Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Определение от 28.04.2026 по делу 6003-26-00-2/22 (Гражданское)

ҰЙҒАРЫМ

2026 жылғы 28 сәуір

Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соттың судьясы Н.О.Косанов, талап қоюшы Т[...] жауапкер «КЭ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне затты ауыстырып беруді немесе ақшасын қайтаруды міндеттеу туралы талап қоюы бойынша азаматтық істің соттылығын анықтау жөніндегі Шымкент қалалық сотының төрағасының ұсынуын қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Қызылорда облысы Қазалы аудандық сотының 2026 жылғы 19 наурыздағы ұйғарымымен азаматтық іс соттылығы бойынша қарау үшін Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотына жолданған.

Сот, істі соттылығы бойынша жолдағанда Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 34-бабының 2-бөлігінің 3) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесінің мәліметіне сай, жауапкер Шымкент қаласында тіркелгенін негізге алған.

Соттар арасында істің соттылығы туралы дау туындағандықтан Шымкент қалалық сотының төрағасы кассациялық сотқа істің соттылығын анықтап беру жөнінде ұсыну келтірген.

Аталған ұсыну азаматтық іс тұтынушының құқықтарын қорғауға байланысты болғандықтан талап қоюшының тұрғылықты жері бойынша қаралуы мүмкін екендігіне негізделген.

АПК-тің 30-бабының 9-бөлігіне сәйкес тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы талап қоюлар талап қоюшының тұрғылықты жері не шарттың жасалу немесе орындалу орны бойынша берілуі мүмкін.

Іс материалдарын, ұсынудың уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Талап қоюшы Қызылорда облысы, [...] тұрғыны, өзінің таңдауы бойынша ол Қазалы аудандық сотына жүгінген, дау тұтынушының құқықтарын қорғауға байланысты.

Бұл жағдайда азаматтық іс Қызылорда облысы Қазалы аудандық сотының қарауына жатады.

«Соттардың азаматтық процестік заңнаманың кейбір нормаларын қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 20 наурыздағы №2 нормативтік қаулысының 7-тармағына сәйкес соттар арасында нақты істің соттылығы туралы дау туындаған жағдайда жоғары тұрған соттың судьясы іске қатысатын адамдарға оның қаралатын орны мен уақыты туралы хабарламастан және соттың істі басқа соттың іс жүргізуіне жіберу туралы ұйғарымының күшін жоймастан, істің нақты қай соттың қарауына жататыны туралы ұйғарым шығарады. Апелляциялық саты сотының ұйғарымы және жоғары тұрған соттың судьясының істің қай соттың қарауына жататыны туралы ұйғарымы шағым жасауға, наразылық келтіруге жатпайды. АПК-нің 34-бабының 6-бөлігін, 268, 269-баптарын басшылыққа алып, сот

ҰЙҒАРЫМ ЕТТІ:

Талап қоюшы Т[...] жауапкер «КЭ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне затты ауыстырып беруді немесе ақшасын қайтаруды міндеттеу туралы азаматтық іс соттылығы бойынша Қызылорда облысы Қазалы аудандық сотына жолдансын.

Судья Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.