ВС РК - Постановление от 14.12.2023 по делу 6001-23-00-6ап/1393 (Административное)

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 14 желтоқсан 6001-23-00-6ап/1393 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Д. Өміралиев болып, талап қоюшы Ж[...],

жауапкер өкілі Ж[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Ж[...] жауапкер «Ақмола облысының мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Басқарма) 2022 жылдың 1 маусымдағы № 242170 электрондық аукционның хаттамасын заңсыз, 2022 жылғы 2 маусымдағы № 35086-ЭТП мемлекеттік сатып алу туралы шартты жарамсыз деп тану, бюджет есебіне төленген 818 376 теңгені қайтару туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылдың 7 желтоқсандағы шешіміне, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 11 сәуірдегі қаулысына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 7 желтоқсандағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырылған.

Басқарманың 2022 жылдың 1 маусымдағы № 242170 санды электрондық аукционның хаттамасы және 2022 жылғы 2 маусымдағы № 35086-ЭТП санды мемлекеттік сатып алу туралы шартты жарамсыз деп танылып, күштері жойылған.

Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 11 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, күштерін жойып, талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Мүдделі тұлғалардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Жауапкер өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, талап қоюшының кассациялық шағыммен келіспеген пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Істің мән-жайларына қарағанда 2022 жылғы мамыр айында Басқарма мемлекеттік сатуға баланс ұстаушы «Қазақстан Республикасы І[...] Министірлігінің Ақмола облысының Полиция департаменті» ММ-нің маркасы «Skoda Octavia» мемлекеттік нөмірі C464КР көлік құралы (бұдан әрі – автокөлік) төмендеу сауда-саттықтар тәсілімен өткізген.

2022 жылғы 1 маусымда №242170 электрондық аукционның қорытындасы бойынша жеңімпаз болып Ж[...] танылған.

2022 жылғы 2 маусымда талап қоюшы мен жауапкердің арасында сатып алу-сату шарты жасақталып, талап қоюшы республикалық бюджет кірісіне 818 376 теңге төлеген. 2022 жылғы 9 маусымдағы қабылдау-беру актісіне сәйкес талап қоюшы автокөлікті қабылдап алған.

2022 жылғы 30 қыркүйекте талап қоюшы Басқармаға шағым келтіріп, онда автокөліктің қозғалтқыш көлемі құжаттарға сәйкес келмейтінін көрсеткен.

Басқарма шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдаған.

Бұл шешіммен келіспеген Ж[...] сотқа жүгінген.

Соттар талапты қанағаттандырғанда мына мән-жайларды негізді ескерген.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 9 тамыздағы № 920 «Жекешелендіру объектілерін сату қағидасын бекіту туралы» қаулысының 9-тармағына сәйкес, мемлекеттік мүліктің теңгерім ұстаушысы жекешелендіру объектісінің сақталуына және сатып алушыға меншік құқықтары өткенге дейін жекешелендіру объектісі бойынша мәліметтердің дұрыстығына жауап береді.

Басқармамен жарияланған сауда-саттықтар лотында, хаттамада және сатып алу-сату шартында автокөліктің қозғалтқыш көлемі 1790 (текше см) деп көрсетілгені қате екендігі, іс жүзінде қозғалтқыш көлемі 1595 (текше см) екендігі анықталған.

Бұл жағдайды жауапкер теріске шығармаған.

Істің басқа да егжей-тегжейлі мән-жайлары, соттардың негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылдың 7 желтоқсандағы шешімі, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 11 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер «Ақмола облысының мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Ш. Даниярова

Е. Өміралиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.