6001-25-00-3гп-173
Қ А У Л Ы
2025 жылғы 10-маусым Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - алқа төрағасы Н.К.Шәріпов,
судьялар Б.Р.Ералиева мен Ғ.Ж.Мырзакенің,
талап қоюшы «Сенім» шаруа қожалығының басшысы Ж.Акылбековтің, өкілі А.Е.Абеуованың, Н.Акилбековтің,
жауапкер «Оразәлі» фермерлік қожалығының өкілі Н.Ж.Сугиралиевтің қатысуымен,
талап қоюшы «Сенім» шаруа қожалығы (бұдан әрі – «Сенім» ШҚ) жауапкер «Оразәлі» фермерлік қожалығынан (бұдан әрі – «Оразәлі» ФҚ) заңсыз иеленген малды қайтаруды міндеттеу туралы талап қоюмен қозғалған электрондық азаматтық іс бойынша қабылданған Ұлытау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12-наурыздағы қаулысына «Оразәлі» ФҚ-ның өкілі Н.Ж.Сугиралиевтің келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық ісін қарап,
«Сенім» ШҚ сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген.
Ұлытау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 9-желтоқсандағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Ұлытау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12-наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгертіліп, іс бойынша талап қою ішінара қанағаттандырылып, «Оразәлі» ФҚ-нан «Сенім» ШҚ-ның пайдасына қазақы жылқы тұқымынан әр түрлі жастағы 280 бас жылқы қайтарылған.
«Оразәлі» ФҚ-нан «Сенім» ШҚ-ның пайдасына 1 229 668 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Шешімнің басқа бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Өтінішхатта «Оразәлі» ФҚ-ның өкілі Н.Ж.Сугиралиев апелляциялық сатыдағы соттың түйіні істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Сот алқасы іс бойынша «Оразәлі» ФҚ-ның өкілі Н.Ж.Сугиралиевтің өтінішхатты қолдаған түсінігін, «Сенім» ШҚ-ның басшысы Ж.Акылбековтің, өкілі А.Е.Абеуованың, Н.Акилбековтің, дауланған сот актісін күшінде
қалдыруды сұраған түсінігін, өтінішхат уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы осы кодекстің 434-бабының 1-бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер болып табылады.
Сот алқасы бұл іс бойынша мұндай негіздер бар деп санайды. Іс құжаттарына қарағанда «Сенім» ШҚ 1994 жылы құрылып, жекешелендірілген 500 бас жылқыны қожалық атына алған. 2008 жылы қазақы жылқы тұқымын өсіретін шаруашылық болып танылған. Шаруашылықтағы 1 500 жуық жылқыны 2016 жылға дейін Қайырбек Ақылбеков баққан. Алайда, оның жанұялық жағдайына байланысты, қожалықтың жылқылары «Оразәлі» ФҚ-на әрі қарай бағу үшін берілген.
Талап қоюшы талабында жауапкер Нуркен Акилбековтың даулы жылқыларды заңсыз иелену мақсатында «Оразәлі» ФҚ құрып, өзіне бағуға берілген 529 бас жылқының, 304 асыл тұқымды жылқыларын өзінің атына тіркегенін көрсеткен.
Оған дәлел ретінде қожалықтың атында 1 275 бас жылқы малы тіркелгені туралы «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» дерек қорының мәліметі ұсынылған.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы түйінін тараптардың арасындағы дау 2017 жылы басталғанын, сондықтан талап қою мерзімінің өтіп кеткенін, талап қоюшының жауапкер 2017 жылы жылқыларды бөліп алды деп көрсеткенін, сол кезден бастап тараптардың арасында дау туындағанын жоққа шығармағанымен негіздеген.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың бұл түйіндерімен келіспей, жауапкердің талап қоюшыға тиесілі жылқыларын алғаны туралы уәждері өз дәлелін таппады деген түйінге келе отырып, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертіп, жауапкерден талап қоюшыға қазақы жылқы тұқымынан әр түрлі жастағы 280 бас жылқыны қайтару туралы қаулы шығарған. АПК-нің 413-бабының 1-бөлігіне сай сот істi апелляциялық тәртiппен қарау кезiнде бiрiншi сатыдағы сот шешiмiнiң заңдылығы мен негiздiлiгiн толық көлемде тексередi.
Алайда апелляциялық сатыдағы соттың түйіндері іс құжаттары мен материалдық құқық нормаларына сай келмейді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі-АҚ) 8-бабының 4-6-тармақтарына сай азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiне берiлген құқықтарды жүзеге асырған кезде адал, парасатты және әдiл әрекет
жасап, заңдардағы талаптарды, қоғамның адамгершiлiк қағидаттарын, ал кәсiпкерлер - бұған қоса iскерлiк әдептiлiк ережелерiн сақтауға тиiс.
