КСАД РК - Постановление от 19.11.2025 по делу 6003-25-00-4к/298 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 19 қараша № 6003-25-00-4к/298 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші– судья Кабдрахманова Н.М.,

судьялар – Л.Е.Каирбаева, М.А.Манабаева болып,

талап қоюшы А.Ш.Джуманазарованың қатысуымен ашық сот

отырысында

Айназ Шоханқызы Джуманазарованың Алматы облысы атқарушылық округының жеке сот орындаушысы Кайрат Бахитович Бейсембаевқа күштеп шығару бойынша әрекетін заңсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша

Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 14 қараша 2024 жылғы ұйғарымына, Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы 2025 жылғы 17 қантардағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап, АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап арызбен жүгінді.

Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 14 қараша 2024 жылғы ұйғарыммен талап қоюшының талап қоюы қайтарылған.

Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 қантардағы ұйғарыммен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында жергілікті соттар істің мәнжайларына дұрыс баға бермегенін, істі біржақты қарағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды және істі қайта қарауға жолдауды сұраған.

Әкімшілік іске жаупкер келмеуі оған тиісінше хабарланған жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі-ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Кассациялық сот талап қоюшының кассациялық шағымындағы дәлелдерін талқылап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді. ӘРПК-нің169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым беру және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Осы іс бойынша мұндай кемшіліктерге жол берілген.

Алматы облысы Талғар аудандық сотының 2023 жылғы 29 тамыздағы шешімімен А.Солощенковтың талап қоюы қанағаттандырылған. Ол бойынша Алматы облысы, Талғар қаласы, Талғар көшесі, 23 үй мекенжайдағы үйден Жаксыбике Бердыхановна Серикбаеваны шығару шешілген.

2024 жылғы 3 қазанда жеке сот орындаушы К.Бейсембаевпен атқару құжат пен өндіріп алушының арызы негізінде атқарушылық іс жүргізу қозғалған.

Талап қоюшы өзінің жоғарыда аталған мекенжайда кәмелетке толмаған балаларымен бірге тұруына орай, оған қатысты шешім шықпағанын уәждеп, сот орындаушы өз әрекетін асыра атқарғанын көрсетіп, аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

АПК-нің 138-бабы 2-бөлігінің 4) және 11) тармақшаларына сілтеме жасай отырып, бірінші сатыдағы сот сот орындаушысының шешімдері мен ісәрекеттеріне шағымдану құқығы тек атқарушылық іс жүргізу тараптарында болатынын, ал талап қоюшы жеке сот орындаушысының іс-әрекеттеріне дау айтылатын атқарушылық іс жүргізу тарабы болып табылмайтынын және әкімшілік талапқа оған уәкілеттік берілмеген адам қол қойғанын көрсеткен. Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың осы тұжырымдарымен келіскен.

Іс бойынша қолданылған материалдық және процесуалдық құқық нормаларының заңдылығы мен негізділігін тексере отырып, кассациялық сот соттардың бұл тұжырымдарын қате деп санайды.

Шынында да, "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 127бабына сәйкес сот орындаушысының атқарушылық құжатты орындау жөніндегі шешімі мен әрекетіне (әрекетсіздігіне) немесе мұндай әрекеттерді жасаудан бас тартуға өндіріп алушы немесе борышкер ғана сотқа шағым жасай алады.

Алайда әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын сотта қорғау құқығы Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабында бекітілген конституциялық кепілдік болып табылады. Осыған ұқсас норма - ӘРПК-нің 9-бабының бірінші бөлігінде қамтылған, оған сәйкес әрбір адам осы Кодексте белгіленген тәртіппен бұзылған немесе даулы құқықтарды, бостандықтарды немесе заңды мүдделерді қорғау үшін сотқа жүгінуге құқылы.

Талап қоюшының түсіндірмесінен атқарушылық әрекеттер мен осы істі соттарда жүргізу кезінде ол өзінің кәмелетке толмаған балаларымен бірге даулы тұрғын үйде тұратындығы белгілі болған.

Заңның 2 және 126-баптарының нормаларына сәйкес атқарушылық іс жүргізудің міндеттері сот шешімдерінің негізінде берілетін атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындауға бағытталған шараларды міндетті және уақтылы қабылдау болып табылады. Сот орындаушысы өзіне берілген құқықтарды заңға сәйкес пайдалануға және өз қызметінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіруге жол бермеуге міндетті.

ӘРПК-нің 23-бабының ережелеріне сәйкес құқықтары, бостандықтары немесе заңды мүдделері әкімшілік актімен, әкімшілік әрекетімен (әрекетсіздігімен) қозғалған немесе әсер етуі мүмкін адам мүдделі тұлға болып танылады. Мүдделі тұлға осы Кодекстің 22-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасын қоспағанда, осы Кодекстің 22-бабында көзделген құқықтарды пайдаланады. Жоғарыда айтылғандарға байланысты талап қоюшы борышкер Ж. Б. Серікбаеваға қатысты атқарушылық іс жүргізу бойынша мүдделі тұлға болып табылады.

Мұндай жағдайларда сот алқасы төменгі соттар іс үшін маңызы бар мәнжайларды жан-жақты, толық және объективті анықтауға жеткілікті шаралар қабылдамады, іс жүргізу құқығының нормалары дұрыс қолданылмады деген қорытындыға келеді.

Көрсетілген бұзушылықтар елеулі, бұл істі мәні бойынша қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа жаңа қарауға жібере отырып, даулы сот актілерінің күшін жоюға әкеп соғады.

Бірінші сатыдағы сот жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді жойып, талапкер мен жауапкердің дәлелдерін толық көлемде тексеріп, талап қою талаптарын нақтылауы керек.

Демек, іс үшін маңызды барлық жағдайларды зерттеу, дәлелдемелерге тиісті құқықтық баға беру және дауды қолданылатын материалдық және іс жүргізу құқығының нормаларына сәйкес шешу қажет.

Сонымен қатар сот Ж.Жұмабаев сот актілерінде баяндалған себептер бойынша әкімшілік сот ісін жүргізу шеңберінде талапкердің мүддесін білдіре алмайды деген соттардың тұжырымдарын кассациялық сатыдағы сот дұрыс деп санайды.

Алайда сотта ӘРПК-нің 138-бабының 4) тармақшасы бойынша талап қоюды қайтару бойынша заңды негіздер болған жоқ, өйткені АПК-нің 152бабы бірінші бөлігінің 3) тармақшасының мағынасын негізге ала отырып, істі дайындау сатысында кемшіліктерді жою мүмкіндігі болған жағдайда талап қоюды қайтаруға жол берілмейді.

Қаралып отырған жағдайда талап қоюшы сот талқылауы тағайындалғанға дейін осы талапқа өз бетінше қол қою мүмкіндігіне ие болды.

Мұндай жағдайларда талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ: Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 14 қарашадағы , Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 қантардағы ұйғарымдарының күші жойылсын.

Әкімшілік іс Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына қайта қарауға жолдансын.

Талап қоюшы Айназ Шоханқызы Джуманазарованың кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Н.Кабдрахманова Л.Каирбаева

Төрағалық етуші Судьялар

М.Манабаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.