ВС РК - Постановление от 05.03.2025 по делу 6001-25-00-6КГ/3 (Об административном правонарушении)

6кг-3-25

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 5 наурыз

Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші судья Е. Мәукен, судьялар Н.К. Құрманғалиев, Г.Ғ. Исамберлиева, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының аға көмекшісі

А. Төремұратұлының,

Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері Р.А. Қыпшақбаевтың, А. Тажигулованың,

Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Қармақшы ауданы бойынша басқармасының өкілдері Л.Ә. Қыпшақбаеваның, Н.Е. Бердибековтің,

әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға Ж.Ш. Несіпбаевтың және оның өкілі А.А. Ақниеттің қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында кассациялық тәртіппен, ашық сот отырысында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 275-бабының 5-бөлігі бойынша жеке кәсіпкер Жеңісбек Шалқарұлы Несіпбаевқа қатысты,

Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2023 жылғы 5 шілдедегі және Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 28 шілдедегі қаулыларына Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасарымен келтірілген кассациялық наразылығы бойынша келіп түскен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі кассациялық тәртіппен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Қызылорда облысы Қармақшы аудандық мемлекеттік кірістер баскармасының (бұдан әрі - Баскарма) 2023 жылғы 16 мамырдағы қаулысымен жеке кәсіпкер (бұдан әрі - ЖК) Ж.Ш.Несіпбаев ӘҚБтК-нің 275бабының 5-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 25 768 588 теңге мөлшерінде айыппұл салынған.

Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің (бұдан әрі - Департамент) 2023 жылғы 31 мамырдағы қаулысымен Басқарманың қаулысы өзгертіліп, Ж.Ш. Несіпбаевқа салынған айыппұл 9 521 101 теңгеге дейін азайтылған.

Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2023 жылғы 5 шілдедегі қаулысымен Департаменттің қаулысы өзгеріссіз қалдырылған. Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 28 қарашадағы қаулысымен аталған сот актісі өзгеріссіз қалдырылған.

Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актілерін қайта қарауды сұраған.

Кассациялық наразылық уәждерін қолдаған прокурор А.Төремұратұлының, құқықбұзушы мен оның өкілінің, уәкілетті органның өкілдерінің түсініктемелерін тындап, іс материалдарын зерделеп, сот алқасы келесі тұжырымға келді.

ӘҚБтК-нің 851-бабы 5-бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес қаулыларды кассациялық тәртіпте қайта қарауға әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша қабылданған қаулылармен соттардың құқық заң нормаларын түсiндiру мен қолданудағы бiркелкiлiгiн бұзатын жағдайлар негіз болып табылады.

Осы іс бойынша мұндай негіздер бар.

Іс материалдарына сәйкес Басқарма ЖК Ж.Ш.Несіпбаевтың банктік есепшотындағы қаражат айналымын зерделеп, жалпы айналымы қосылған құн салығы бойынша 2021 жылы ең төмен айналымынан 86 026 723 теңге, 2022 жылы - 79 158 524 теңге, 2023 жылы – 6 605 335 теңге асқанын анықтаған. Осыған байланысты Ж.Ш.Несіпбаевқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамасы толтырылып, Басқарманың қаулысымен оған 25 768 588 (86 026 723+79 158 524 +6 605 335=171 790 582 х 15%=25 768 588) теңге айыппұл салынған.

Департаменттің қаулысымен уәкілетті органның қаулысы өзгертіліп, Ж.Ш. Несіпбаевқа салынған айыппұл 9 521 101 теңгеге дейін азайтылған.

Жергілікті соттар уәкілетті органның қаулысын өзгеріссіз қалдырып, 2021 жылғы айналым сомасының мөлшері ең төмен айналымнан асып кеткен, яғни салық органның әрекеті дұрыс деп тұжырым жасаған.

Алайда жергілікті соттардың бұл қорытындысы істегі барлық дәлелдемелерге дұрыс құқықтық баға берілмей, күнілгері шығарылған.

ӘҚБтК-нің 275-бабының 5-бөлігінде, қосылған құн салығын төлеуші ретінде есепке қойылмаған кезең ішінде айналым жасау - есепке қойылмаған кезең үшін айналым сомасының он бес пайызы мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

ЖК Ж.Ш Несіпбаевтың 910.00 нысанды салықтық есептілігіне сәйкес 2021 жылдың 1-ші жартыжылдығында айналым сомасы 46 391 624 теңге құраған, 2-ші жартыжылдықта 127 135 099 теңгені құраған. 2021 жылғы айналым сомасының барлығы 173 526 723 теңгені құраған. Оның ішінде Kaspi Pay мәліметінше 2021 жылдың айналым сомасынан желтоқсан айының 1-8 аралығындағы айналымы 22 542 719 теңгесін шегерген. 2021 жылы айлық есептік көрсеткіш (АЕК) - 2917 теңге болған. 30 000 АЕК = 87 510 000 теңгені құрайды. Осылайша 2021 жылғы айналым сомасынан шекті соманы алып тастағанда 86 026 723 теңге (173 526 723 - 87 510 000) құрап отыр. Уәкілетті органның пікірінше, қосылған құн салығын төлеуші ретінде есепке қойылмаған кезең ішіндегі айналым сомасы 63 474 004 теңге, жеке кәсіпкер заңда белгіленген мерзімде қосылған құн салығы бойынша тіркеуге тұрмаған.

