Қ А У Л Ы
2026 жылғы 6 сәуір Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов болып, аудармашы Н[...], талап қоюшылар И[...], А[...], өкілдері И[...] пен А[...],
жауапкер өкілі С[...] қатысуларымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында Қазыбек би ауданының №2 аудандық сотының 2025 жылғы 28 шілдедегі шешімі мен Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 қарашадағы қаулысына талап қоюшылардың кассациялық шағымдарымен түскен,
талап қоюшылар И[...] пен А[...] жауапкер «Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Б[...] атындағы Қарағанды академиясы» республикалық мемлекеттік мекемесіне академиядан оқудан шығару жөніндегі бұйрығының күшін жойып, оқудың бірінші курсына қайта қабылдау туралы электрондық азаматтық ісін қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 қарашадағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Қазыбек би ауданының №2 аудандық сотының 2025 жылғы 28 шілдедегі шешімімен И[...] пен А[...] аталған «Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Б[...] атындағы Қарағанды академиясы» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Академия) қойған талап қоюлары қанағаттандырудан бас тартылған.
Талап қоюдың қанағаттандырусыз қалдырылуына, соттардың даулы оқудан шығару жөніндегі талап қоюшылардың баянаттарының өз еркімен емес қысыммен жазылғаны сотта дәлелін таппағыны туралы тұжырымға келуі негіз болған.
Талап қоюшылар кассациялық шағымдарын, сот түйіндерінің істің мәнжайларына сәйкес келмеуіне, материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмауына негіздеп, талап қоюды қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Жауапкер кассациялық шағымдарға байланысты пікірінде, талап қоюшылардың өз қалаулары бойынша оқудан шығарылғандықтан және уәждері сотта дәлелденбегендіктен, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған. Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, сотқа қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағымдардың дәлелдерi
шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексерiп, олардың уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Соттармен бұл іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Іс құжаттарына қарағанда, Академияның кәсіби даярлық факультетінің 103-оқу тобының курсанттары И[...], А[...] және Б[...] 2025 жылғы 14 ақпанда оқудан өз қалаулары бойынша шығару туралы баянаттар жазылған.
Академияның 2025 жылғы 17 ақпандағы №57 ж/к бұйрығымен олар 14 ақпаннан бастап ішкі істер органдарынан босатылып, оқудан шығарылған.
Кейіннен, Академияның 2025 жылғы 26 тамыздағы № 311 ж/қ бұйрығымен Б[...] қайтадан осы оқу орнына қабылданған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 17-бабының 1- тармағының және 22-бабының 1-тармағының талаптары бойынша, азаматтың өз әрекеттерiмен азаматтық құқықтарға ие болуға және оны жүзеге асыруға, өзi үшiн азаматтық мiндеттер жасап, оларды орындауға қабiлеттiлiгi (азаматтық әрекет қабiлеттiлiгi) кәмелетке толғанда, яғни он сегiз жасқа толғаннан кейiн толық көлемiнде пайда болады.
Он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар мәмiлелердi олардың заңды өкілдерінің келiсiмiмен жасайды.
«Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы № 380-IV Заңының (бұдан әрі-Заң) 9-бабының 1 және 4- тармағының талаптарына сәйкес, құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында оқуға орта бiлiмi бар, жасы он алтыға толған адамдар қабылдана алады.
Жасы он сегізге толмаған адамдармен келісімшарт жасалған жағдайда, олардың ата-аналарының, бала асырап алушыларының немесе қамқоршыларының еркін нысандағы жазбаша келісімі қажет.
Аталған талап «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің білім беру ұйымдарына, бюджет қаражаты есебiнен оқу ақысын төлей отырып, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің жолдамасы бойынша шет мемлекеттердiң құқық қорғау органдарының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына түсетiн адамдармен келiсiмшарт жасасу, ұзарту, өзгерту, бұзу және тоқтату қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2016 жылғы 13 мамырдағы № 500 бұйрығының 1-қосымшасының 2-тарауының 5-тармағында (бұдан әрі-Қағида) көзделген.
Өз кезегінде, талап қоюшылар даулы оқудан өз қалаулары бойынша шығару туралы баянатпен Академия басшылығына жүгінгенде, кәмелет жасына толмаған, олар 17 жаста болған.
Сәйкесінше осы баянаттар негізінде келісімшарттарды бұзу үшін, оған міндетті тұрде кәмелетке толмағандардың ата-аналарының жазбаша келісімі қажет болған, алайда Академиямен аталған заңның талабы бұзылған, бұл келісім олардан алынбаған.
Талап қоюшылардың баянаттарының құқықтық салдары болған, оқу орнынан шығарылғаннан бөлек, кейіннен олардан Заңның 9-бабының 6- тармағына сәйкес оқуларына жұмсалған 1 167 500 теңге бюджет қаражаты мемлекет кірісіне сот бұйрықтары негізінде кері қайтарылған.
