6001-22-00-6ап/2128
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 13 сәуір Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Н.У. Қайыпжан,
судьялар – Ж.Б. Ермагамбетова, Д.А. Токмурзина,
талап қоюшы А[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында мобильді бейне-конференц байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы А[...] жеке сот орындаушысы К[...] (бұдан әрі – ЖСО) алимент бойынша берешекті анықтау туралы 2022 жылғы 1 маусымдағы қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою және алимент бойынша берешекті орташа айлық жалақының мөлшері негізінде айқындау туралы,
Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 5 қыркүйектегі қаулысына мүдделі тұлғаның кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы А[...] жауапкер ЖСО-шысы К[...] шығарған 2022 жылғы 1 маусымдағы қаулысы бойынша борышкер Р[...] өндіріп алушы А[...] пайдасына кәмелет жасқа толмаған баланы асырауға;
алимент өндіру туралы атқарушылық өндіріс бойынша берешек дұрыс есептелмегенін;
борышкер әкелікті анықтау туралы сот шешімі заң күшіне енген соң, заң бойынша ай сайын төленетін зейнетақы төлемдерін, міндетті әлеуметтік төлемдерін 1 маусым 2022 жылы өтіп кеткен бір жылға бір күнімен төлегенін;
еңбек шарттары да бір күні жасалғанын, борышкер мұндай заң бұзушылыққа аз алимент төлеу үшін барып отырғанын;
борышкердің атында үйі, көлігі бар екенін;
талап қоюшы жұмыс істемейтінін, қазіргі кезде бала күту демалысында екенін;
ортақ балаларының денсаулығына байланысты қаражат қажет екенін, ай сайынға 12 000 теңге алимент жетпейтінін, себебі баланың ортопедиялық аяқ киімінің өзі 15 000 теңге тұратынын көрсетіп, соттан алимент бойынша берешекті анықтау туралы 2022 жылғы 1 маусымдағы қаулысын заңсыз деп танып, күшін жоюды және 2021 жылғы 23 маусым – 2022 жылғы 1 маусым мерзімдегі алимент бойынша берешекті орташа айлық жалақының мөлшері негізінде айқындауды сұрады.
Шығыс Қазақстан облысы № 2 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (МАӘС) 2022 жылғы 20 шілдедегі шешімімен А[...] әкімшілік талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған.
Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы 2022 жылғы 5 қыркүйегіндегі қаулысымен МАӘС-нің шешімі бұзылған. А[...] әкімшілік талап қоюы қанағаттандырылды. Б[...] Р[...] алимент бойынша берешегін анықтау туралы ЖСО К[...] шығарған 2022 жылғы 1 маусымдағы қаулы заңсыз деп танылып, оның күші жойылды.
ЖСО К[...] борышкер Р[...] 2021 жылғы 23 маусым – 2022 жылғы 1 маусым мерзімдегі алимент бойынша берешегін Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақы мөлшерi негізінде анықтау туралы қаулыны шығаруға міндеттелді.
Кассациялық шағымда Р[...] келесі уәждерді келтірді:
-) Р[...] жұмыссыз емес, «К[...]» шаруа қожалығында жұмыс істейді, тиісті мәліметтерді ЖСО-ға тапсырды,
-) «К[...]» шаруа қожалығымен жасалған еңбек шартында айлық табысы 2021 жылы 42 500 теңге, ал 2022 жылы 60 000 теңге деп көрсетілген,
-) ауылда тұрады, үйі ескі,
-) А[...] пайдасына заңның талабына сай алиментті төлеп отыратын ақшалай қаражаты жоқ, алиментті анасының ай сайынғы алынатын зейнетақысынан төлеп отыр, -) бірінші әйелінен кәмелетке толмаған екі баласы бар. Оларды асырап бағуға әпекелері көмектесіп отыр.
Мүдделі тұлға кассациялық шағымында әкімшілік істер жөніндегі сот алқасымен қабылданған сот актісімен келіспейтіндігін көрсетіп, оның күшін жоюды сұраған.
