Қ А У Л Ы
2026 жылғы 8 шілде №6003-26-00-2к/2713 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, төрағалық етуші судья А.Б.Токсанбаев, судьялар М.Н.Ибрагимова, А.Ж.Аймурзинова,
талап қоюшы М[...], оның өкілі Р[...], жауапкер М[...] өкілі М[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшылар М[...], Қ[...], К[...] жауапкерлер М[...] және Түркістан облысы нотариаттық округінің жеке нотариусы С[...] мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру, заң бойынша мұраға құқық туралы куәлікті жарамсыз деп тану, оның күшін жою туралы талап қоюымен қабылданған Түркістан облыстық сотының азаматтық icтep жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 20 ақпандағы қаулысына талап қоюшылар М[...], Қ[...] және К[...] кассациялық шағымдары бойынша келіп түскен электронды азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Талап қоюшылар сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюымен жүгінген. Түркістан облысы Келес аудандық сотының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі шешімімен талап қою қанағаттандырылып, 2015 жылғы 12 қыркүйектегі №1407 тізілімдегі заң бойынша мұраға құқық туралы куәлік жарамсыз деп танылып, күші жойылған.
М[...], Қ[...], 2015 жылғы 12 қыркүйекте қайтыс болған әкелері М[...] қалған жылжымайтын мүлікке мұраны қабылдау мерзімі қалпына келтірілген.
Сот шығыстарын өндіру мәселесі шешілген.
Түркістан облыстық сотының азаматтық icтep жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 20 ақпандағы қаулысымен шешімінің күші жойылып, талап қою қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.
Талап қоюшылар кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы сот істің мән-жайларын дұрыс анықтамағанын, материалдық және процестік құқық нормаларын бұзғанын көрсете келе, қаулының күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Тараптардың түсіндірмелерін тыңдап, шағым уәждерін және іс құжаттарын тексеріп, сот төмендегі түйінге келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабы 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Апелляциялық сатыдағы сот іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеген.
Іс құжаттарындағы талап қоюды нақтылау туралы арыздарға қарағанда, М[...] талап қоюшы ретінде, ал талап қоюшылар өздерін мұрагер деп тану туралы талап көрсетілген.
Алқа отырысында талап қоюшылардың өкілі А.Ж.Б[...].М[...] талап қоюшы қатарынан шығарылғанын, мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіріп, заң бойынша мұраға құқық туралы куәлікті жарамсыз деп танып, оның күшін жоюды сұрайтындарын, ол жөнінде нақтылау арыздарын бергендерін көрсеткен.
2011 жылғы 23 мамырда М[...] қайтыс болған.
Талап қоюшылар 1989 жылғы 2 қарашада туған М[...], 1992 жылғы 4 шілдеде туған Қ[...] және 1994 жылғы 18 наурызда туған К[...] қайтыс болған М[...] балалары.
Қайтыс болған М[...] пен талап қоюшылардың анасы М[...] арасындағы неке 2007 жылғы 27 тамызда Сарыағаш аудандық сотының шешімімен бұзылған.
2010 жылғы 5 ақпаннан қайтыс болған М[...] атында Түркістан облысы, [...] тұрғын үй кадастрлық №[...] жер телімімен (бұдан әрі - мұралық мүлік) тіркелген.
М[...] кейін осы жылжымайтын мүлікке мұра ашылған. Түркістан облысы нотариаттық округінің нотариусы С[...] 2015 жылғы 12 қыркүйекте іс жүзінде мұраны қабылдау тәсілімен екінші кезектегі мұрагері апасы М[...] заң бойынша мұраға құқық туралы куәлік (бұдан әрі - даулы куәлік) берілген.
Талап қоюшы М[...] 2025 жылғы 5 мамырда ұялы телефонмен нотариус С[...] хабарласып, мұраға құқық туралы куәлік беруді сұраған. Нотариус мұралық іс жабылғанын, мұралық мүлікке М[...] даулы куәлік алғанын хабарлаған.
М[...] 2025 жылғы 26 мамырда Түркістан облысы нотариаттық палатасына арызбен жүгініп, онда заң бойынша мұраға құқық туралы куәлік беруден бас тарту туралы қаулы беруді сұраған.
