ҚАУЛЫ
2026 жылғы 27 қаңтар №6003-25-00-2к/3889 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, В.Е.Тохтарбаева, арыз берушінің өкілі К.О.Турманбетовтың қатысуымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы ашық сот отырысында
арыз беруші Камбарлы Орынбекович Турманбетовтың желтоқсан оқиғасында зардап шегуші деп тану туралы арызы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі арыз берушінің өкілі К.О.Турманбетовтың Алматы облысы Іле аудандық сотының 2025 жылғы 2 шілдедегі шешіміне және Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 қыркүйектегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Арыз беруші К.М.Турманбетов заңдық маңызы бар фактіні анықтау туралы сотқа берген арызында оны 1986 жылғы желтоқсан оқиғасында зардап шегуші деп тануды сұраған.
Алматы облысы Іле аудандық сотының 2025 жылғы 2 шілдедегі шешімімен К.М.Турманбетовтың арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Арызданушы өкілі кассациялық шағымында жергілікті соттар істің мән-жайын дұрыс бағаламағанын, арызданушының уәждерін, сотқа берген дәлелдемелерін назарға алмағанын, материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, азаматтық істі апелляциялық сатыдағы соттың жаңадан қарауына жолдауды сұрайды.
Арызданушы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған түсінігін тыңдап, іс материалдары мен шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген. Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 1-бабына сәйкес саяси қуғын-сүргіндер ретінде мемлекеттік органдар немесе олардың өкілі болып табылатын лауазымды адамдары саяси себептер бойынша күзетпен қамауға алуды және психиатриялық мекемелерде күштеп емдеудi қоса
алғанда өмiрiн жою немесе бас бостандығынан айыру, елден қуып жiберу және азаматтығынан айыру, өмiр сүрген жерлерiнен немесе мекендi аудандарынан аластау (айдау немесе жер аудару), арнайы қоныс аударуға жiберу, бостандығын шектей отырып ықтиярсыз еңбекке тарту түрiнде (соның iшiнде «еңбек армияларында», «iшкi iстер халық комиссариатының жұмысшы колонналарында» деп аталатындарға) жүзеге асырылатын көндiру шаралары, сондай-ақ қылмыс жасағаны үшiн нақақтан айыптаумен, не саяси сенiмдерiнiң белгiлерiне, таптық, әлеуметтiк, ұлттық, дiни немесе басқа тегiне қарап, сот, соттан тыс не әкiмшiлiк тәртiбiнде әлеуметтiк қауiптi адамдар ретiнде қудалаумен ұштасқан басқа да құқықтары мен бостандығынан айыру немесе шектеу танылады.
Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдармен қатар саяси қуғын-сүргiндер құрбандары ретiнде Қазақстан Республикасының қазiргi аумағында өздерiне қуғын-сүргiндер қолданылғанға дейiн тұрақты өмiр сүрген адамдар мына төмендегi жағдайларда танылады: Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін, осы оқиғаларда қасақана кісі өлтіргені және милиция қызметкерінің, халық жасақшысының өміріне қастандық жасағаны үшін сотталған, өздеріне қатысты қылмыстық істерді қайта қараудың қолданылып жүрген тәртібі сақталатын адамдарды қоспағанда, қуғын-сүргіндердің қолданылуы жағдайларында танылады (2бап, д) тармақшасы).
Заңның 8-бабының тәртібімен саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдар, сондай-ақ кез келген тұлғалар немесе мүдделі қоғамдық бірлестіктер қуғын-сүргін шараларын қолданған орган немесе лауазымды тұлғаның орналасқан жері бойынша: егер қуғын-сүргін сот тәртібімен жүзеге асырылған болса - прокуратура органдарына, ал әкімшілік немесе өзге де тәртіппен жүзеге асырылған жағдайда - ішкі істер немесе ұлттық қауіпсіздік органдарына өтініш береді.
Арызданушы К.О.Турманбетов сотқа берген арызында ол 1986 жылы 16-18 желтоқсанда халықтық назаршылық-көтеріліске қатысып, зардап шеккен адамдардың бірі екенін, желтоқсан көтерілісіне қатысқанын айтып, соққыға ұрынып, жарақат алып зардап шеккенін көрсеткен. Сол кезде «Кітап» өндірістік бірлестік полиграф мекемесінде темір балқытушысының оқушысы ретінде жұмыс жасағанын, оқиғадан кейін артқы күнмен жұмыстан шығарылғанын, мемлекеттен тиісті жылсайынғы төлемдерді алу үшін арызданып отырғанын, зардап шегуші ретінде заңды маңызы бар фактіні анықтап беруін сұраған.
Азаматық істі сотта қарау барысында арызданушы К.О.Турманбетов желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін 1986-1987 жылдары қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауаптылыққа тартылмағаны, осы оқиғаға байланысты оны жұмыстан шығарылмағаны, өз бетімен жұмыстан босағаны анықталған. Бұл мән-жайларды К.О.Турманбетов жоққа шығармаған.
Алматы қалалық прокуратурасының 2024 жылғы 24 шілдедегі жауап хатынан, мұрағатпен берілген жауапқа сәйкес, К.О.Турманбетовтың желтоқсан оқиғасына қатысқанын дәлелдейтін құжаттардың жоқ екені анықталған.
Арызданушы 1986-1987 жылдардың арасында қақтығыстан алған жарақаттары бойынша денсаулығына қатысты құжаттарды сотқа ұсынбаған. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен қызметтік тұлғалар тарапынан арызданушыға 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысты қандай да бір мәжбүрлеу және жауаптылық шараларын қолданылғаны анықталмаған.
Сонымен қатар, арызданушының бас бостандығынан айыру, қамауға алу, жүйке аурулар мекемесіне еріксіз емдеуге жолдау, мемлекеттен қуылу, азаматтықтан айыру және тұрғылықты жерінен басқа жерге жер ауысу жазаларына тартылмағанын анықталған.
Арызданушы жалған айыптаумен қылмыс жасау бойынша, ұлттық, әлеуметтік, саяси тұрғыдан қауіпті тұлға ретінде сотпен, соттан бөлек, әкімшілік, ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі істер бөлімдері жағынан қуғынға ұшырамағаны, өзінің құқықтары мен бостандығынан айырылғаны немесе шектелмегені толық дәлелденген.
Арызданушы өкілінің кассациялық шағымында келтірген уәждері дәйексіз, олар соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен заңды негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттардың тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген. Арызданушы өкілінің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.
Сондықтан, кассациялық сот дауланып отырған сот актілерін күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Алматы облысы Іле аудандық сотының 2025 жылғы 2 шілдедегі шешімі және Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Арыз берушінің өкілі К.О.Турманбетовтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков
Судьялар: Л.Мамырбаева
В.Тохтарбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.