ВС РК - Постановление от 07.02.2024 по делу 6001-23-00-3ГП/580 (Гражданское)

6001-23-00-3ГП/580

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 7 ақпан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Шәріпов Н.К., судьялар Бектұрғанов М.Ж., Молдахметова Т.А., талап қоюшы Ю[...] өкілі Н[...], жауапкер М[...], үшінші тұлға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының өкілі М[...] қатысуларымен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында бейнеконференцбайланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы Ю[...] жауапкер М[...], үшінші тұлға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының Сайрам аудандық тіркеу және жер кадастры бөліміне заңсыз салынған темір қоршау мен бастырманы жауапкердің есебінен мәжбүрлеп бұзу туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Сайрам аудандық сотының 2023 жылғы 30 наурыздағы шешімін, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 15 маусымдағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Ю[...] өкілі Н[...] өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Ю[...] жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Сайрам аудандық сотының 2023 жылғы 30 наурыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 15 маусымдағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Арызданушы өтінішхатында істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына байланысты іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) өтінішхат уәждерін талқылап, талап қоюшы өкілінің өтінішхатты қолдаған түсініктерін, жауапкер мен үшінші тұлғаның пікірін тыңдап, іс құжаттарын тексеріп, дау айтылған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының 1-бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға сот сатылары жол бермеген.

Іс құжаттарына қарағанда, Ю[...] Сайрам ауданы Ақсукент [...] (кадастрлік №[...]) тұрғын үйдің меншік иесі болып табылады.

Жауапкер Ақсукент [...] меншік иесі болып табылады, яғни тараптар көршілес жер учаскелерінің меншік иелері.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының Сайрам аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінің маманы П[...] 2023 жылғы 27 ақпанда жасалған далалық зерттеу актісіне сай, М[...] кадастрлік №[...] жер учаскесі Ю[...] пайдаланысындағы жер учаскесіне 0.0046 га (46 ш.м.) беттесетіні, Ю[...] пайдаланып отырған жер учаскесінің М[...] пайдаланысындағы жер учаскесіне 0.0213 га (213 ш.м.) беттесетіні анықталған.

Жергілікті соттар, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуларын төмендегімен негіздеген.

Талап қоюшы М[...] пайдалануындағы Ақсукент [...] қатысты меншік құқығын растайтын құжаттардың заңдылығын дауламастан, жауапкердің иелігіндегі темір қоршау мен бастырманы жауапкердің есебінен мәжбүрлеп бұзу туралы талаппен сотқа жүгінген.

Сот алқасы соттардың бұл тұжырымымен келіседі. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 188-бабы 3-тармағына сәйкес, меншік иесі өзіне тиесiлi мүлікке қатысты өз қалауы бойынша кез келген әрекеттер жасауға құқылы.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 42-бабы 2-тармағына сай, егер осы кодексте және Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, жер учаскелерiнiң меншiк иелерi немесе жер пайдаланушылар өздерiне тиесiлi жер учаскелерiне құқықтарын өз қалауынша жүзеге асырады.

Талап қоюшы сотта АПК-нің 72-бабы 1-бөлігіне сәйкес, талаптарының негізі ретінде сілтеме жасаған мән-жайларды дәлелдей алмаған.

Талап қоюшының М[...] өзіне тиесілі емес жер учаскесін заңсыз қоршап, пайдалануда деген уәжі соттармен дұрыс назарға алынбаған.

Өйткені даулы темір қоршау мен бастырманың нақты қай жерде орналасқаны анықталмаған.

Бұдан бөлек, жоғарыда аталған далалық зерттеу актісіне сай, тараптардың жер учаскелері бір бірімен беттескен.

Бұл ретте талап қоюшымен даулы жер учаскелерінің орналасу шекаралары айқындалмай, жауапкердің жерді мақсатына сай пайдаланып отырғаны, даулы объектілердің заңсыз тұрғызылғаны анықталмастан және мұндай талаптар сотқа мәлімденбестен бірден даулы құрылыстарды бұзу туралы талап қойылған.

Ал, АПК-нің 225-бабының 2-бөлігінде сот істі талап қоюшы мәлімдеген талаптар шегінде шешетіні көзделген.

Істің мұндай тұрғысында, жергілікті соттардың талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы тұжырымы негізді болып табылады. Сот сатылары істің мән-жайларына объективті баға берген және материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданған, сондықтан сот алқасы дау айтылған сот актілері күшінде, ал өтінішхат қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деп санайды.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Сайрам аудандық сотының 2023 жылғы 30 наурыздағы шешімі, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 15 маусымдағы қаулысы күшінде, Ю[...] өкілі Н[...] өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Н. Шәріпов Судьялар М. Бектұрғанов

Т. Молдахметова Көшірмесі дұрыс Судья Т. Молдахметова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.