ВС РК - Постановление от 29.09.2022 по делу 6001-22-00-6ап/329 (Административное)

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 29 қыркүйек 6001-22-00-6ап/329 (2) Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Ж.Өміралиев болып, талап қоюшының өкілі М[...], жауапкердің өкілі Б[...],

мүдделі тұлға – «Алматы облысы білім басқармасының Кеген ауданы бойынша білім бөлімі» РММ-нің өкілі С[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында мобильді бейне-конференц байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы жеке кәсіпкер К[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Қазынашылық комитеті) мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізу туралы бұйрықтың күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Алматы облысының №2 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 28 қыркүйектегі шешіміне және Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 13 қаңтардағы қаулысына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Жеке кәсіпкер К[...] жауапкер Қазынашылық комитетінің мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізу туралы 2021 жылдың 28 тамызындағы №115666-08-21 бұйрығының (бұдан әрі – бұйрық) күшін жою жөнінде талап қою арызымен сотқа жүгінген.

Алматы облысының №2 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 28 қыркүйектегі шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылып, бұйрықтың күші жойылған.

Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 13 қаңтардағы қаулысымен сот актісі күшінде қалдырылған.

Қазынашылық комитеті кассациялық шағымында іс бойынша соттар шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

Жауапкер өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, талап қоюшы мен мүдделі тұлға өкілдерінің пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 43-бабына сәйкес тапсырыс беруші жеңімпазға мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасын баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы айқындалған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жібереді.

Мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасын конкурс, аукцион, баға ұсыныстарын сұрату тәсілдерімен мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасы қоса берілген хабарлама мемлекеттік сатып алу веб-порталына келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландыруға тиіс.

Заңның 44-бабының 1-тармағына сәйкес егер жеңімпаз деп танылған әлеуетті өнім беруші осы Заңда белгіленген мерзімдерде тапсырыс берушіге мемлекеттік сатып алу туралы қол қойылған шартты ұсынбаса немесе мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасып, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді және (немесе) осы Заңның 26-бабына сәйкес соманы (ол болған кезде) енгізбесе, онда мұндай әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарды деп танылады.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда «Алматы облысы білім басқармасының Кеген ауданы бойынша білім бөлімі» ММ-сі (бұдан әрі – тапсырыс беруші) ашық конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу вебпорталына баға ұсынымы ретінде 600 комплект диспенсерге тапсырыс жариялаған.

Аталған конкурста 2021 жылдың 24 тамызындағы №5685724-1 электрондық конкурста ең төменгі баға ұсынысы бойынша, яғни 810 000 теңге ұсынған талап қоюшы жеңімпаз болып танылған.

Тапсырыс беруші талап қоюшыға 2021 жылдың 24 тамызында мемлекеттік веб-порталы арқылы мемлекеттік сатып алу туралы келісім шартты 2021 жылдың 27 тамызына дейін қол қоюға жолдаған.

Б[...] К[...] заңда көзделген мерзімде шартқа қол қоймаған.

Осыған байланысты Қазынашылық комитетінің бұйрығымен жеке кәсіпкер К[...] мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілген.

Жергілікті соттардың жеке кәсіпкер К[...] шартты орындауға толық мүмкіндігі болғанын, оның шарт жасасудан жалтаруға ниеті болмағаны жөнінде тұжырымға келіп, талап арызды қанағаттандыруы іс құжаттарына негізделген.

Соттар шешім қабылдағанда келісім шартқа қол қоюға К[...] науқастанып, 2021 жылдың 25 мен 28 тамыз аралығында стационарлық ем қабылдауына байланысты келісім шартқа қол қоюға мүмкіншілігі болмағанын, оның мемлекеттік сатып алу саласында жұмыс жасап келе жатқанын, шартты орындауға мүмкіндігі болғанын ескерген. Талап қоюшының шартқа уақытылы қол қоймауының нәтижесінде тапсырыс берушіге елеулі зиян келтірілмегені де назарға алынған.

Сот алқасы ӘРПК-нің 2-тарауына сай әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізу қағидаттарының бірі мөлшерлестік қағидаты болып табылатынын назарға алады.

Осы кодекстің 6-бабына сәйкес әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізу осы тарауда баяндалған қағидаттар негізінде жүзеге асырылады. Осы тарауда белгіленген әкімшілік рәсімдердің қағидаттары түпкілікті болып табылмайды және құқықтың басқа да қағидаттарын қолдануға кедергі болмайды. Азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттары, егер бұл осы тарауда баяндалған қағидаттарға қайшы келмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде қолданылады. Әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға, сондай-ақ шығарылған сот актілерінің күшін жоюға алып келеді.

ӘРПК-нің 10-бабында әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді. Бұл ретте әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті және пропорциялы болуға тиіс екендігі көзделген.

Іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.

Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Алматы облысының №2 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 28 қыркүйектегі шешімі және Алматы облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 13 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С.Баймаханов

Судьялар Ш.Даниярова

Е.Өміралиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.