Бұл мiндеттi шарт арқылы алып тастауға немесе шектеуге болмайды. Азаматтық құқық қатынастарына қатысушылардың адал, парасатты және әдiл әрекет жасауы көзделедi.
Азаматтар мен заңды тұлғалардың басқа тұлғаға зиян келтiруге, құқықты өзге нысандарда теріс пайдалануға, сондай-ақ құқықты оның мақсатына қайшы келетiндей етiп жүзеге асыруға бағытталған әрекеттерiне жол берiлмейдi.
Ешкім де өзінің теріс пиғылды мінез-құлқымен артықшылық алуға құқылы емес.
Осы баптың 3-6-тармақтарында көзделген талаптар сақталмаған жағдайда сот адамға тиесілі оның құқығын қорғаудан бас тарта алады.
АК-нің 260-бабы негізінде меншiк иесi өзгенiң заңсыз иеленген өз мүлкiн талап етуге құқылы.
Іс құжаттарына қарағанда Жезқазған облысы Жаңаарқа ауданы әкімінің 1994 жылғы 28-қарашадағы № 276 қаулысымен Ақтау совхозының аумағынан «Сенім» (Н.Акылбеков) ШҚ құрылған, оның жер үлесіне 2 200 гектар жер көлемі мұраға қалдырып иеленуге бекітіп берілген.
«Сенім» ШҚ-ның 1994 жылғы 10-қыркүйектегі жалпы жиналысында бекітілген жарғысы бойынша шаруашылық жетекшісі болып Нүркен Акилбеков тағайындалған.
Жарғының 3.1 тармағына сай ШҚ мүшелігіне 16 жасқа толған отбасы мүшелері қабылданады. Жұмысқа қабылдау және босату Қазақстан Республикасының Еңбек туралы заңына сәйкес жалпы жиналыс шешімімен жүзеге асады деп көрсетілген.
«Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің 2009 жылғы 14-қаңтардағы № АТШ-018 аттестатына сәйкес «Сенім» ШҚ қазақы жылқы тұқымын өсіретін асыл тұқымды шаруашылық деп танылған.
2004 жылы Нүркен Акилбеков «Сенім» ШҚ-дағы жетекшілік лауазымын өз еркімен босатып, қожалықтың мүшесі болып қалып, әкесі Жамалиден Акылбековті жетекшілікке тағайындаған.
«Сенім» ШҚ-ның 2017 жылғы 7-маусымдағы № 2 хаттамасымен Нүркен Акилбеков бақташы қызметінен босатылып, оның қожалықтағы мүшелігі тоқтатылып, үлесі бөлектеніп шығарылған.
Бірақ іс құжаттарында нақты Нүркен Акилбековке қанша малды үлес ретінде бергені туралы деректер жоқ, қожалық жетекшісі және талап қоюшы Ж.Акылбековтің айтуынша баласы Нүркенге екі үйірлі жылқы, шамамен 60 бас берген.
«Оразәлі» ФҚ 2018 жылы құрылып, Нүркен Акилбеков оның жетекшісі болып тағайындалған, қожалыққа 1 459,9 га жер көлемі берілген.
«Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының Ақтау ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің 2024 жылғы 14-қарашадағы жауабына сай статистикалық есеп бойынша «Оразәлі» ФҚ-да асыл тұқымды жылқылар: 2018 жылы – 210 бас,
2019 жылы – 210 бас, 2020 жылы – 360 бас, 2021 жылы – 402 бас, 2022 жылы – 569 бас, 2023 жылы – 1 185 бас, 2024 жылы – 1 325 бас тіркелген. Ал, «Сенім» ШҚ-да асыл тұқымды жылқылар: 2021 жылы – 2 000 бас, 2022 жылы – 1 520 бас, 2023 жылы – 1 289 бас, 2024 жылы – 1 216 бас тіркелген.
Қожалықтың 2021 жылға дейінгі есепке алу дәптері мұрағатта болғандықтан, қолда ақпарат жоқ деп көрсетілген.
Сонымен қатар, мал бастарының нақты саны туралы ақпарат «Жаңаарқа аудандық ветеринарлық станциясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының (бұдан әрі-ШЖҚ КММ) ауыл шаруашылық жануарларын бірдейлендіру дерек қорында (ИСЖ) екенін мәлімдеген.
Талап қоюшы өзінде 2021 жылға дейін қанша асыл тұқымды жылқы болғанын дәлелдейтін құжатын іске тіркемеген.
