ВС РК - Постановление от 21.02.2025 по делу 6001-24-00-6КА/1532(2) (Об административном правонарушении)

6кп/3-25

2025 жылғы 21 ақпан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Е. Мәукен, судьялар Н.К. Құрманғалиев, Г.Ғ. Исамберлиева, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының аға көмекшісі

А. Төремұратұлының, Түркістан облысы Полиция департаменті Сарыағаш ауданының полиция бөлімінің өкілі А. Оразовтың,

әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлғаның қорғаушы адвокаты

Е.Ш. Абдиганиевтің қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында кассациялық тәртіппен аудио-бейне жазба құралдарын қолданып ашық сот отырысында Түркістан облысы Сарыағаш ауданының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2024 жылғы 15 қазандағы қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуымен келіп түскен

Нурулло Файзалиевич Кугановқа (KUGANOV NURULLO) қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 517-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Түркістан облысы Сарыағаш ауданының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2024 жылғы 15 қазандағы қаулысымен Н.Ф. Куганов ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша Қазақстан Республикасы шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасы тағайындалған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актісін қайта қарауды көрсетілген. Алқа ұсынуды қолдау жөніндегі прокурордың, Е.Ш. Абдиганиевтің, уәкілетті орган өкілінің пікірлерін тыңдап, іс құжаттарды зерттеп, ұсынудың уәждерін талқылап, сот қаулысы өзгертуге жатады деп есептейді.

ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіз болып табылады.

Іс материалдарына сәйкес Тәжікстан Республикасының азаматы Н.Ф. Куганов 2024 жылғы 18 шілдеде Қазақстан Республикасына келіп, жүріп тұруға рұқсат берілген мерзімі өткеннен кейін 10 тәуліктен асатын кезең ішінде кетуден жалтарған. Осы факті бойынша оған қатысты ӘҚБтКнің 517-бабының 4-бөлігімен әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалған.

Бірінші сатыдағы сот Н.Ф. Кугановты кінәсі сот мәжілісінде мойындалған және зерттелген істегі дәлелдемелермен толық дәлелденген деген тұжырымға келіп, әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Сот әкімшілік жолмен шығарып жіберу түрінде жаза тағайындаған.

Бірақ, істі қарау кезінде бірінші сатыдағы сот істің мән-жайларына және заң талаптарына тиісті дәрежеде көңіл бөлмегені көрінеді.

Н.Ф. Куганов, ұлты қазақ, яғни этникалық қазақ ретінде «қандастар» бағдарламасына сай Қазақстан Республикасы азаматтығын алу мақсатында «қандас» куәлігін алған, кәмелетке толмаған төрт баласы қандас отбасының мүшелері ретінде көрсетілген. Қандас куәлігінің қолданылу мерзімі - 2024 жылғы 24 қазан айынан бастап 2025 жылғы 24 қазан айы аралығында.

Н.Ф. Куганов Тәжікстан Республикасынан есептен шығып, көшіп кеткендердің мекенжай парағын алып, Қазақстан Республикасы аумағына 2024 жығы 18 шілдеде кіріп, Павлодар облысы, Ақсу қаласы, Тәуелсіздік көшесі, 138-мекен жайына тіркелген. Орналастыру үшін берілген анықтамасына сәйкес оның Қазақстанда болу мерзімі 2024 жылғы 18 шілде айынан бастап 2025 жылғы 15 қаңтар айы аралығында.

«Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 26бабына сәйкес қандастар мен олардың отбасы мүшелерінің жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құқығы бар.

ӘҚБтК-нің 517-бабы 4-бөлігінің санкциясымен аталған құқық бұзушылыққа қарсы 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберуге әкімшілік жаза қолдану көзделген.

ӘҚБтК-нің 55-бабы 1 және 2-бөлігіне сәйкес әкiмшiлiк жаза әдiл, құқық бұзушылықтың сипатына, оның жасалу мән-жайларына, құқық бұзушының жеке басына сай келетiн болуы тиiс. Жеке тұлғаға әкiмшiлiк жаза қолдану кезінде жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың сипаты, кiнәлiнiң жеке басы, оның iшiнде оның құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi мiнез-құлқы, мүлiктiк жағдайы, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар ескерiледi.

Бірінші сатыдағы соттың қаулысына сәйкес бұрын Н.Ф. Куганов әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған. ӘҚБтК-нің 56-бабына сәйкес кiнәлi адамның өкiнуi, әкiмшiлiк құқық бұзушылықты алғаш рет жасауы әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн жауаптылықты жеңiлдететiн мән-жайлар деп танылады. Н.Ф. Кугановқа тағайындалған Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу туралы әкімшілік жазаның орынына 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынуы керек.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабының 1 және 4 мен 5- бөліктерінің 3) тармағын басшылыққа ала отырып, сот алқасы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 4-бөлігі бойынша Нурулло Файзалиевич Кугановқа (KUGANOV NURULLO) қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөнінде Түркістан облысы Сарыағаш ауданының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2024 жылғы 15 қазандағы қаулысы өзгертілсін.

Н.Ф. Кугановқа (KUGANOV NURULLO) тағайындалған Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу туралы әкімшілік жазаның орынына 92 300 (тоқсан екі мың үш жүз) теңге айыппұл салынсын.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Е. Мәукен

Судьялар

Н. Кұрманғалиев

Г. Исамберлиева

Көшірме дұрыс. Судья Е.Мәукен

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.