Мүдделі тұлғаның кассациялық шағымдарында қолдаған уәждерін тексеріп, талап қоюшының пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты апелляциялық сатыдағы сот актісі күшінде қалдырылуға жатады деген тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады. Істі қарау барысында апелляциялық сатыдағы сот мұндай бұзушылықтарға жол бермеген.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Қарағанды облысының №
2 кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандырылған ауданаралық сотының 2021 жылғы 22 желтоқсанындағы шешімімен А[...] талап қоюы қанағаттандырылып, Р[...] кәмелетке толмаған 2021 жылғы 21 наурызда туған А[...] баланың әкесі екені анықталған, Р[...] А[...] пайдасына кәмелетке толмаған 2021 жылғы 21 наурызда туған А[...] баланы асырап бағуына табысынаң және (немесе) өзге де кірісінен ¼ (төрттен бір) бөлігін ай сайын бала кәмелет жасқа толғанға дейін 2021 жылдың 23 маусымынан бастап алимент өндірілген.
Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 1 маусымындағы қаулысымен аталған шешім өзгеріссіз қалдырылған.
Атқару өндірісі 2021 жылы 28 желтоқсанында қозғалған, 2022 жылғы 1 маусымға дейін алимент төленбеген.
Сот орындаушысының 2022 жылғы 26 мамырдағы қаулысымен борышкердің алимент бойынша берешегі Қазақстан Республикасы бойынша орташа айлық жалақы мөлшерімен 692 400 тенге мөлшерінде анықталған. 2022 жылғы 1 маусымдағы қаулымен ЖСО өзінің 2022 жылғы 26 мамырдағы қаулысының күшін жойған.
Сот орындаушысының 2022 жылғы 1 маусымдағы қаулысымен борышкердің алимент бойынша берешегі 120 018 теңге деп анықталған.
Бірінші сатыдағы сот әкімшілік талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуын борышкер жұмыс орнынан ұсынған айлық кірісі туралы ресми құжаттары мен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының анықтамасына сәйкес алимент бойынша берешекті анықтауға жауапкердің міндеті екенімен уәждеген.
Апелляциялық сатыдағы сот ЖСО Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының 99 - бабының 3 - тармағына сәйкес, сот орындаушысының 2022 жылғы 26 мамырдағы қаулысымен борышкердің алимент бойынша берешегі Қазақстан Республикасы бойынша орташа айлық жалақы мөлшерімен 692 400 тенге мөлшерінде дұрыс анықталған және 2022 жылғы 1 маусымдағы қаулысымен сот орындаушысы өзінің 2022 жылғы 26 мамырдағы қаулысының күшін заңсыз жойған деген дұрыс қорытындыға келген.
Сонымен қатар, ЖСО К[...] борышкер Р[...] 2022 жылы 23 мамырында жіберген Халықты жұмыспен қамту орталығына тіркелу туралы хабарламасында борышкердің түсініктемелерінен оның жұмыссыз екені жеке сот орындаушысымен хат алмасуында айқын көрінеді.
Сот алқасы борышкердің туысқанынан «К[...]» шаруа қожалығы басшысы Р[...] атынан берілген құжаттарына күмәнмен қарайды.
Осылайша, борышкер жұмыс icтeмeген немесе оның жалақысын және
өзге де кірісін растайтын құжаттар ұсынылмаған жағдайда, ай сайынғы төлемдер және (немесе) алимент бойынша берешек оны өндiрiп алу кезiнде Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақы мөлшерi негізге ала отырып айқындалады.
Осыған байланысты мүдделі тұлғаның кассациялық шағымының дәлелдері қанағаттандырылуға жатпайды.
Апелляциялық сатығы сот істің мән-жайын дұрыс анықтағандықтан, материалдық және іс жүргізу құқығының нормалары дұрыс қолданылғандықтан, апелляциялық сот алқасының 2022 жылғы 5 қыркүйектегі ұйғарымын күшін жою үшін негіздер таппайды, мүдделі тұлғаның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 5 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын. Мудделі тұлға Р[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Н.Қайыпжан Судьялар Ж.Ермагамбетова Д.Токмурзина Көшірмесі дұрыс Судья Д. Токмурзина
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.