№ 6399-2500-4к/1750
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 19 қараша
Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық
соттың құрамында:
– төрағалық етуші судья Е.Б. Тулеев, судьялар – Р.М. Айнакұлова, Г.Б.Дуйсенбаев болып, жауапкерлердің өкілдері А.Х.Қанатованың, қатысуларымен
ашық сот отырысында талап қоюшылар Бактыгул Айтжановна Насыналина және Нұрсұлтан Еділұлы Еділдің жауапкерлер «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі», «Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі», «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі» мемлекеттік мекемелеріне офлайн форматта жеке қабылдауды жүргізуге міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 27 ақпандағы шешіміне, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 мамырдағы қаулысына талап қоюшылардың кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшылар Б.А.Насыналина және Н.Е.Еділ жауапкер «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі» (бұдан әрі – Агенттік), «Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі» (бұдан әрі – Ішкі істер Министірлігі), «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі» (бұдан әрі – Денсаулық сақтау министірлігі) мемлекеттік мекемелеріне жоғарыда көрсетілген талап арызбен сотқа жүгінген.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 27 ақпандағы шешімімен талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылған.
Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшылар кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық саты соттарының процессуальдық заң нормаларын бұзуына байланысты іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Тиісті түрде хабарланған талап қоюшылардың кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді. Кассациялық сот, жауапкер өкілдері А.Х.Канатова мен кассациялық шағымға келтірген қарсы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 449-бабының екінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесiнде кассациялық шағымның немесе наразылықтың шегiнен шығуға және шағым жасалған, наразылық келтірілген сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
ӘРПК-нің 5-бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
ӘРПК-нің 90-бабы 1-тармағына сәйкес, мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары және олардың орынбасарлары тиісті мемлекеттік органның басшысы бекітетін қабылдау кестесіне сәйкес айына кемінде бір рет азаматтарды және заңды тұлғалардың өкілдерін, оның ішінде осы органдардың қызметкерлерін жеке қабылдауды жүргізуге міндетті. Жоғарыда көрсетілген баптың 2-тармағында қабылдау белгіленген және жеке және заңды тұлғалардың назарына жеткізілген күндер мен сағаттарда жұмыс орны бойынша өткізілуге тиіс. Іс құжаттарына қарағанда, талап қоюшы Н.Е.Еділдің ағасы Е.Е.Едилов өндірістегі жазатайым оқиға салдарынан жұмыс орнында 2015 жылғы 5 қыркүйекте қайтыс болу фактісіне байланысты Агенттік төрағасының жеке қабылдауына байланысты 10-ға жуық өтініш берген.
Аталған өтініштер жан-жақты зерделеніп, талап қоюшылар 5 рет жеке қабылдауға шақыртылған, алайда олар тек 1 қабылдауда, яғни 2024 жылғы 26 қыркүйекте бейне-байланыс арқылы жеке қабылдауға қатысқан.
2024 жылғы 4 қарашада талап қоюшылар Ішкі істер министрлігіне оффлайн форматта жеке қабылдауды өткізуге және Астана қаласына баратын іссапар шығыстарын төлеуді қарастыруды сұрап өтініш келтірген, алайда заңды күшіне енген сот актілері болуына байланысты түсіндірме жауап берілген.
2024 жылғы 14 қазанда, 18 қараша мен 9 желтоқсанда талап қоюшылар Денсаулық сақтау министрлігіне жеке қабылдауды ұйымдастыруды сұрап өтініш келтірген.
Осыған орай, Денсаулық сақтау министрінің қатысуымен 2024 жылғы 4 және 26 желтоқсанда өтетін жеке қабылдауға талап қоюшылар шақыртылған, алайда олар жеке қабылдауға қатысудан бас тартқан.
Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанда, жауапкерлер өз өкілеттіктерінің шеңберінде әрекет етіп, талап қоюшылардың құқықтары мен бостандықтарын бұзуға жол берілмегенін негізге алған, себебі сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Агенттікте талап қоюшылар 2024 жылғы 26 қыркүйекте бейне-байланыс арқылы жеке қабылдауда болса, Денсаулық сақтау министрінің қатысуымен 2024 жылғы 4 және 26 желтоқсанда өтетін жеке қабылдауға шақыртылғанымен, олар жеке қабылдауға қатысудан бас тартқан.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрлігінің және оның құрылымдық және аумақтық бөлімшелерінің лауазымды тұлғаларының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау Регламентінің 17-тармағының 3) тармақшасына сәйкес, заңды күшіне енген, сол адамға қатысты шығарылған, сол нысан туралы және сол негіздер бойынша сот актісі болған кезде жеке қабылдау жүзеге асырылмайтыны қарастырылған.
Осыған орай Ішкі істер министірлігі тарапынан талап қоюшыларға қойылған сұрақтар бойынша заңды күшіне енген сот актісі бар екендігін ескеріп, тиісті жауап хат берілген. Істің бұндай тұрғысында жергілікті соттардың талап арызды қанағаттандырудан бас тартуы заңды әрі негізді, себебі жауапкерлердің даулы іс-әрекетінің салдарынан талап қоюшылардың құқықтары мен бостандықтары бұзылды немесе оларды жүзеге асыруда кедергілер туындады деп бағалауға негіз жоқ деп сот алқасы есептейді.
Жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындаған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.
Талап қоюшылар кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдарымен келіспеуі сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды. Мұндай жағдайда талап қоюшылардың кассациялық шағымы
қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
Қазақстан Республикасы ӘРПК-ның 169-бабы, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУ Л Ы ЕТТІ:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 27 ақпандағы шешімі және Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 мамырдағы қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын.
Талап қоюшылар Бактыгул Айтжановна Насыналина және Нұрсұлтан Еділұлы Еділдің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Е. Тулеев
Р. Айнакұлова
Судьялар
Г.Дуйсенбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.