Қ А У Л Ы
2025 жылғы 21 қазан 6003-25-00-2к/1559 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар В.Е.Тохтарбаева, Л.Б.Мамырбаева, прокурор О.С.Пернеевтің, аудармашы Ә.А. Нұрмұраттың, талап қоюшының өкілі Н.В.Отчиктың, жауапкер В.М. Радионовтың қатысуларымен
талап қоюшы Астана қаласының әкімдігінің «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жауапкер Вячеслав Михайлович Радионовқа өтемақы төлеу арқылы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы электронды азаматтық істі жауапкер В.М.Радионовтың Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 17 сәуірдегі шешіміне, Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 маусымдағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, онда жауапкердің меншігіндегі жер учаскесін және жылжымайтын мүлікті мемлекет мұқтажы үшін ақшалай өтемақы төлей отырып, мәжбүрлеп иеліктен шығаруды сұраған.
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 17 сәуірдегі шешімімен талап қоюшының талабы ішінара қанағаттандырылған.
В.М.Радионовқа жеке меншік құқығына тиесілі Астана қаласы, Алматы» ауданы, «Южный» гараж кооперативі № 3058 гараж мекенжайында орналасқан, кадастрлық нөмірі 21-318-048-794, жалпы ауданы 0,00228 га, жер учаскесін 5 249 000 теңге мөлшерінде ақшалай өтемақы төлеумен мәжбүрлеп иеліктен шығарылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 маусымдағы қаулысымен аталған шешім өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер В.М.Радионов кассациялық шағымында істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мәнжайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын, сарапшының қорытындысымен келіспейтінін көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Кассациялық сот тараптарды, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, шағымның уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесі қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген. Астана қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 1 маусымындағы № 510-1613, 2024 жылдың 19 ақпанындағы № 510-440 қаулыларына сәйкес қаладағы Алматы ауданы, А.Тоқпанов көшесінің ауданында орналасқан жалпы ауданы 2,4553 га жер учаскесі «Мектеп» объектісінің іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізу мақсатында мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару жатады.
Қаулыда көрсетілген жер учаскесінің шеңберінде осы ауданның «Южный» гараж кооперативі, № 3058 мекенжайында орналасқан, кадастрлық нөмірі 21-318-048-794, 16 ақпан 2005 жылғы сатып алу-сату шартының және жер учаскесіне жеке меншік құқығы туралы актінің негізінде В.М.Радионовтың жеке меншік құқығына тиесілі жер учаскесі енген.
Уәкілетті органмен жауапкерге өтемақы төлеу арқылы мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарлама табысталып, оған 5 087 000 теңге ақшалай өтемақы ұсынылған.
Алайда, жауапкер өзінің мүліктерін талап қоюшының бағалаған нарықтық құнымен келіспеген, «Appraisement Group» ЖШС-нің есебіне сәйкес 8 681 967 теңге мөлшерінде өтемақы құны төленуі қажет деп есептеген. Осыған байланысты сот ұйғарымымен тағайындалған сарапшы В.Н.Лобаевтың 2025 жылдың 11 сәуірдегі қорытындысымен даулы жердің нарықтық құны зерттеу күніне 5 249 000 теңгеге бағаланған. Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» заңының (бұдан әрі –Заң) 1-бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару – жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.
Заңның 67-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады.
Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.
Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде сарапшының қорытындысын назарға алған. Өйткені, қорытынды иеліктен шығарылатын жер учаскесінің шынайы нарықтық құнын айқындайтын анық дәлелдеме деп танылған. Бұл сараптама заңдылық пен әділдік өлшемдеріне сәйкес келеді.
Сарапшымен сараптама шығын тәсілі және салыстырмалы тәсілімен жүргізіліп, зерттеу кезінде аналогтар пайдаланылған. Соттар бұл әдіс Объектінің нарықтық құнын анықтау кезінде ең сенімді әдіс болып табылатынын назарға алған. Аталған қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Астана қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған. Сот сараптамасында жауапкерге тиесілі көлікжайдың құрылысы жартылай бұзылғаны, жер учаскесі қоқыс алаңына айналғандығына мән берген. Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен. Істің мұндай тұрғысында, соттардың мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алынатын жер учаскесі үшін өтемақы мөлшерін 5 249 000 теңге деп анықтауы заңды.
Осыған байланысты жауапкердің шағымда келтірген уәжі негізсіз, соттардың түйіндеріне қарсы жаңа дәлелдер келтірмеген, көрсетілген уәждері апелляциялық сатыдағы сотпен толығымен негізделген.
Кассациялық шағымдағы дәлелдер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген дәлелдерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.
Жауапкер сот шешімін өзгертуді және сот сараптмасының қорытындысы бойынша өтемақыны сарапшы салыстырмалы тәсілімен анықтаған мүліктің құнынна ғана сүйеніп анықтауды сұрайды. Сарапшы жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын айқындау кезінде шығыс және салыстырмалы тәсілдерін пайдаланған. Жылжымайтын мүліктің түпкілікті құны оның жиынтық көрсеткішін шығару және нәтижелерін келісу жолымен айқындалған.
«Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі» туралы Заңның 14бабына сәйкес, бағалаушының дереккөзiн көрсете отырып, бағалау стандарттарына және (немесе) халықаралық бағалау стандарттарына сәйкес бағалау әдiстерi мен бағалау амалдарын өзі дербес қолдануға құқығы бар. Сарапшының бағалау тәсілдері мен әдістері Сот құрылыс-тауартану сараптамасын жүргізу кезінде жылжымайтын мүліктің құнын айқындау әдістемесінің талаптарына сәйкес келеді, оны теріске шығаратын дәлелдемелер ұсынылмаған. Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.
Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 17 сәуірдегі шешімі, Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер В.М.Радионовтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
В.Е.Тохтарбаева
Судьялар:
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.