КӨШІРМЕ
6кп-89-19
Қ А У Л Ы
2020 жылғы 09 қаңтар Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші алқа төрағасы А. Қыдырбаева,
судьялар Г. Әлмағамбетова, А. Рахметулин,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Департаменті бөлімінің прокуроры Т[...] қатысумен,
кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында Атырау облысы Жылыой аудандық сотының 2019 жылғы 19 тамыздағы қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуымен келіп түскен
М[...] (M[...]) қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 517-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Атырау облысы Жылыой аудандық сотының 2019 жылғы 19 тамыздағы қаулысымен М[...] (M[...]) ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша Қазақстан Республикасы шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасы тағайындалған.
А.М[...] Республикасының азаматы болып, Қазақстан Республикасына жеке мақсатпен өтіп, уақытша есепке тіркеліп, уәкілетті органдардан жұмыс жасауға рұқсатын алмай дара кәсіпкерде еңбек қызмет жасағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуында сот қабылдаған қаулы соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатындығын, М[...] тағайындалған жазаны өзгертіп, айыппұлға ауыстыру көрсетілген.
Алқа ұсынуды қолдау жөніндегі прокурордың пікірін тыңдап, іс құжаттарды зерттеп, ұсынудың уәждерін талқылап, сот қаулысы өзгертуге жатады деп есептейді.
ӘҚБтК-нің 840-бабының 4-тармағы бойынша тағайындалған әкімшілік жаза жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтың сипатына, жеке басына сәйкес келмеген жағдайда сот қаулысын өзгертуге негіз болады.
Әкімшілік іс бойынша Өзбекстан Республикасының азаматы М[...] 2019 жылғы 2 тамызда Құлсары қаласына келіп, Қазақстан Республикасында еңбек қызметін рұқсатсыз жүзеге асырған. Осы факт негізінде оған қатысты ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, сотқа қарау үшін жолданған. Бірінші сатыдағы сот М[...] кінәсі сот отырысында мойындалған және зерттелген дәлелдемелермен толық бекітілген деген тұжырымға келіп, әкімшілік жолмен шығарып жіберу түріндегі жаза тағайындаған.
Сот жаза тағайындағанда заң талаптарын өрескел бұзып, қаулыны заң бойынша шығармаған.
Себебі ӘҚБтК-нің 55-бабы 1 және 2-бөліктеріне сәйкес әкiмшiлiк жаза әдiл, құқық бұзушылықтың сипатына, оның жасалу мән-жайларына, құқық бұзушының жеке басына сай келетiн болуы тиiс. Жеке тұлғаға әкiмшiлiк жаза қолдану кезінде жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың сипаты, кiнәлiнiң жеке басы, оның iшiнде оның құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi мiнез-құлқы, мүлiктiк жағдайы, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар ескерiледi.
Іс материалдарында 2013 жылғы 12 қарашадағы № KA0065097 паспортқа сәйкес М[...] 1987 жылғы 5 желтоқсанда туған, Өзбекстан Республикасының азаматы болып табылады, ұлты – қазақ.
Және бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған, өзінің кінәсін мойындап, шынайы өкінетіндігін көрсеткен. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Бірақ сот осы мән-жайларға қажетті көңіл бөлмей, ӘҚБтК-нің 56-бабы бойынша жеңілдететін мән-жайлар ретінде танымаған. ӘҚБтК-нің 517-бабы 5-бөлігінің санкциясымен аталған құқық бұзышылыққа қарсы 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға не Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберуге әкімшілік жаза қолдану көзделген.
М[...] көрсетілген жазалардың ішінде әкімшілік жолмен шығарып жіберу жөнінде сот қатаң жаза тағайындаған.
Сонымен қатар соттың қабылдаған қаулысы құқық нормаларды түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзғаны анықталған, себебі сот сол күні осыған ұқсас 2 әкімшілік іс бойынша бірдей мән-жайлар болғанымен, М[...] бірге «Р.Машенова» дара кәсіпкерлікте заңсыз жұмыс жасаған екі құқық бұзушыға айыппұл түрінде жаза тағайындаған.
Бір заңды әркімге әртүрлі қолдануға тыйым салынады.
Сондықтан алқа М[...] тағайындалған жазаны өзгертіп, жаза ретінде 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салуды дұрыс деп есептейді.
Және ӘҚБтК-нің 829-11 бабының 2-бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша әкімшілік айыппұлдың мөлшерінің отыз пайызынан асырмай қысқартуға болады.
Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 840-бабының 4) тармақшасын, 851-бабын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы,
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігі бойынша М[...] (M[...]) қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөнінде Атырау облысы Жылыой аудандық сотының 2019 жылғы 19 тамыздағы қаулысы өзгертілсін.
М[...] (M[...]) тағайындалған Қазақстан Республикасының аумағынан әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасының орнына 44187 (қырық төрт мың бір жүз сексен жеті) теңге әкімшілік айыппұл салынсын.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
А. Қыдырбаева
Судьялар Г.Әлмағамбетова
А. Рахметулин Көшірмесі дұрыс: А. Рахметулин
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.