Қ А У Л Ы
2025 жылғы 18 қыркүйек №6003-25-00-2к/536 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,
талап қоюшы өкілі Э.Ж.Сатыбалдиеваның, жауапкер өкілдері Н.К.Нургалиева мен Б.У.Уразовтың, үшінші тұлғалар өкілдері А.Сембаевтың және С.У.Абилхайровтың бейнебайланыс арқылы қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі - Қоғам) жауапкер «Мурагер и Н» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - Cеріктестік) жылжымайтын мүлік объектісіне жүргізілген тіркеудің күшін жою арқылы тіркеу барысында жіберілген қателерді түзеу туралы азаматтық істі талап қоюшының Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 8 қазандағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 қаңтардағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Қоғам аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны жылжымайтын мүлікті тіркеу кезінде кеткен қателерді түзету қажеттілігімен негіздеген.
Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Қоғам кассациялық шағымында талапта мәмілені жарамсыз деп тану сұралмағанын, «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 32-бабының 3- тармағымен тіркеуші органның тіркеу кезінде жіберілген қателерге түзетулер енгізу туралы шешім шығару үшін сотқа жүгіну құзыреті көзделгенін көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Соттар Заңның 28-бабын, 32-бабының 3-тармағын, 33-бабын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және толық айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және
процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.
Анықталғаны, 2023 жылғы 7 тамызда Серіктестікке тиесілі Атырау қаласы, М.Баймұханов көшесі, №61«А» мекен-жайында орналасқан жылжымайтын мүлік объектісіне меншік құқығына мемлекеттік тіркеу жүргізілген.
Алайда, «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 75-1-бабының талаптары сақталмай, жылжымайтын мүлікті пайдалануға қабылдау актісі негізінде мемлекеттік тіркеу жүргізу барысында міндетті болып табылатын мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органының және сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органының құрылымдылық бөлімшесінің келісімдері алынбаған.
Осыған орай, 2024 жылғы 30 сәуірде Қоғам Серіктестікке хабарлама жолдап, онда жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу барысында жол берілген қателерді түзетуге жазбаша рұқсат сұраған.
2024 жылғы 30 мамырда Серіктестік хабарламаға жауап жолдап, онда хабарламамен келіспейтінін, нысанды пайдалануға қабылдау актісінің күші жойылмағанын, жарамсыз деп танылмағанын, соған байланысты тіркеуші органның әрекетін құқыққа сыйымсыз деп есептейтінін көрсеткен.
Заңның мазмұнына қарағанда мемлекеттік тіркеу кезінде орын алған бұзушылықтарды жөндеудің екі жолы айқындалған - тіркеу кезіндегі жіберілген қателерді түзету (Заңның 32-бабы) және құқықтық кадастрдың тіркеу парағындағы жазбаның күшін жою (Заңның 33-бабы), қателерді түзету үшін сотқа жүгіну құқығы Қоғамға тиесілі болса, жазбаның күшін жоюға байланысты Қоғамның соттың заңды күшіне енген сот шешімін орындау құзыреті қана көзделген.
Біздің жағдайда екі мемлекеттік органның келісімінсіз жылжымайтын мүлікке меншік құқығы мүлдем тіркелмеуі тиіс болған, яғни тіркеу кезінде қателер жіберілген деуге негіздер жоқ, сол себепті құқықтық кадастрдың тіркеу парағындағы жазбаның күші жойылу қажет еді.
Өз кезегінде Заңда жылжымайтын мүлік объектісіне жүргізілген тіркеудің күшін жою арқылы тіркеу барысында жіберілген қателерді түзеу деген норма көрсетілмеген.
Істің мұндай тұрғысында, яғни Заңмен құқықтық кадастрдың тіркеу парағындағы жазбаның күшін жоюға байланысты Қоғамның құзыреті айқындалмағанын ескере отырып, талап қою қанағаттандырылуға жатпайды деген жергілікті соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.
Дегенмен, бірінші сатыдағы сот осы дауды қарау барысында «Мәмілелер жарамсыздығын және олардың жарамсыздығының салдарын
соттардың қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 7 шілдедегі №6 Нормативтік қаулысының нормаларын негізсіз басшылыққа алған, себебі бұл дау мәміленің жарамсыздығынан туындамаған.
Кассациялық шағым уәждері жергілікті соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.
Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 8 қазандағы шешімі мен Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 қаңтардағы қаулысы күшінде, талап қоюшы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші К.Айтжанов
Судьялар Н.Жумагулова
Н.Косанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.