Одан бөлек, Қағиданың 2-тарауының 6-тармағының талабы бойынша, Келісімшарт тараптардың келісімі немесе тараптардың бірінің бастамасы бойынша, сондай-ақ келісімшарт талаптары бұзылған жағдайда бұзылады. Келісімшартты бұзу туралы куәландыратын құжат ІІМ білім беру ұйымының бұйрығы болып табылады.
Келісімшарт Заңның 80-бабы 1-тармағының 12), 12-1), 13), 14), 15), 16) және 17) тармақшаларын қоспағанда, тараптардың бірінің бастамасы бойынша екінші тараптың оны бұзғаны туралы жазбаша хабарлаған күнінен бастап 30 жұмыс күні өткеннен кейін бұзылады.
Б[...] талаптары тараптар арасында 2024 жылғы 25 тамыздаға жасалған келісімшарттың 6-тармағында көзделген.
Сондықтан, талап қоюшылар оқудан Заңның 80-бабы 1-тармағының 5) тармақшасы негізінде шығарылғандықтан, Қағиданың талабы бойынша Академияның оқудан шығару туралы бұйрығы баянаттар жазылған күнінен бастап 30 жұмыс күні өткеннен кейін шығарылуға тиіс болған.
Дегенмен оған қарамастан 2025 жылғы 14 ақпанда (жұма күні) берілген баянаттар бойынша, талап қоюшыларды осы күнмен оқудан шығару жөніндегі бұйрық Академиямен келесі жұмыс күні 17 ақпанда (дүйсенбі күні) шығарылып, Қағиданың бұл талаптары бұзылған.
Іс құжаттарына қарағанда, талап қоюшылардың оқу үлгерімдері немесе тәртіптері нашар болмаған, себебі көрсетілмеген оқудан өз қалауы бойынша шығару туралы баянаттар бір күнде бірден 3 курсантпен жазылған, жазылған баянаттардың мәтіні сөзбе сөз бірдей. Олардың біреуі артынша Академияға қайтадан оқуға қабылданса, екеуі осы талап қоюмен сотқа жүгінген.
Жиынтығында, аталған фактілер талап қоюшылардың баянаттардың өз қалаулары бойынша емес тікелей Академияның офицер - оқытушысының қорқытуымен жазылғандығы жөніндегі уәждерін растайды, оларды жоққа шығармайды.
Нәтижесінде, Академиямен оқудан шығару туралы заңсыз бұйрықтарды қабылдау арқылы кәмелетке толмағандардың Конституцияда қаралған оқу мен кәсіп түрін еркiн таңдау құқыларының шектелуіне жол берілген.
Өз кезегінде, аталған Заңның талаптарына сәйкес құқық қорғау қызметі мемлекеттік қызметтің ерекше түрі болып табылады және адамның құқықтары мен бостандықтарын қол сұғушылықтан қорғау міндеттілігі оның арнайы принциптерінің бірі.
Сондықтан сот актілерінде баяндалған сот түйіндерінің істің мәнжайларына сәйкес келмеуіне және қолдануға жататын материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмауына байланысты, сот актілерінің күші жойылуға тиіс.
Іс бойынша қосымша дәлелдемелерді жинақтау және тексеру талап етілмегендіктен, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылып, кассациялық шағымдар қанағаттандырылуға жатады.
Талап қоюшылардың сотта өкілдің көмегіне ақы төлеуге байланысты шығындары, іске тіркелген заң көмегін көрсету туралы шарттарымен және олар бойынша жасалған төлем түбіртектерімен расталған.
Осыған орай, АПК-тің 109, 113 - баптарының талабы бойынша бұл сот шығыны Академиядан оларға алып беріледі.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Қазыбек би ауданының №2 аудандық сотының 2025 жылғы 28 шілдедегі шешімі мен Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 қарашадағы қаулысының күші жойылып, іс бойынша жаңа шешім шығарылсын.
Талап қоюшылар И[...] пен А[...] талап қоюлары қанағаттандырылсын.
«Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Б[...] атындағы Қарағанды академиясы» республикалық мемлекеттік мекемесінің 2025 жылғы 17 ақпандағы № 57 ж/қ бұйрығы заңсыз деп танылып, күші жойылсын.
И[...] пен А[...] «Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Б[...] атындағы Қарағанды академиясы» республикалық мемлекеттік мекемесінің кәсіби даярлық факультетінің 103-оқу тобының 1-курсына қайта қабылдансын. И[...] пен А[...] кассациялық шағымдары қанағаттандырылсын.
И[...] пайдасына «Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Б[...] атындағы Қарағанды академиясы» республикалық мемлекеттік мекемесінен өкілдің көмегіне ақы төлеуге байланысты шығындары 1 000 000 (бір миллион) теңге өндірілсін.
А[...] пайдасына «Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Б[...] атындағы Қарағанды академиясы» республикалық мемлекеттік мекемесінен өкілдің көмегіне ақы төлеуге байланысты шығындары 1 000 000 (бір миллион) теңге өндірілсін.
Кассациялық сатыдағы сот қаулысы ол жарияланған күнінен бастап заңды күшiне енедi.
Төрағалық етуші Г.Джаппарова
Судьялар
Н.Ормаханов
А.Есдаулетов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.