ҚАУЛЫ
2024 жылғы 12 наурыз 6001-24-00-6ап/466 (2) Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы Ғ.Ө.Әлжанов, судьялар – Ж.Б.Ермағамбетова, Б.Т.Нажмиденов болып, прокурор М[...],
жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Мұнайлы ауданының мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілі А[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшылар К[...], К[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Мұнайлы ауданының мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Жауапкер, Басқарма) К[...] қатысты 2023 жылғы 4 сәуірдегі жеке тұлғалардың салық берешегі туралы №20000193261 хабарламасын заңсыз деп тану және күшін жою, К[...] қатысты 2023 жылғы 4 сәуірдегі жеке тұлғалардың салық берешегі туралы №20000196648 хабарламасын заңсыз деп тану және күшін жою туралы талабы бойынша қаралған әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 29 қыркүйектегі шешіміне және жеке ұйғарымына, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 18 қаңтардағы қаулысына және ұйғарымына Басқарманың келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшылар К[...], К[...] жоғарыда аталған талап қоюларымен сотқа жүгінген.
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 29 қыркүйек күнгі шешімімен талап қоюшылардың талап қоюлары қанағаттандырылған.
Соттың шешімімен Басқарманың талап қоюшылар К[...] қатысты 2023 жылғы 4 сәуірдегі жеке тұлғалардың салық берешегі туралы №20000193261, К[...] қатысты 2023 жылғы 4 сәуірдегі жеке тұлғалардың салық берешегі туралы №20000196648 хабарламалары заңсыз деп танылып, күштері жойылған.
Сотпен Басқарма тарапынан жіберілген кемшіліктер туралы жеке ұйғарым қабылданған.
Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 18 қаңтардағы қаулысы мен ұйғарымы бойынша бірінші сатыдағы соттың шешімі мен жеке ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Басқарма кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарының сот актілерінің күшін жойып, әкімшілік талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Басқарма өкілінің кассациялық шағымды қолдаған туралы пікірін және прокурордың сот актылері өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдыруға жатады деген қорытындысын тындап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің(бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарына қарағанда, талап қоюшы К[...] 2022 жылғы 22 ақпандағы сатып алу-сату шартының негізінде 2005 жылғы «Lexus [...]» маркалы мемлекеттік тіркеу белгісі [...] көлік құралының меншік иесі, талап қоюшы К[...] 2022 жылғы 1 ақпандағы сатып алу-сату шартының негізінде 2013 жылғы «Lexus [...]» маркалы мемлекеттік тіркеу белгісі [...] көлік құралының меншік иесі болып табылады.
Басқарманың тарапынан 2023 жылғы 4 сәуірде талап қоюшылар К[...] қатысты жеке тұлғалардың салықтық берешегі туралы №20000193261 хабарлама және К[...] қатысты жеке тұлғалардың салықтық берешегі туралы №20000196648 хабарлама қалыптастырған.
Хабарламаға сәйкес, К[...] жеке тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салық бойынша негізгі қарызы – 371 796 теңге деп, ал К[...] жеке тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салық бойынша негізгі қарызы – 339 177 теңге деп белгіленген.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) 190-бабының 4-бөлігінің 1), 2)-тармақтарымен, 262-бабының 2-бөлігімен тіркелген №224710031000907 қылмыстық ісі бойынша Ақтау қалалық сотының 2023 жылғы 20 маусымдағы үкімімен Б[...], Е[...] және И[...] бір бірімен алдын-ала сөз байласып, талап қоюшылар К[...] пен К[...] сенімдеріне кіріп, көліктерді «Каспий Банк» АҚ-ы арқылы олардың аттарына рәсімдеп, әрі қарай алаяқтық жолмен белгісіз тұлғаларға рәсімдеусіз сатып жібергендігі үшін сотталған.
Қылмыстық іс бойынша тергеу амалдарының барысында «Lexus [...]» маркалы мемлекеттік тіркеу белгісі [...] көлік құралы және «Lexus [...]» маркалы мемлекеттік тіркеу белгісі [...] көлік құралы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің жүйесі арқылы «Криминалдық автокөлік» есебіне 2022 жылғы 5 мамырда қойылып, Ақтау қаласының мамандандырылған тергеу сотының 2022 жылғы 22 маусымдағы қаулысымен аталған автокөліктерге тыйым салынған.
Жергіліктер соттар істі қарау барысында, Қазақстан Республикасының Салық Кодексінің (бұдан әрі – Салық кодексі) 493-бабының 6-бөлігінде көрсетілген көлік құралдарын тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган салық органдарына беретін көлік құралын айдап әкету (ұрлау) туралы қылмыстық іс қозғау фактісін (күнін) растайтын мәліметтер иелерінен айдап әкетілген және (немесе) ұрланған деп саналған көлік құралын іздестіру кезеңінде салық төлеуден босату үшін негіз болып табылатындығын басшылыққа алып, талап қоюшылардың автокөліктері қылмыстық іс бойынша өтіп жатқандығын, автокөліктер алаяқтық, яғни жымқыру немесе алдау арқылы айдап алып кеткендігін, іс бойынша заңды күшіне енген сот үкімі болғандығын ескеріп, жауапкердің тарапынан шығарылған хабарламалардың заңсыз деп танылуға жатады деген қорытындыға келген.
Сонымен бірге, Ақтау қаласының полиция басқармасының анықтамасына сәйкес Республиканың барлық өңірлеріне автокөліктерді іздестіру және анықтау жөнінде тапсырмалар мен бағыттамалар берілген, алайда көліктердің бүгінгі күнге дейін анықталынбаған. Басқарма талап қоюшылардың автокөліктері алдау жолмен заңсыз жымқырылғанын біле тұра жеке тұлғалардың салықтық берешегі туралы хабарламаларды шығарған.
Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде Сот алқасы, жергілікті соттар Салық кодексінің 493 бабының 6-бөлігіне және ҚК-нің 3-бабына негізді және заңды сілтеме жасай отырып, Басқарманың 2023 жылғы 4 сәуірдегі жеке тұлғалардың салық берешегі туралы №20000193261, №20000196648 даулы хабарламаларды заңсыз деп танып, күштерін жою туралы заңды шешім қабылдаған деп санайды.
Сот алқасы, жауапкердің кассациялық шағымында келтірген уәждері бойынша жергілікті соттардың дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген деп табады.
Сондықтан, сот алқасы жергілікті соттардың сот актілері өзгеріссіз және жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдыруға жатады деп санайды.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 29 қыркүйектегі шешімі мен жеке ұйғарымы, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 18 қаңтардағы қаулысы мен ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Мұнайлы ауданының мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Ғ.Әлжанов
Ж.Ермағамбетова
Судьялар
Б.Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.