№6003-25-00-2к/5142
№6003-25-00-2к/5142 (2) ҚАУЛЫ 2026 жылғы 17 наурыз Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.О.Тогумбетова, прокурор Н.А.Молдахановтың, аудармашы Р.Шайхының,
талап қоюшының өкілі Д.С.Мухамедиевтің, жауапкер И.Ю.Коломейцованың және оның өкілі Е.К.Тастанбековтың, жауапкер Р.А.Фролованың өкілі И.Ю.Добрышинаның, жауапкер Шымкент қаласы әкiмінің өкілі Н.М.Сакеновтың қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы, ашық сот отырысында
талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің - (бұдан әрі Департамент) жауапкерлер Юсуфбек Эшпулатович Бердиметовқа, Пернекуль Сайрамбаевна Сенгирбаеваға, Руслан Эшполатович Салиевке, Римма Анатольевна Фроловаға, Ирина Юрьевна Коломейцеваға, Шымкент қаласы әкiміне, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне, нотариустар Жанар Саулебаевна Альчикеноваға, Ельжан Газанфароглы Гаджиевке, Қайрат Крамадинович Сраждиновқа жер учаскесін сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкерлер Р.А.Фролова мен И.Ю.Коломейцеваның Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 22 тамыздағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 қарашадағы қаулысына берген кассациялық шағымдары бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Департамент сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгінген.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 22 тамыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Шымкент қаласы әкімі мен Ю.Э.Бердиметовтың арасындағы кадастрлық №19-309-027419 жер учаскесін сатып алу-сату туралы 2006 жылғы 9 қаңтардағы №75 келісімі, Ю.Э.Бердиметовтың атынан сенімхат арқылы әрекет етуші У.А.Тлеубердиев пен Р.Э.Салиевтің арасындағы Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласы, Жібек жолы даңғылы бойында орналасқан алаңы 0,1000 га,
кадастрлық №19-309-027-419 жер учаскесін сатып алу-сату туралы 2009 жылғы 8 сәуірдегі №2520 тізілімде тіркелген келісім шарты, Р.Э.Салиев пен Р.А.Фролованың арасындағы жер учаскесін сатып алу-сату туралы 2013 жылғы 23 шілдедегі №1101 тізілімде тіркелген келісім шарты, Р.А.Фролова мен И.Ю.Коломейцеваның арасындағы жер учаскесін сатып алу-сату туралы 2016 жылғы 3 наурыздағы №1-368 тізілімде тіркелген келісім шарты жарамсыз деп танылған. Жауапкер Ю.Э.Бердиметовтан мемлекет пайдасына 7 864 теңге мемлекеттік баж алымы өндірілген.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкерлер Р.А.Фролова мен И.Ю.Коломейцева кассациялық шағымдарында жергілікті соттар істің мән-жайын дұрыс анықтамағанын, талап қоюшы дауланып отырған қаулыны қабылдау кезінде Шымкент қаласы әкімдігімен сол кезде қолданыста болған жер заңнамасы мен сәулет, қала құрылыс саласындағы заңнамалардың бұзылғандығын растайтын нақты дәлелдемелерді сотқа ұсына алмағанын, материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Кассациялық сот іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін, прокурордың сот актілері өзгеріссіз қалдырылуға жататыны жөніндегі қорытындысын тыңдап, іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді зерделеп, кассациялық шағымдардың уәждерін талқылап, келесі тұжырымға келді. Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427- бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілгені анықталды.
Іс құжаттарына қарағанда Шымкент қаласы әкімдігінің 2005 жылғы 22 қарашадағы №3648 қаулысымен (бұдан әрі - Әкімдік қаулысы) Ю.Э.Бердиметовқа Шымкент қаласы, Жібек жолы даңғылы бойында техникалық қызмет көрсету стансасы, сауда орталығы және әсемдік салоны құрылысын салу үшін алаңы 0,1 га жер учаскесі беріліп, 2006 жылдың 9 қаңтарда түзілген №75 жер учаскесін (бұдан әрі -даулы жер учаскесі) сатып
алу-сату келісімі негізінде кадастрлық №19-309-027-419 жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін акті рәсімделген.
Бұдан әрі даулы жер учаскесі 2009 жылғы 8 сәуірде сатып алу-сату келісім шарты негізінде Ю.Э.Бердиметовтың атынан сенімхат арқылы әрекет етуші У.А.Тлеубердиев Р.Э.Салиевке 4 500 000 теңгеге сатқан.
2013 жылғы 23 шілдеде Р.Э.Салиев даулы жер учаскесін Р.А.Фроловаға 15 196 500 теңгеге сатып, 2013 жылғы 23 шілдеде даулы жер учаскесіне Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімімен Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, Жібек жолы даңғылы №19-А мекенжайы берілген. 2016 жылғы 3 наурыздағы сатып алу-сату шарты негізінде даулы жер учаскесін Р.А.Фролова И.Ю.Коломейцеваға 50 000 000 теңге сатқан. И.Коломейцеваның атына жеке меншік құқығы тіркелген.