Ұлытау облысының ветеринария басқармасының «Жаңаарқа аудандық ветеринариялық станция» ШЖҚ КМК-нің 2024 жылы 22-шілдедегі ауылшаруашылық жануарларды бірдейлендіру дерекқорында тіркелген жауарлар туралы анықтамасына сай:
«Сенім» ШҚ-да 2014 жылғы 27-қазаннан басталып 2022 жылғы тамызбен аяқталатын жылқылардың саны 1 822 бас (көпшілігіне ен-таңба салынған, шамалысына чип қойылған). Соның ішінде 37 бас жылқы 2019 жылы қоныс аударуына байланысты деп көрсетілген.
«Оразәлі» ФҚ-да 2018 жылғы 30-шілдеден басталып 2023 жылмен аяқталатын жылқылардың саны 1 105 бас (көпшілігіне чип қойылған, шамалысына ен-таңба салынған). Соның ішінде 127 бас жылқы 2018 жылы 30-шілдеде қоныс аударуына байланысты деп көрсетілген.
Алқа отырысында талап қоюшының өкілі Н.Акилбеков 2019 жылы әкесі Ж.Акылбековтің «Оразәлі» ФҚ-нан 30 бас жылқыны (айғырларды) айдап әкелгенін жоққа шығармаған.
Демек, сот отырысында талап қоюшы жауапкерге үлесі ретінде екі үйір жылқы бергенін, оның 30-шақтысын 2019 жылы айдап алып кеткенін жоққа шығармайды.
Сонымен қатар, талап қоюшы өзінің талабында малдың есептерін қожалықтарда 2008-2023 жылдары Жұмкен Акылбековтің жүргізгенін көрсеткен. Сол себепті, жылқыларды тіркеуге Нүркен Акилбековтің қатысы дәлелденбеген.
Алқа отырысында тараптар қазіргі кезде өсімімен «Оразәлі» ФҚ-да 1 325 бас жылқы, ал «Сенім» ШҚ-да 1 822 бас тіркелгенін, яғни жергілікті ветеринарларға берілген деректердің шындыққа жанасатынын айтқан.
Істің мұндай тұрғысында талап қоюшының жауапкерден қаржы тапшылығына сай оның заңсыз иеленген 1 135 бас қазақы жылқысын өндіру туралы талабы өзінің бекуін таппаған.
Нүркен Акилбеков өзі жаңа қожалық ашып, сонда өзінің үлес малдарын алып кеткен, оның әкесінің малдарын заңсыз айдап алып кеткенін дәлелдейтіндей ешбір құжаттар жоқ.
Сотта сұралған куә К.Акылбеков өзінің 1994 жылдан 2016 жылға дейін әкесінің малын баққанын, одан кейін жылқыны Нүркен Акилбековтің баққанын, 2022 жылы әкесі жауапкерден 295 бас жылқыны кері айдап алып келгенін көрсеткен.
Апелляциялық сатыдағы сот өзінің қаулысының уәждеу бөлігінде талап қоюшының өзіне тиесілі жылқыларын жауапкердің алып кеткені туралы уәжі негізсіз және дәлелсіз екенін көрсете келе, жауапкердің әкесінен 280 бас жылқы алдым деген ешқандай дәлелсіз сөзін ескеріп, шешімді өзгертіп, соңғыдан талап қоюшының пайдасына 280 бас әр түрлі жастағы жылқыны қайтарған.
Бірақ АПК-нің 68-бабының 1-тармағына сай әрбір дәлелдеме оның қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы ескеріле отырып, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан бағалануға тиіс. АПК-нің 65-бабының 3-бөлігі бойынша істің заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиіс мән-жайлардың ешқандай басқа дәлелдемелермен расталуы мүмкін емес.
АПК-нің 72-бабына сәйкес әр тарап өзінің талаптары мен қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге, қорғану құралдарын пайдалануға, фактілерді растауға, оларға дау айтуға, процесті адал жүргізуге сәйкес келетін және іс жүргізуге жәрдемдесуге бағытталған дәлелдемелерді және дәлелдемелерге қарсы қарсылықтарды судья белгілеген мерзімдерде келтіруге тиіс. Демек, істің мұндай тұрғысында, сот алқасы апелляциялық сатыдағы сот 280 бас жылқыны талап қоюшыға қайтару туралы түйінін ешбір дәлелсіз қабылдаған деп есептейді.
Өйткені ешкімнің де өзінің теріс пиғылды мінез-құлқымен артықшылық алуына құқығы жоқ.
