6003-25-00-3к/664
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 20 қараша Астана қаласы
Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші - судья Қ.А.Мусетов, судьялар Г.Б.Даулетова, М.К.Сатыбалдин,
Қазақстан Республикасының Бас прокуратураның Басқарма аға прокуроры А.Б.Абдулдаевтың,
әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша жүргізіліп жатқан тұлға А.Т.Кирабековтың,
полиция инспекторы - Е.У.Атакуловтың қатысуларымен,
кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында Жамбыл облысы Тараз қаласының əкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2025 жылғы 25 ақпандағы, Жамбыл облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 маусымдағы қаулыларына Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасарының наразылығымен келіп түскен Абдулла Турганбаевич Кирабековке қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 608 - бабының 6 - бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Жамбыл облысы Тараз қаласының əкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2025 жылғы 25 ақпандағы қаулысымен А.Т.Кирабеков ӘҚБтК-нің 608 - бабының 6 - бөлігімен кінəлі деп танылып, оған 20 тəулік мерзімге əкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалған.
Жамбыл облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгеріссіз қалдырылған.
Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасарының наразылығында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актілерін қайта қарауды ұсынады.
Сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған полиция инспекторы Е.У.Атакуловтың, А.Т.Кирабековтың түсініктемелерін, кассациялық наразылық дәлелдерін қолдаған прокурор А.Б.Абдулдаевтың пікірін тындап, іс материалдарын зерделеп, сот келесі тұжырымға келді. Кассациялық тәртіппен қайта қарау ӘҚБтК-нің 851 - бабы 5 -бөлігінің 3 - тармақшасына сәйкес жүзеге асырылады. Іс материалдарына сəйкес Жамбыл облысы Байзақ аудандық сотының 2022 жылғы 18 сəуірдегі ұйғарымымен жеке сот орындаушысының ұсынуының негізінде А.Т.Кирабековтың жүргізуші куəлігі уақытша тоқтатылған. А.Т.Кирабеков жүргізуші куəлігі тоқтатылғанына қарамастан, 2025 жылғы 25 ақпанда сағат 01:15-те Тараз қаласының Жамбыл даңғылында «Mersedes-Benz 200 E» маркалы, мемлекеттік белгісі 015 AJK08 автокөлігін алкогольдік масаң күйде басқарған.
2025 жылғы 25 ақпандағы №996 медициналық қорытындыға сəйкес А.Т.Кирабеков алкогольдік «жеңіл» дəрежедегі масаң күйде болған.
Осыған байланысты полиция А.Т.Кирабековтың жүргізуші куəлігінің уақытша тоқтатылғанына сілтей отырып, оның əрекетін ӘҚБтК-тің 608 - бабының 6-бөлігімен масаң күйде көлік құралын басқаруға құқығы жоқ адамның жасаған əрекеті деп саралап, іс материалдарын сотқа жіберген.
Апелляциялық сатыдағы сот А.Т.Кирабековтың əрекеті бастапқыда ӘҚБтК-нің 608 - бабының 6 - бөлігімен сараланғанын, оны аталған баптың 1-бөлігіне қайта саралауға мүмкіндік жоқтығын жəне оның жағдайын ауырлата алмайтынын көрсеткен.
Алайда жергілікті соттардың қаулылары əкімшілік жауаптылық туралы заңы дұрыс қолданбауына байланысты келесі негіздермен өзгертілуге жатады.
«Соттардың ӘҚБтК-нің Ерекше бөлігінің нормаларын қолдануының кейбір мəселелері туралы» Жоғарғы Соттың 2017 жылғы 6 қазандағы №7 нормативтік қаулысының (бұдан əрі – Нормативтік қаулы) 24 - тармағына сəйкес əкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау кезінде көлік құралдарын басқару құқығы сот орындаушысының ұсынуымен тоқтатылған жүргізушілерге қарағанда көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған жүргізушілер екі субъекті бір мезгілде тікелей аталатын нормаларды қоспағанда, көлік құралдарын басқару құқығы жоқ адамдарға жауаптылық көзделетін құқық бұзушылық субъектісі болып табылмайды.