2019 жылғы 15 мамырдағы №249 нысанды пайдалануға қабылдау актісіне сәйкес жалпы алаңы 546,4 ш.м. объект пайдалануға қабылданған. Аталған акт есепке алынып, 2019 жылдың 20 мамырында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамында тіркелген.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандыру туралы шешімінде Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасының 2025 жылғы 16 мамырдағы хатына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 22 сәуірдегі №446 қаулысымен бекітілген Шымкент қаласының Бас жоспары бойынша даулы жер учаскесінің бір бөлігі жасыл-желекте, екінші бөлігі көпшілік пайдаланатын көше ендігінде орналасқаны анықталғандықтан, Әкім қаулысымен даулы жер учаскесі заңсыз берілген деген тұжырымға келіп, дауланған мәмілелерді жарамсыз деп таныған.
Апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен келіскен.
Алайда, жергілікті соттармен заңды күшіне енген 2015 жылғы 4 желтоқсандағы Шымкент қаласының Еңбекші аудандық сотының шешімімен талап қоюшы «Оңтүстік Қазақстан облысының жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Басқарма) жауапкерлер Р.А.Фроловаға, Ю.Э.Бердиметовқа, Р.Э.Салиевке, Шымкент қаласы әкімдігіне, «Шымкент қаласының жер қатынастары бөлімі» ММ-не, «Шымкент қаласының Еңбекші ауданының әділет басқармасы» мемлекеттік мекемесіне Шымкент қаласы әкімдігінің 2005 жылғы 22 қарашасындағы №3648 қаулысын, кадастрлық №19-309-027-419 жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін актіні, 2009 жылғы 8 сәуір және 2013 жылғы 23 шілдедегі жер учаскесін сатып алу-сату шарттарын және олардың мемлекеттік тіркелуін жарамсыз деп танып, күшін жою туралы талабын қанағаттандырудан бас тартылғаны назарға алынбаған.
Бұл аталған шешімде Шымкент қаласы әкімдігінің 2005 жылғы 22 қарашасындағы №3648 Ю.Э.Бердиметовқа даулы жер учаскесінің жеке меншік құқығын табыстау туралы қаулысын қабылдау барысында Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі - Жер кодексі) 107, 109баптарының, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы Заңының 47-бабының талаптары бұзылмағандығы және жер учаскесінің нысаналы мақсаты берілу кезінде Шымкент қаласының Бас жоспарына сай тағайындалғаны белгілі болғаны, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 22 сәуірдегі №446 «Шымкент қаласының бас жоспарын бекіту туралы» қаулысының күші Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 3 қыркүйектегі №1134 қаулысымен жойылғаны, талап қоюшы тарапы дауланып отырған қаулыны қабылдау барысында Шымкент қаласы әкімдігімен сол кезде қолданыста болған жер заңнамасы мен сәулет, қала құрылысы саласындағы заңнама нормаларының бұзылғандығын растайтын дәлелдемелер сотқа ұсынылмағаны туралы нақты тұжырымдар жасалынған болатын.
АПК-нің 76-бабының 2-бөлігіне сай, соттың бұрын қаралған азаматтық іс бойынша заңды күшіне енген шешімімен немесе қаулысымен анықталған мән-жайлар сот үшін міндетті. Мұндай мән-жайлар тап сол тұлғалар қатысатын басқа да азаматтық істерді талқылау кезінде қайта дәлелденбейді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 қаңтардағы №21 «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің кейбір мәселелері туралы» қаулысына сәйкес, қазіргі қаралынып отырған азаматық іс бойынша талап қоюшы Департамент (қазіргі кездегі уәкілетті орган) Басқарманың құқықтары мен міндеттерінің құқықтық мирасқоры болып айқындалған және ол жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылау функцияларын жүзеге асырады.
Басқарманың 2015 жылы 21 шілдеде сотқа берген талап қоюы мен Департаменттің қаралынып отырған азаматтық іс бойынша берген талап қоюындағы талаптардың негізі мен нысанасы өзара бірдей болған.
Сондықтан Шымкент қаласының Еңбекші аудандық сотының 2015 жылғы 4 желтоқсандағы заңды күшіне енген шешімімен анықталған барлық мән-жайлар сот үшін міндетті және бұл мән-жайлар қараланып отырған азаматтық істі талқылау кезінде қайта дәлелденуге жатпайды.
Кассациялық соттың отырысында талап қоюшы өкілі Шымкент қаласының 2004 жылғы және 2012 жылғы Бас жоспарларында даулы жер учаскесіне қатысты ешқандай өзгерістер болмағанын, кейінгі Бас жоспардағы өзгерістер қала территориясының ұлғаюына байланысты болғанын көрсетті.
Кассациялық сот анықталған мән-жайларды ескере отырып, жергілікті соттардың екі азаматтық іс бойынша талап қоюлардың негізі бөлек деген тұжырымдарын дәйексіз деп санайды.
Істің мұндай тұрғысында кассациялық сот жергілікті соттардың дауланып отырған актілерінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылуға жатады деген тұжырымға келді.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 22 тамыздағы шешімінің және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 қарашадағы қаулысының күші жойылсын.
Талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылсын.
«Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінен жауапкерлер Фролова Римма Анатольевнаның пайдасына 3 932 (үш мың тоғыз жүз отыз екі) теңге, Коломейцева Ирина Юрьевнаның пайдасына 3 932 (үш мың тоғыз жүз отыз екі) теңге мемлекеттік баж қайтарылсын.
Жауапкерлер Р.А.Фролованың, И.Ю.Коломейцеваның кассациялық шағымдары қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков
А.Тогумбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.