Егер талап қоюшының талабында көрсетілген 1994 жылы жекешелендірілген 500 бас жылқы қожалыққа берілген болса, оның 250 басы Нүркен Акилбековқа тиесілі болған (әкесі мен баласы), себебі қожалықтың сол кездегі мүшелері туралы ешқандай деректер (жалпы жиналыс хаттамалары) істе жоқ.
Жоғарыда көрсетілген анықтама бойынша құзырлы органдарда талап қоюшыда 2018 жылға дейін қанша бас жылқы болғаны, оның ішінде асыл тұқымдысы қанша екені белгісіз, ал ветеринарлық басқармада тіркеу 2014 жылдың 27-қазанынан басталған.
Сондықтан талап қоюшының жауапкердің иелігінде, заң талабына сай тіркеліп тұрған жылқысын, қайтарып алуға ешбір заңды негіздер жоқ.
Сонымен қатар алқа, бірінші сатыдағы соттың тараптар арасындағы дауға талап қою мерзімін өткізіп алған деген уәжі орынды деп есептейді, өйткені талап қоюшыға жауапкердің малды бөліп алып кеткені 2017 жылы белгілі болған, ал талап қою тек 2024 жылдың қыркүйегінде берілген.
Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы өтінішхатта келтірілген «Оразәлі» ФҚ-ның өкілі Н.Ж.Сугиралиевтің уәждерімен келіседі, себебі апелляциялық сатыдағы сот істің мән-жайын толық, жан-жақты және объективті түрде тексермеген, жиналған дәлелдемелерге материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес дұрыс баға бермеген, сол себепті апелляциялық сатыдағы соттың бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгерткен бөлігінде күші жойылып, осы бөлігінде сот шешімі күшінде қалдырылады.
Алқа, апелляциялық сатыдағы соттың түйіндері, істің мән-жайларына сәйкес келмейді деп есептейді.
АПК-нің 109-бабының 3-бөлігіне сай, істі кассациялық сатыдағы соттың қарауы үшін өтініш берген кезде «Оразәлі» ФҚөкілі Н.Ж.Сугиралиев мемлекет кірісіне 614 834 теңге мемлекеттік баж төлеген, бірақ ол «Қазақстан Республикасы соттарының азаматтық істер бойынша сот шығыстары туралы заңнаманы қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 25-желтоқсандағы № 9 Нормативтік қаулысының 4 тармағына қайшы келеді, өйткені мемлекеттік баж жауапкердің атынан төленбеген.
Сондықтан алқа, заң талабына сай 614 834 теңге мемлекеттік баж «Сенім» ШҚ-нан мемлекет кірісіне өндірілуге жатады деп есептейді.
АПК-нің 113-бабының 1-тармағына сәйкес сот пайдасына шешім шығарылған тараптың өтінішхаты бойынша процеске қатысқан және осы тараппен еңбек қатынастарында тұрмаған өкілдің көмегіне ақы төлеу бойынша шығыстарын тараптың іс жүзінде жұмсаған шығыстары мөлшерінде басқа тараптан алып береді. Мүліктік талаптар бойынша осы шығыстардың жалпы сомасы талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігінің он пайызынан аспауға тиіс. Мүліктік емес сипаттағы талаптар бойынша
шығыстар сомасы ақылға қонымды шектерде өндіріліп алынады, бірақ ол үш жүз айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс.
Аталған даудың жауапкердің пайдасына шешілуіне байланысты талап қоюшы «Сенім» ШҚ-нан жауапкер «Оразәлі» ФҚ-на процеске қатысқан өкіл Н.Ж.Сугиралиевке төленген 5 000 000 теңге (2025 жылғы 1-сәуірдегі кіріс кассалық ордеріне квитанция) шығыс ақысы өндірілуге жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8), 2) тармақшаларын басшылыққа алып, сот алқасы
Ұлытау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12-наурыздағы осы іс бойынша шығарған шешімді өзгерту жөніндегі қаулысының күші жойылсын, осы бөлігінде Ұлытау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 9-желтоқсандағы шешімі күшінде қалдырылсын.
«Сенім» шаруа қожалығынан мемлекет кірісіне 614 834 (алты жүз он төрт мың сегізжүз отыз төрт) теңге мемлекеттік баж өндірілсін.
«Сенім» шаруа қожалығынан «Оразәлі» фермерлік қожалығының пайдасына 5 000 000 (бес миллион) теңге өкілдің көмегіне төленген шығыс ақысы өндірілсін.
«Оразәлі» фермерлік қожалығының өкілі Н.Ж.Сугиралиевтің өтінішхаты қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
Н.К.Шәріпов Б.Р.Ералиева Ғ.Ж.Мырзаке
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.