ҚАУЛЫ
2026 жылғы 24 ақпан №6003-25-00-2к/4716 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.О.Тогумбетова, прокурор А.Е.Кадылбековтың, талап қоюшының өкілі С.Х.Тастыбайдың қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы, ашық сот отырысында
талап қоюшы Астана қаласының әкімдігінің атынан «Астана қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Мекеме) жауапкер Рустам Абдрахманович Джиенгуловқа өтемақы төлеумен жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару және тұрғын үйден шығару туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшының Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 15 мамырдағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 шілдедегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Мекеме жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 15 мамырдағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
Жауапкердің меншік құқығындағы Астана қаласы, Байқоңыр ауданы, А.Сембинов көшесі, №2/2 мекенжайында орналасқан, жалпы ауданы 0,0575 га, кадастрлық №21-318-031-040 жер учаскесі 73 913 952 теңге ақшалай өтемақы төлеумен мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған. Жауапкер ақшалай өтемақы алғаннан кейін осы жер учаскесінде орналасқан тұрғын үйді босатуға міндеттелген.
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскелерінің нарықтық құны «Дом оценки» тәуелсіз бағалау компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі -ЖШС) бағалау есебі бойынша дұрыс анықталғанын, апелляциялық сот іс үшін маңызы бар мән-жайларға дұрыс құқықтық баға бермегенін, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысын өзгертіп, жауапкерге төленетін өтемақыны мөлшерін 59 530 218 теңгеге дейін азайтуды сұраған.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған түсінігін, прокурордың сот актілері заңды деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттары
мен кассациялық шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі негіздерге байланысты дауланып отырған сот актілерін күшінде қалдыру қажет деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген. Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының 3-тармағында соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайтыны, заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргізілуі мүмкін екені қарастырылған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 188бабының 5-тармағына сай, меншiк құқығының мерзiмi шексіз. Мүлiкке меншiк құқығы осы Кодексте көзделген негiздер бойынша ғана ықтиярсыз тоқтатылуы мүмкiн.
АК-нің 255-бабының 1-тармағында мемлекеттiк органның меншiк иесiнен мүлiктi алып қоюға тiкелей бағытталмаған шешiмiне, соның iшiнде меншiк иесiне тиесiлi үй, өзге де қора-қопсы, құрылыстар немесе өсiмдiктер бар жер учаскесiн алып қою туралы шешiмiне байланысты қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығының заң құжаттарымен белгiленген реттер мен тәртiп бойынша ғана меншiк иесiне құны тең мүлiк берiп және өзге де келтiрiлген залалдарын өтей отырып немесе меншiк құқығының тоқтатылуынан келтiрiлген залалдарын толық көлемiнде өтей отырып тоқтатылуына жол берiлетіні көрсетілген.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 84-бабының 1-тармағына сәйкес, жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн айрықша жағдайларда, меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен мүлiктің тең құны өтелген кезде не сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп иелiктен шығарылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 1- бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес, мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.
Заңның 67-бабының 2, 3- тармақтарында мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалатыны қарастырылған.
Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы осы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.
Азаматтық істің құжаттарына қарағанда, жоғарыда көрсетілген жер учаскесі жауапкердің меншік құқығы тиесілі.
Астана қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 23 мамырдағы №510-1740 қаулысына сәйкес, жауапкердің бұл жер учаскелері мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға жатады.
2024 жылғы 28 наурызда жауапкерге өтемақы төлеумен мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарлама табысталып, оған «Дом Оценки» тәуелсіз бағалау компаниясы» ЖШС-мен жасаған мүлікті бағалау есебі негізінде даулы жер учаскесіне 59 530 218 теңге ақшалай өтемақы ұсынылған.
Жауапкер жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға қарсы болмағанымен, ұсынылған өтемақы мөлшерімен келіспеген.
«Прогресс Конслатинг» ЖШС-нің 2025 жылғы 14 мамырдағы №С.7004.25 сот сараптамасының қорытындысы бойынша жауапкердің мемлекет мұқтажы үшін алынатын жер учаскесі, ондағы мемлекеттік органда тіркелген жылжымайтын мүліктің нарықтық құны 70 792 658 теңгені, ал меншік құқығы тиісті түрде рәсімделмеген және мемлекеттік органда тіркелмеген жылжымайтын мүліктің - құрылыс материалдарының нарықтық құны 3 121 294 теңгені құраған.
Бірінші сатыдағы сот өтемақыны айқындау кезінде осы сот сараптамасынының қорытындысын дұрыс негізге алған. Өйткені, бұл қорытындыда объектіні зерттеу кезінде жер учаскелерінің нақты нарықтық құны көрсетіліп, олардың жалпы сомасы дұрыс анықталған. Қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Астана қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған. Салыстырмалы зерттеу әдістемесін қолданғанда сарапшы жер учаскелерінің ұқсас аналогтарын пайдаланған. Сонымен қатар, сарапшыға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 420-бабы бойынша көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертiлген.
Апелляциялық сот істің мән-жайын тексеріп, бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен толықтай келіскен.
Талап қоюшының шағымындағы уәждері соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген.
Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттардың тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.
Талап қоюшының іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі, дауланып отырған сот актісінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.
Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 15 мамырдағы шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков
Судьялар: Л.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.