ҚАУЛЫ
2023 жылғы 29 тамыз 6001-23-00-6ап/502 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ғ.Ө.Әлжанов, Е.Д. Өміралиев болып, талап қоюшының өкілі – К[...], жауапкердің өкілі – Б[...],
мүдделі тұлға «Қорғалжын ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі (бұдан әрі - жер қатынастары бөлімі) – А[...],
мүдделі тұлға «А[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – ЖШС) өкілдері – С[...], М[...], Б[...],
аудармашы Т[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «АК[...]» ЖШС-нің жауапкер Ақмола облысы, [...] әкіміне әкімшілік актіні даулау туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Ақмола облысы Қорғалжын аудандық сотының 2022 жылғы 5 шілдедегі шешіміне, Ақмола облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 28 желтоқсандағы қаулысына мүдделі тұлға «А[...]» ЖШС-нің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Ақмола облысы Қорғалжын аудандық сотының 2022 жылғы 5 шілдедегі шешімімен талап қоюы қанағаттандырылған.
Қорғалжын ауданы әкімінің «А[...]» ЖШС-не «Коммунар» және «Амангелді» ауылдық округтерінің әкімшілік шекарасында жалпы ауданы 4 362 гектар (бұдан әрі - га) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді беру туралы 2008 жылғы 25 қыркүйектегі № 100 шешімінің күші жойылған.
Ақмола облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 28 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Мүдделі тұлға «А[...]» ЖШС-гі кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.
Мүдделі тұлға өкілдерінің кассациялық шағымды қолдаған, талап қоюшының және жауапкер өкілдерінің, жер қатынастары бөлімі өкілінің пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Қорғалжын ауданы әкімінің (бұдан әрі – әкім) 2002 жылғы 6 мамырдағы №101 қаулысымен «АК[...]» ЖШС-не «Коммунар» ауылдық округінің әкімшілік шекарасында орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы ауданы 3010 га жер телімі 49 жылға уақытша өтелмелі ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығы берілген.
2004 жылғы 24 тамызда «АК[...]» ЖШС-мен кадастрлық нөмірлері [...], [...], [...], [...] жер телімдерін жалдау туралы № 785 шарты жасалған. Жер пайдалану құқығы 2011 жылғы 23 маусымда мемлекеттік тіркеуге алынған. Осы әкімнің 2008 жылғы 25 қыркүйектегі № 100 қаулысымен «А[...]» ЖШС-не «Коммунар» және «Амангелді» ауылдық округтерінің әкімшілік шекарасында орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы алаңы 4 362 га жер телімі уақытша өтелмелі ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығы берілген. Жер пайдалану құқығы 2008 жылғы 8 қазанда мемлекеттік тіркеуге алынған.
«АК[...]» ЖШС-гі жер телімі 2013 жылдан бері өзінің «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының алдындағы қарыз міндеттемелерін қамтамасыз етіп отырғанын, жауапкер оның құқықтары мен заңды мүдделерін бұзып, өзіне тиесілі жер телімінің 801 га бөлігін әкімнің «А[...]» ЖШС-не беру туралы қаулысын заңсыз екендігін көрсетіп, жоғарыдағы талап қою арызымен сотқа жүгінген.
Жергілікті соттардың талап қою арызын қанағаттандырғанда мына мән-жайларды ескергені негізді болып табылады.
«А[...]» ЖШС-ға және «АК[...]» ЖШС-не берілген жер телімдерінің қабаттасу ауданы 801 га құрағаны анықталған. Бұл фактіні тараптар теріске шығармаған. Талап қоюшының жер пайдалану құқығы заңнамада белгіленген тәртіппен тоқтатылмаған.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 48 бабына сәйкес жер телімдерін беру немесе мемлекет меншігіндегі және жер пайдалануға берілмеген жер телімдерін жалдау құқығын беру осы баптың 1 тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) жүзеге асырылады.
Жер кодексінің 137 бабына сәйкес меншiкке немесе жер пайдалануға берiлмеген, аудандық атқарушы органдардың қарамағындағы барлық жер босалқы жер болып табылады.
Пайдалуға берілген, яғни босалқы жер болып табылмайтын даулы жер телімін басқа тұлғаға беру аталған нормаларға қайшы келеді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2007 жылғы 16 шілдедегі №6 нормативтік қаулысының 8 тармағына сай белгілі бір жер учаскесіне немесе учаскенің бөлігіне тең құқықтар болған жағдайда, соттар азаматтық заңнамаға сәйкес құқықтың туындау күні бойынша белгіленетін жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтардың басымдығын негізге алуға тиіс.
Даулы жер теліміне талап қоюшының құқығы «А[...]» ЖШС-ның құқығынан бұрын туындаған.
Соттардың талап қоюды қанағаттандыру негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Ақмола облысы Қорғалжын аудандық сотының 2022 жылғы 5 шілдедегі шешімі, Ақмола облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 28 желтоқсандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Мүдделі тұлға «А[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов
Судьялар Ғ. Әлжанов Е. Өміралиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.