Сондай-ақ тиiстi санаттағы көлiктi басқару құқығы жоқ жүргiзушiлердің екі субъекті бір мезгілде тікелей аталатын нормаларды (мысалы, ӘҚБтК-нің 612 - бабының 2 - бөлігінде) қоспағанда, көлiк құралын басқару құқығы жоқ жүргiзушiлерге теңестірілуі мүмкін емес. Сондықтан көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқару жүргiзушi куəлігінде осы санаттағы көлiк құралдарын басқаруға рұқсаты болмаған кезде ӘҚБтК-нің 608 - бабының 6 -бөлігімен емес, жиынтығы бойынша ӘҚБтК-нің 608 - бабының 1 -бөлігімен саралануға жатады.
Сондықтан Нормативтік қаулының талаптарына сəйкес А.Т.Кирабековтың əрекеті ӘҚБтК-нің 608 - бабының 1 - бөлігімен саралануға жатады.
Заңның аталған талаптары жергілікті соттардың назарынан тыс қалған.
Апелляциялық сатыдағы сотының А.Т.Кирабековтың əрекетін ӘҚБтК-нің 608-бабының 6-бөлігінен осы баптың 1-бөлігіне қайта саралауға мүмкіндік жоқ деген тұжырымы негізсіз.
Себебі «Жол жүрісі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 74 - бабы 2-1 бөлігінде ӘҚБтК-тің 608 - бабының 6-бөлігінде көзделген тәртіппен әкімшілік жауаптылыққа тартылған адамдар жеті жыл бойы көлік құралдарын басқару құқығын алуға емтиханадар тапсыруға жіберілмейді деп көрсетілген.
Өз кезегінде, қолданыстағы заңнама құқық бұзушылықтың дұрыс сараланбағаны анықталған жағдайда, жоғары тұрған соттарға адамның əрекетін заңның неғұрлым қатаң жазасы көзделетін бабына өзгертуге құқықтық мүмкіндік беретіні атап өтіледі.
Атап айтқанда, ӘҚБтК-нің 842 -бабының 3-бөлігінде судья прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау нəтижелерiмен құқық бұзушылықтың саралануын заңның неғұрлым қатаң əкімшілік жаза көзделетін бабына өзгертуге немесе осы негiздер бойынша жəбiрленушiнің шағымы не прокурордың апелляциялық өтінішхаты келтірілсе неғұрлым қатаң əкімшілік жаза қолдануға құқылы делінген.
Осыған орай, апелляциялық сатыдағы соттың ӘҚБтК-нің 608бабының 1-бөлігінің санкциясы қатаңырақ деген тұжырымы негізсіз.
ӘҚБтК-нің 840 - бабының 2) тармақшасына сəйкес əкімшілік жауаптылық туралы заңның дұрыс қолданылмауы іс бойынша қабылданған қаулыларды өзгертуге негіз болып табылады.
ӘҚБтК-нің 608 - бабының 1 - бөлігінің санкциясында 15 тəулікке қамаққа алу жəне 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы көзделген.
Сот қаулысымен тағайындалған 20 тəулікке қамаққа алу жазасы А.Т.Кирабековпен өтелгені анықталған.
Осыған байланысты жергілікті соттардың А.Т.Кирабековке қатысты сот қаулылары өзгертіліп, оның əрекеті ӘҚБтК-нің 608 -бабының 6 - бөлігінен, осы баптың 1-бөлігіне қайта сараланып, оған аталған бап бойынша 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза қолдануға жатады.
Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасарының кассациялық наразылығы қанағаттандыруға жатады. ӘҚБтК-нің 851 - бабын басшылыққа ала отырып, қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ :
Жамбыл облысы Тараз қаласының əкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2025 жылғы 25 ақпандағы жəне Жамбыл облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 маусымдағы Абдулла Турганбаевич Кирабековке қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулылары өзгертілсін.
Абдулла Турганбаевич Кирабековтың əрекеті ӘҚБтК-нің 608 - бабының 6 - бөлігінен ӘҚБтК-нің 608 - бабының 1 - бөлігіне қайта сараланып, оған аталған бап бойынша 7 (жеті) жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза тағайындалсын.
Қаулылардың қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасарының наразылығы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Қ.А.Мусетов
Судьялар
Г.Б.Даулетова М.К.Сатыбалдин
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.