Түркістан облысының нотариаттық палатасы 2025 2 маусымда М[...] нотариаттық палата мұра ашу туралы арызды қабылдау өкілеттігіне кірмейтінін көрсетіп, мұраның ашылған жері бойынша нотариусқа жүгіну құқығын түсіндірген.
Талап қоюшылар талабын бірінші кезектегі мұрагерлер болып табылатындарымен, отбасын құрып, бала босанғандарымен, әскерге барғандарымен, отбасылық жағдайға және мұраның ашылғандығы туралы хабарлама Оңтүстік Қазақстан облысы аумағындағы аудандарға тарайтын газетке жарияланғандықтан және өздері басқа облыстың тұрғындары болғандықтан мұралық істің бар екенін 2025 жылға дейін білмегендерімен негіздеген.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюдағы осы негіздерге сәйкес және нотариус мұрагерлер шеңберін дұрыс анықтамағандықтан, жауапкер нотариусқа жалғыз мұрагер екендігі туралы жалған мәлімет бергендіктен талап қою қанағаттандыруға жатады деген тұжырым жасаған. Алқа бірінші сатыдағы соттың тұжырымдарымен келіспеген. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 1072-2-бабы 1-тармағына сәйкес мұраның ашылу күнiнен бастап алты ай iшiнде мұра қабылдануы мүмкін.
АК-нің 1072-3-бабына сәйкес егер мұрагер мұраны қабылдау үшiн белгiленген мерзiмдi (осы Кодекстiң 1072-2-бабы) дәлелдi себептер бойынша өткiзiп алған болса және мұраны қабылдау үшiн белгiленген мерзiмдi өткiзiп алған мұрагер бұл мерзiмдi өткiзу себептерi жойылғаннан кейiн алты айдың iшiнде сотқа жүгiнген жағдайда осы мерзiмдi өткiзiп алған мұрагердiң өтiнiшi бойынша сот бұл мерзiмдi қалпына келтiре алады және мұрагер мұраны қабылдады деп тани алады.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 29 маусымдағы «Соттардың мұрагерлік туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» №5 Нормативтік қаулысының 11-тармағына сәйкес мұрагердің АКнің 1072-3-бабына сәйкес мұраны қабылдау үшін мерзімді қалпына келтіру туралы арызын қарағанда сот мерзімді қалпына келтіріп, мынадай шарттар жиынтығы болған кезде:
мұраны іс жүзінде қабылдаған дәлелдері болмаса;
мерзім дәлелді себептермен (мұрагердің науқастануы, сондай-ақ мұраны қабылдау туралы арызды беруге кедергі жасайтын мән-жайлар) өткізіп алса;
мұрагер осы мерзімді өткізіп алуының себебі жойылғаннан кейін алты ай ішінде сотқа жүгінсе мұрагерді мұраны қабылдаған деп тани алады.
Бұл ретте, мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру туралы арызбен сотқа жүгінудің алты ай мерзімі АПК-нің 126-бабының тәртібімен қалпына келтірілмейтіні ескерілуі тиіс. Осы мерзімнің өтуінің басталуын анықтау мұраны қабылдау мерзімін өткізіп алу себептерінің аяқталуына байланысты болғандықтан мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру және мұрагерді мұраны қабылдаған деп тану туралы арыз АК-нің 1072-3-бабында көрсетілген алты айлық мерзімнің өтуіне қарамастан соттың өндірісіне қабылданады.
Мұраны қабылдау үшін мерзімді өткізіп алу себептерінің дәлелділігін және мұрагерді мұраны қабылдаған деп тануды сот әрбір істің нақты мәнжайларына байланысты анықтайды.
Талап қоюшылар мұраны қабылдау мерзімінің өткізіп алудың дәлелді себептері ретінде кәмелет жасқа толмағанын, басқа облыста тұрғандарын, отбасын құрып, бала босанғандарын, әскерге барғандарын, мұралық істің бар екенін білмегендерін көрсеткен.
Бірінші сатыдағы сот осы себептерді мұраны қабылдау мерзімінің өткізіп алудың дәлелді себептері деп танып, талап қоюшыларға мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтірген.
