Қ А У Л Ы
2025 жылғы 9 қазан № 6003-25-00-4к/356 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші судья М.А. Туганбаев,
судьялар Н.Е.Нуралыева, Ж.А.Оспанова,
мүдделі тұлға З.А. Шажалиеваның қатысуымен
ашық сот отырысында талап қоюшы Ш.Ю. Садиковтің «Түркістан облысының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесіне Түркістан облысы Білім басқармасының Сауран ауданы Білім бөлімінің «Х.А. Яссауи атындағы жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры бос лауазымына конкурс жариялау әрекетіне дау айту және 2022 жылғы 13 тамыздағы жарияланған конкурстың 6-кезеңінде көзделген әңгімелесу рәсімін қайта өткізуге міндеттеу туралы талап қоюы бойынша Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 31 қазандағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 сәуірдегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 31 қазандағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған. Талап қоюшы кассациялық шағымында жергілікті соттардың қорытындысы заңсыз және негізсіз екенін көрсетіп, қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұрайды. Кассациялық сот іс материалдары мен шағымның уәждерін зерделеп, келесі негіздер бойынша шағым қанағаттандырусыз, ал дауланып отырған сот актілері өзгеріссіз қалдырылуға жатады деп есептейді. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Жергілікті соттар осы іс бойынша мұндай бұзушылықтарға жол бермеген. ӘРПК-нің 155-бабының төртінші бөлігіне сәйкес сот, егер талап қоюды қарау кезінде даулы әрекет (әрекетсіздік) жасалғанын, шешім құзыретіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданғанын анықтаса, оны қанағаттандырудан бас тартады. Жергілікті соттар жоғарыда аталған нормаларды басшылыққа ала отырып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқаны негізді.
Іс материалдарынан анықталғандай, «Х.А.Яссауи атындағы жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Мектеп) басшысы лауазымына 2022 жылғы 13 тамызда конкурс жарияланған. Осы конкурсқа кандидат ретінде З.А. Шажалиева мен Ш.Ю.Садиков қатысқан. Мектептің Қамқоршылық кеңесі отырысының 2022 жылғы 7 қыркүйектегі № 4 хаттамасымен Мектеп директорының бос лауазымына орналасуға Ш.Ю.Садиковты мектеп директоры болуға ұсыну, ал З.А.Шажалиева қажетті дауысты жинамағаны үшін облыстық басқарманың комиссиясына жібермеу туралы шешім қабылданған.
Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының білім беру ұйымдарының басшысы лауазымына конкурстық тағайындау комиссия отырысының 2022 жылғы 30 қыркүйектегі № 2 хаттамасымен мектеп директорының бос лауазымына үміткер Ш.Ю.Садиковты 54 баллмен мектеп басшылығына тағайындау туралы Бөлімге ұсыныс хат енгізу туралы шешім қабылданған. Бөлімнің 2022 жылғы 6 қазандағы № 399 ж/қ бұйрығымен Ш.Ю.Садиков 2022 жылғы 6 қазаннан бастап мектеп директоры болып тағайындалған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы 2024 жылғы 3 мамырдағы қаулысымен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 14 маусымдағы қаулысын өзгерткен. Қаулының 2022 жылғы 7 қыркүйектегі «Х.А.Яссауи атындағы жалпы білім беретін мектеп» КММ-нің қамқоршылық кеңесі отырысының №4 хаттамасын заңсыз деп танып, күшін жою туралы талабын қанағаттандырусыз қалдыру туралы бөлігінің күшін жойған. Талап қоюшы З.А.Шажалиеваның әкімшілік талап қоюының осы бөлігі қайтарылған.
Қаулының Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасының білім беру ұйымдарының басшысы лауазымына конкурстық тағайындау комиссиясы отырысының 2022 жылғы 30 қыркүйектегі №2 хаттамасын заңсыз деп танып күшін жою туралы талабын өзгеріссіз қалдырған бөлігінің күші жойылып, жаңа шешім қабылданған. Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасының білім беру ұйымдарының басшысы лауазымына конкурстық тағайындау комиссиясы отырысының 2022 жылғы 30 қыркүйектегі №2 хаттамасын қабылданған Түркістан облысы Сауран ауданының «Х.А.Яссауи атындағы жалпы беретін мектеп» КММ-нің бірінші басшысы лауазымына Ш.Ю.Садиковты директор етіп тағайындауға қатысты бөлігі заңсыз деп танылып, оның күші жойылған.Қаулының қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Аталған соттың қаулысын орындау мақсатында жауапкер Сауран ауданының Білім бөлімі (бұдан әрі-Бөлім) 2024 жылғы 16 масымдағы № 132 ж/қ бұйрығымен 2022 жылғы 6 қазандағы Ш.Ю.Садиковты Мектеп директоры ретінде тағайындау туралы №399 ж/қ бұйрықтың күшін жойған.
Талап қоюшы осы актіні даулап отыр, оның пікірінше, сот қаулысымен оны тағайындау туралы шешімнің күші жойылғанымен, сол кездегі өткізілген конкурстың 5 кезеңі заңды күшінде, оны жауапкердің өзі мойындап, сол конкурс бойынша оны 2024 жылы 4 қыркүйекте Басқармаға 6-кезеңі әңгімелесу рәсімін өткізу үшін шақырғанын көрсетіп, соттан Басқарманың конкурс жариялау әрекетін заңсыз деп танып, Басқарманы бұрынғы конкурстың 6-кезеңін қайта өткізуді міндеттеуді сұрайды.
Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырудан бас тарта отырып, дауланып отырған конкурс бойынша сот талқылауы өткізіліп, оның заңсыздығы анықталғанына байланысты бұл фактілер мәні бойынша қаралған және оған қайта баға берілуге жатпайды деген тұжырым жасаған. Осыған байланысты кассациялық сот жергілікті соттардың дауланып отырған акті ӘРПК-нің 8-бабының екінші бөлігінде көрсетілген әділдік пен ақылға қонымдылық қағидаттарына сәйкес келетіні туралы тұжырымдарымен келіседі. АПК-нің 426-бабының екінші бөлігінде жаңа дәлелдердің болмауына байланысты қаулының уәждеу бөлігінде сот актілеріне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым авторының уәждері өзінің мазмұны, мәні мен мақсаты бойынша бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарда келтірілген уәждермен бірдей. Бұл уәждер апелляциялық сатыдағы сотта қаралып, оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа уәждер келтірілмеген.
Жергілікті соттар іс бойынша мән-жайларды дұрыс анықтаған, материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданған, сол себепті кассациялық сот дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға негіз жоқ деп есептейді. Мұндай жағдайларда талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 31 қазандағы шешімі, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
М. Туганбаев
Судьялар
Н. Нуралыева
Ж. Оспанова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.