3ПП-47
Ұ Й Ғ А Р Ы М
7 қазан 2024 жылы Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Г.Ж.Әлмағамбетова талап қоюшы Ж.С. Урынгалиеваның адвокат тағайындау туралы өтінішін қарап
талап қоюшы Жания Садыровна Урынгалиеваның жауапкер Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының әкімдігі «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне әлеуметтік көмекке тиесілі ақша сомасын өндіру туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша
Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының № 2 сотының 2023 жылғы 1 маусымдағы шешімімен Ж.С.Урынгалиеваның талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 16 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Ж.С.Урынгалиева өтінішхатта бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын, құқық нормаларын түсіндіруіндегі және қолдануындағы бірізділікті бұзатын жағдайлар орын алғандықтан, сот актілерінің күшін жойып, істі жаңадан қарауға жіберуді сұраған.
Талап қоюшы Ж.С. Урынгалиева Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының өтініші негізінде берген ұсынысын қарау басталғанға дейін сотта өз мүддесін қорғау үшін адвокатпен қамтамасыз етуін сұраған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 18-бабына сәйкес әркімнің азаматтық процесс барысында осы Кодекстің ережелеріне сәйкес білікті заң көмегін алуға құқығы бар. Заңда көзделген жағдайларда заң көмегі тегін көрсетіледі.
«Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларына сәйкес бірінші және екінші топтағы мүгедектерге кешенді әлеуметтік құқықтық көмек көрсетіледі. Аталған дау кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес, талап қоюшы 1 топтағы мүгедек, осыған байланысты талап қоюшыға білікті заң көмегін көрсету қажет.
АПК-нің 18 бабын басшылыққа ала отырып, судья
Жания Садыровна Урынгалиеваға білікті заң көмегін көрсету. Талап қоюшыға білікті заң көмегімен қамтамасыз ету бөлігінде ұйғарымның орындалуы Астана қаласының адвокаттар алқасына жүктелсін. Өкілдікке байланысты шығыстарды өтеу бюджет қаражатына жатқызылады. Іске қатысушы адамдарды күні мен уақыты туралы хабардар ету.
Әлмағамбетова Г.Ж.
Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.