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 қаңтардағы қаулысы күшінде, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

А.Тоқсанбаев

А.Даненова

М.Ибрагимова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.