Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 22.04.2026 по делу 6003-25-00-2к/4257(3) (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 22 сәуір 6003-25-00-2к/4257(3) Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші А.А.Даненова, судьялар М.Н.Ибрагимова, А.Б.Тоқсанбаев, прокурор Ж[...],

талап қоюшының өкілі Қ[...] бейнеконференц байланыс арқылы қатысуымен ашық сот отырысында талап қоюшы жеке кәсіпкер «Нурсултан» атауымен әрекет етуші Ж[...] жауапкер «Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне шартты бір жақты бұзуды заңсыз деп танып, бастапқы қалпына келтіру туралы талап қоюы бойынша қабылданған Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 9 сәуірдегі шешіміне және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 маусымдағы қаулысына талап қоюшының берген кассациялық шағымын қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Талап қоюшы жауапкер «Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне, даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін талап қоюшы жағындағы үшінші тұлғалар «Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне, жеке кәсіпкер «Cалтанат» атауымен әрекет етуші А[...] шартты бір жақты бұзуды заңсыз деп танып, бастапқы қалпына келтіру туралы талап қоюымен сотқа жүгінген.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 9 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 маусымдағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Кассациялық шағымда талап қоюшы сот шешімдерімен келіспей, соттар тарапынан материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағандығын және сот қорытындыларының істің мән-жайларына сәйкес келмейтіндігіне өз талаптарын дәлелдей отырып, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім қабылдауды сұраған.

Талап қоюшының өкілінің кассациялық шағымда көрсетілген уәждерін, прокурордың сот актілірін күшінде, кассациялық шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы қорытындысын тыңдап, істің құжаттары мен шағымның дәлелдерін тексеріп, сот келесі қорытындыға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік

құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 393бабының 1-тармағына сәйкес, тараптар арасында шарттың барлық елеулi ережелерi бойынша тиiстi жағдайларда талап етiлетiн нысанда келiсiмге қол жеткен кезде шарт жасалды деп есептеледi.

АК-нің 401-бабының 2-тармағының талабы бойынша тараптардың бiреуiнiң талабы бойынша шарт: 1) екiншi тарап шартты едәуiр бұзған кезде; 2) осы Кодексте, басқа да заң құжаттарында немесе шартта көзделген өзге реттерде тек сот шешiмiмен өзгертiлуi немесе бұзылуы мүмкiн.Тараптардың бiреуi шартты бұзып, ол екiншi тарап шарт жасасу кезiнде үмiт артуға құқылы болғанынан едәуiр дәрежеде айрылып қалатындай шығынға әкеп соқса бұл шарттың едәуiр дәрежеде бұзылуы деп танылады.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 27 сәуірдегі №120 бұйрығымен бекітілген «Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларында мемлекеттік спорттық тапсырысты орналастыру және олардың жұмыс істеу Қағидасының» 3-тарауының 1- параграфына сәйкес, сабақ өткізуге арналған үй-жай орналасқан ғимарат бөлек санитариялық тораппен және дәретханамен, кәрізденбеген жерде санитариялық-аулалық қондырғылар орнатуға жол беріледі, ыстық және суық суы бар қолжуғышпен, душ бөлмелерімен, жеке гигиена құралдарымен, оның ішінде дәретхана қағазымен және сабынмен, жарықтандыру, қол кептіргішпен немесе бір рет қолданылатын қағаз сүлгімен жабдықталуға міндетті.

Анықталғандай, тараптар арасында 2024 жылғы 13 маусымда мемлекеттік спорттық тапсырыс бойынша қызметті ұсыну туралы шарты (жария офертасы) жасалған.

Жауапкер 2024 жылғы 17 қыркүйектегі хатымен талап қоюшыға хабарлама жолдап, аталған мемлекеттік спорттық тапсырыспен қызмет көрсету жария офертасының 8-тармағына сәйкес шарттың 2024 жылғы 18 қыркүйегінен бастап, біржақты бұзылатыны жайлы хабарланған.

Талап қоюшымен жауапкердің аталған хабарламасының заңдылығы дауланған.

Сабақ өткізуге арналған үй-жай (топтағы балалардың рұқсат етілген шекті санынан кем емес жеке шкафтармен жабдықталған киім шешетін орнымен, бейне мұрағатты кемінде күнтізбелік 30 күн ішінде сақтау мүмкіндігі бар бейнебақылау камерасымен қамтамасыз етіледі, өртке қарсы қауіпсіздік жүйесімен) жабдықталуға міндетті екендігі бекітілген.

Аталған талаптардың сақталмауы, Жария офертаның 8-тарауына сәйкес шарттың біржақты бұзылуына әкеп соқтырады.

Қағиданың 19-тармағында сабақ өткізуге арналған үй-жай: топтағы балалардың рұқсат етілген шекті санынан кем емес жеке шкафтармен жабдықталған киім шешетін орынмен; бейне мұрағатты кемінде күнтізбелік

30 күн ішінде сақтау мүмкіндігі бар бейнебақылау камерасымен; өртке қарсы қауіпсіздік жүйесімен жабдықталуы тиіс.

Шарттың 3.1.2-тармағына сәйкес, талап қоюшы (қызмет көрсетуші) үйірмелерді өткізу үшін қажетті құрал саймандармен қамтамасыз етілу қажет. Сонымен қатар, шарттың 3.1.15-тармағына сәйкес әр баланың әрбір үйірмеге келу кетуі есебін жүргізуі тиіс (табель).

Жауапкер тарапынан мониторинг жүргізу барысында талап қоюшының қызметінде кемшіліктер орын алғаны, Қағида талаптары сақталмағаны анықталған.

Талап қоюшымен балаларды сабаққа қатысу журналы толық жүргізілмегендігі жоққа шығармаған, яғни талап қоюшымен шарт талаптарын едәуір түрде бұзылуына жол берген.

Осы ретте, жауапкер тарапынан шартты біржақты бұзу әрекеті заңсыз деп танылуға негіздер анықталмаған.

Мұндай жағдайда талап қоюшының жауапкер тарапынан көрсетілген кемшіліктер материалдық құқық нормаларында көзделмегені туралы уәжі негізсіз болып табылады, себебі ондай талаптар бекітілген шартпен (Қағидалармен) қарастырылған.

Жергілікті соттар істің мән-жайын толық анықтап, құқықтық баға беріп, заң нормаларын дұрыс қолданып, негізді сот актілерін қабылдаған. Іс нәтижесіне әсер еткен материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуын, шағымда көрсетілген уәждер растамайды. Талап қоюшының кассациялық шағымдағы уәждері сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылмайды. Сондықтан талап қоюшының шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 9 сәуірдегі шешімі және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 маусымдағы қаулысы іс бойынша күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы жеке кәсіпкер «Нурсултан» атауымен әрекет етуші Ж[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші судья А. Даненова Судьялар М.Ибрагимова А.Тоқсанбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.