Салық кодексінің 82-бабы 4-бөлігінің талаптарына сәйкес ең төмен айналым республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 20 000 мың еселенген мөлшерін құрайды. Осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген ең төмен айналымға оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкердің республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 124 184 еселенген мөлшері шегіндегі, үш құрамдасты интеграцияланған жүйе міндетті түрде қолданыла отырып, қолма-қол ақшасыз есеп айырысу нысанында жасалған айналымдары қосылмайды. Ең төмен айналымға бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушінің айналымдары да қосылмайды.

2021 жылғы 9 желтоқсанда ЖК үш құрамдасты интеграцияланған жүйенің қолданушысы болып тіркелген.

Салық кодексінің бұл талаптарына сәйкес егер кәсіпкер үш құрамдасты интеграцияланған жүйеде тіркелсе, АЕК-тің 124 184 еселенген мөлшері шегінде қолма-қол ақшасыз есеп айырысу нысанында жасалған айналымдары қосылмайды.

Алайда заңның бұл талаптары сақталғаны (сақталмағаны) туралы мәселені салық органдары да, жергілікті соттар да жеке кәсіпкердің шағымын қарау барысында дұрыстап тексермеген.

Ең алдымен Ж.Ш.Несіпбаев қандай кәсіпкерліктің түрімен айналысатынын анықтау қажет, өз қызметінде шет елдік кәсіпкерлермен жұмыс жасай ма, камеральдық бақылау жүргізілді ме, салық органы жіберген хабарлама дауланды ма, салық органы тексеріс жүргізуі керек пе еді, осы сұрақтар жергілікті соттармен анықталмаған. Одан басқа, шағымды қарау барысында Ж.Ш.Несіпбаевтың 2021 жылы тапсырылған декларациялары сотпен зерттелмеген, жеке кәсіпкердің 2021 жылы айналым қаражаты тиісті шектен асқан уақыты (айы, күні) нақты анықталмаған.

ЖК Несіпбаев 2021 жылы айналым мөлшері қосылған құн салығы бойынша тіркеуге қажет айналымнан аспағанын көрсетіп отыр. Одан басқа, Ж.Ш.Несіпбаевтың салық органы айналымға алынған кредитін де қосып отырғаны туралы көрсетіп отыр. Оның бұл уәждері де соттармен тексерілмеген. Уәкілетті орган Ж.Ш.Несіпбаевтың шағымын қарау барысында, 1- 8 желтоқсан аралығындағы айналымынан 22 542 719 теңгесін шегерген. Бұл сомаға қандай төлемдер кіргені соттармен тексерілмеген.

ӘҚБтК-нің 737-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу міндеттері әрбір істің мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті анықтау, оны осы Кодекске сәйкес шешу, іс жүргізуге қатысушылардың құқықтары мен міндеттерінің іске асырылуын қамтамасыз ету; әкімшілік құқық бұзушылықтар жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау жатады.

Апелляциялық сатыдағы сотпен жоғарыда көрсетілген заңдардың талаптары орындалмаған, Ж.Ш.Несіпбаевтың шағымын қарау барысында істегі жиналған дәлелдемелерге тиісті құқықтық баға берілмеген.

Осыған байланысты, алқа Қызылорда облыстық сотының қаулысының күшін жою туралы қорытындыға келіп отыр. Сот істі қайтадан қарау барысында, Ж.Ш. Несіпбаевтың апелляциялық шағымын қарау барысында оның шағымдағы уәждерін тексеріп, жоғарыда аталған мәселелерге назар аударып, процестік нормаларды сақтай отырып, негізді шешім қабылдауы тиіс. Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасарының кассациалық наразылығы ішінара қанағаттандыруға жатады. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабын басшылыққа ала отырып сот алқасы,

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Жеке кәсіпкер Жеңісбек Шалқарұлы Несіпбаевқа қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 275бабының 5-бөлігімен көзделген әкімшілік іс бойынша Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 28 шілдедегі қаулысының күші жойылсын, іс апелляциалық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жолдансын.

Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасарының кассациалық наразылығы ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Е. Мәукен

Судьялар

Г. Исамберлиева Н. Құрманғалиев

Көшірме дұрыс;

Судья Е.Мәукен

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.