КСАД РК - Постановление от 05.03.2026 по делу 6003-25-00-4к/2865 (Административное)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 5 наурыз № 6003-25-00-4к/2865 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – судья Ә.Ж.Назарова,

судьялар – М.А.Қасымов, Д.Н.Нұрлыбаева болып,

талап қоюшы өкілі Р.Наурызбаевтың қатысуымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Арби Адамович Вагаповтың жауапкер Қызылорда қаласы әкіміне 2007 жылғы 18 қаңтардағы №1526 шешімін заңсыз деп танып, күшін жою туралы талабы бойынша қабылданған

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 15 тамыздағы ұйғарымы мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 қазандағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымы бойынша келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы А.А.Вагапов талап арызбен сотқа жүгініп, Қызылорда қаласындағы жылжымайтын мүлікті жария етуді өткізу комиссиясының (бұдан әрі- Жария комиссиясы) 2007 жылғы 18 қаңтардағы №1526 шешіміне дау келтірген.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 15 тамыздағы ұйғарымымен талап қоюды беруге арналған мерзімді қалпына келтіру туралы арызы қанағаттандырудан бас тартылып, талап қою қайтарылған.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 қазандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Сот актілерімен келіспей, талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерінің күшін жойып, әкімшілік талапты негізінен қарау үшін бірінші саты сотына жолдауды сұраған.

Кассациялық сатыдағы сот жауапкердің түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын, шағым уәждерін зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі–АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған. Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі-МАӘС) 2022 жылғы 8 желтоқсандағы шешімімен талап қоюшы Г.Асқарованың талап қоюы қанағаттандырылып, Қызылорда қаласы әкімінің 2021 жылғы 6 қыркүйектегі №973 А.Лиге және 2021 жылғы 10 қыркүйектегі №991 Ә.Алдабергеновке жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен табыстау туралы қаулылары заңсыз деп танылып, күші жойылған.

«Қызылорда қалалық жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен А.Лидің арасындағы 2021 жылғы 9 қыркүйектегі №1311 Қызылорда қаласы, ПМК-29, «Мелиоратор» бау-бақша серіктестігінде орналасқан жер учаскесін жалға беру туралы, «Қызылорда қалалық жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен Ә.Алдабергеновтың арасындағы 2021 жылғы 13 қыркүйектегі №1351 Қызылорда қаласы, ПМК-29, «Мелиоратор» бау-бақша серіктестігінде орналасқан жер учаскесін жалға беру туралы шарттары жарамсыз деп танылған.

Апелляциялық алқаның 2025 жылғы 10 сәуірдегі қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Бірінші сатыдағы сот шешімі бойынша Жария комиссиясының 2007 жылғы 18 қаңтардағы №1526 шешімі негізінде Қызылорда қаласы, «Мелиоратор» бау-бақшасы мекенжайындағы жер учаскесіне Н.Спасовтың жеке меншік құқығы жария етілгені, Н.Спасовтың жеке меншік құқығы 2007 жылғы 17 тамызда мемлекеттік тіркеуден өткені анықталған.

2011 жылғы 31 наурызда Н.Спасов жер учаскесін Р.Холматоваға сатқан болса, 2021 жылғы 8 мамырда бұл жер учаскесін Р.Холматовадан талап қоюшы Г.Асқарова 2500000 теңгеге сатып алған.

А.Вагаповпен қазіргі таңда Жария комиссиясының 2007 жылғы 18 қаңтардағы Н.Спасовқа жер учаскесіне жеке меншік құқығы жария етілген шешімі дауланған.

ӘРПК-нің 136-бабының 5-бөлігіне сай құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері әкімшілік актіде қозғалатын, әкімшілік рәсімге қатыспаған адам әкімшілік актінің қабылданғаны туралы адам білген немесе білуі мүмкін болған күннен бастап бір ай ішінде, бірақ ол қабылданған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей сотқа талап қоюды беруге құқылы.

Іс бойынша талап қоюшы А.Вагапов әкімшілік рәсімге қатысушы болып табылмайды, өйткені даулы шешім Н.Спасовқа қатысты шығарылған.

Іс құжаттарына қарағанда А.Вагаповтың даулы жер учаскесіне меншік құқығы 2023 жылғы 26 желтоқсандағы сатып алу-сату шарттары негізінде туындаған.(А.Вагапов пен Ә.Алдабергенов, А.Вагапов пен А.Ли арасында жасалған сатып алу-сату шарттары бойынша)

Сонымен қатар, даулы қаулы 2007 жылғы 18 қаңтарда қабылданған, тиісінше оны қабылдаудың әкімшілік рәсіміне қатыспаған адам үшін, яғни А.Вагапов үшін де оны даулау туралы талап қою мерзімі 2008 жылғы қаңтар айында аяқталған.

ӘРПК-нің 136-бабының нормасына сай, көрсетілген бір жылдық мерзім ол тыйым салынған мерзім болып табылады және қалпына келтіруге жатпайды.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Жоғарыда келтірілгендердің негізінде жергілікті соттардың сот актілері өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 15 тамыздағы ұйғарымы мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 қазандағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Ә. Назарова

Судьялар

М.Қасымов

Д. Нұрлыбаева

⚠️ Текст документа получен на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан.