6001-22-00-6ап/840
2022 жылғы 9 тамыз Нұр-Сұлтан қаласы
Қ А У Л Ы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – Қайыпжан Н.Ү.,
судьялар – Даниярова Ш.Т., Нажмиденов Б.Т.,
прокурор Д[...], талап қоюшының өкілі О[...], жауапкердің өкілі Х[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында қашықтықтан бейне-дыбыс жазу құралдарын қолдану арқылы талап қоюшы «Ж[...]» ЖШС-нің жауапкер «Мұнайлы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» РММ-не 2021 жылғы 29 қыркүйектегі №[...] санды хабарламасын заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 22 желтоқсандағы шешіміне, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 16 наурыздағы қаулысына «Ж[...]» ЖШС-нің берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы «Ж[...]» ЖШС-сі сотқа аталған әкімшілік талап қою арызымен жүгініп, оны 2007 жылы Мұнайлы ауданы құрылғанына орай, «Ж[...]» ЖШС-не тиесілі біраз жерлері осы жаңа ауданның аумағына өтіп кеткенін, сонымен қатар ұзақ жылдан бері серіктестіктің келісімімен, оларға тиесілі жерінен көптеген азаматтарға беріліп, бірақ жер учаскелерінің құжаттарын ресімдемей жүргендер де барын, осыған орай, шаруашылықтың жері осы ауданда 26 733,3211 га болып тұрғанын, сондықтан салық органының хабарламасымен келіспейтінімен негіздеген.
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 22 желтоқсандағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырудан бас тартылған.
Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 16 наурыздағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық саты соттарының материалдық және процессуальдық заң нормаларын бұзуына байланасты іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талап қою арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымның уәждерін қолдаған түсінігін, жауапкер өкілінің кассациялық шағымға қарсы пікірін, прокурордың сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, қассациялық сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі-АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарына қарағанда, Мұнайлы ауданы әкімдігінің 2010 жылғы 16 маусымдағы қаулысы негізінде «Ж[...]» ЖШС-не Мұнайлы ауданы аумағынан ауыл шаруашылығын жүргізу үшін берілген барлығы жалпы алаңы 50 720,0 га ( 32244,0 га, 12649,0 га, 5827,0 га) жер учаскелерінің 26 733,3211 га талап қоюшының пайдалануында.
Қалған жер учаскелері бірнеше жылдан бері талап қоюшының келісімімен көптеген азаматтарға беріліп, олар өз шаруа қожалықтарын құрып, мал шаруашылығымен айналысып келеді. Осының негізінде, Мұнайлы ауданының Әкіміне аудан прокуратурасының 2021 жылғы 19 шілдедегі заңдылықты бұзушылықты жою туралы ұсыныс келтірілген.
Ұсыныс негізінде «Мұнайлы аудандық жер қатынастары бөлімі» ММмен 2021 жылғы 22 шілдедегі хатымен талап қоюшыға ескерту жіберілген.
Аталған ескертуге талап қоюшы тарапынан 2021 жылғы 10 тамызда жауап хат берілген.
Содан кейін, Мұнайлы ауданының Әкімі талап қоюшыға нұсқама шығарып, жолдаған. Аталған нұсқама дауланбаған, күші жойылмаған.
Жергілікті соттар талап қою арызды қанағаттандырудан бас тартып, оны талап қоюшыға берілген Мұнайлы ауданы аумағындағы жалпы алаңы 50 720,0 га жер учаскелері толығымен игерілмей отырғанымен, тиісінше келісім-шарттың 4-тармағында көрсетілген міндеттеме толық орындалмағанымен негіздеген.
Сонымен қатар, соттар Қазақстан Республикасы Салық Кодексінің 509бабының 4-тармағына сәйкес, объектілер салуға арналған және тиісті мақсаттарда пайдаланылмайтын немесе Қазақстан Республикасының заңнамасы бұзыла отырып пайдаланылатын жер учаскелері бойынша Кодекстiң 505-бабы кестесінің 23 – 27-жолдарында көрсетілген мөлшерлемелерден басқа, осы Кодекстiң 505, 506 және 507-баптарында және осы бапта белгіленген базалық салық мөлшерлемелері жерді пайдалану мен қорғауды бақылау жөніндегі уәкілетті орган меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға жер учаскесін мақсаты бойынша пайдалану және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықты жою қажеттігі туралы жазбаша ескертуді табыс еткен күннен бастап он есеге ұлғайтылатынын басшылыққа алған.
Бұған қоса, Мұнайлы аудандық жер қатынастары бөлімінің 2021 жылдың 3 тамыздағы хаты мен Әкімнің нұсқамасының негізінде, Мұнайлы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының «Ж[...]» ЖШС-не қатысты шығарылған 2021 жылғы 28 қыркүйектегі хабарламасы оның құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шығарылған деп дұрыс тұжырымдаған.
Істің мұндай тұрғысында, жергілікті соттардың, «Ж[...]» ЖШС-нің талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыру туралы және дауланып отырған 2021 жылғы 28 қыркүйектегі хабарламаны күшінде қалдыру туралы тұжырымдары негізді.
Жоғарыда көрсетілгендер негізінде, ӘРПК-нің 169-бабын, АПК-тің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы әкімшілік іс бойынша қабылданған Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 22 желтоқсандағы шешімі, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 16 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы «Ж[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Н. Қайыпжан
Судьялар
Ш. Даниярова
Б. Нажмиденов
Көшірмесі дұрыс Судья Н. Қайыпжан
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.