Алқа жоғарыда көрсетілген заң нормаларына сәйкес талап қоюшылардың бұл көрсеткен себептері өз бетінше мұраны қабылдау мерзімінің өткізіп алудың дәлелді себептері бола алмайды және бірінші сатыдағы сот істің бұл мән-жайына тиісті құқықтық баға бермей қате тұжырымға келгені туралы дұрыс түйін жасаған.
Себебі, АК-нің 23-бабы 1-тармағына сәйкес, он төрт жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар (жас балалар) үшiн мәмiлелердi, егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, олардың атынан заңды өкілдері жасайды.
АК-нің 22-бабы 1-тармағына сәйкес, он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар мәмiлелердi олардың заңды өкілдерінің келiсiмiмен жасайды. Мұндай келiсiмнiң нысаны заңдарда кәмелетке толмағандар жасайтын мәмiле үшiн белгiленген нысанға сай келуге тиiс.
Талап қоюшылардың әкесі М[...] 2011 жылғы 23 мамырда қайтыс болғанда, М[...] 21 жаста, Қ[...] 18 жаста, ал К[...] 17 жаста болған.
К[...] заңды өкілі анасы М[...] тәрбиесінде болып, талап қоюшылармен бірге тұрған, М[...] балалардың әкесі М[...] қайтыс болғанынан хабардар болған, жиындарына қатысқан.
М[...] аналық құқығынан айырылмағандықтан және шектелмегендіктен қызы К[...] мүддесінде мұраны қабылдау үшін белгілі бір іс-әрекеттер жасап, мұралық мүліктен үлесін рәсімдеу құқығы болған. Алайда, М[...] қызы К[...] мүддесі үшін мұралық құқықтарын жүзеге асырмаған, нотариусқа мұраны қабылдау туралы арыз бермеген.
Талап қоюшылар М[...] мен Қ[...] кәмелет жасқа толған тұлғалар болғандықтан, өз беттерімен нотариусқа мұраны қабылдау туралы арызды бермеген және өздерінің өкілдері арқылы мұралық құқықтарын жүзеге асырмаған.
Қайтыс болған әкесінен қалған мұраны талап қоюшылар анықтауға, оны рәсімдеуге, өздерінің өкілдері арқылы мұралық құқықтарын жүзеге асыруға кедергі болмағанын және мүмкіндіктері болғанын ескеріп, алқа басқа облыста тұрғандары, отбасын құрып, бала босанғандары, әскерге барғандары мұраны
қабылдау туралы арызды беруге кедергі жасайтын мән-жайлар болып саналмайтыны туралы дұрыс құқықтық баға берген.
Мұралық қатынасты реттейтін материалдық құқықтық нормасы мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру негізін мұрагерлердің мұралық мүліктің бар екендігін қашан білгендігімен байланыстырмайтыны және мұрагерлердің мұраны ашылғанын білген кезі деп, мұра қалдырушының қайтыс болған күні деп санайтынын ескеріп, алқа талап қоюшылардың мұралық істің бар екендігін enis.kz сайтынан 2025 жылғы 3 мамырда білгендігі туралы уәждерін дұрыс назарға алмаған.
Мұраның ашылғанына 14 жыл болғанымен М[...] және талап қоюшылар мұраны қабылдауға үшін тиісті шаралар жасамаған.
Осылайша, алқа мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіруге дәлелді себептер болмағандықтан, талап қоюдың мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру бөлігін қанағаттандыруға негіз жоқ деген негізді түйінге келген.
Сонымен қатар, сот алқасы талап қоюшыларға мұраға қалдырушының мүлкіне мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіруден бас тартылғанына, олар мұра қалдырушының мүлкін іс жүзінде қабылдамағанына және мұралық мүлікке мұрагерлік құқықтары расталмағанына байланысты даулы куәлік талап қоюшылардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбайды және куәлікті жарамсыз деп тану олардың даулы мүлікке қатысты құқықтық салдарға әкеп соқтырмайтынын ескеріп, даулы куәлікті жарамсыз деп танып, күшін жою туралы талап қою қанағаттандыруға жатпайтыны туралы дұрыс тұжырым жасаған.
Одан бөлек, алқамен жауапкер тарапының мәлімдемесі бойынша АК-нің 178-бабы 1-тармағына, 179-бабы 2, 3-тармақтарына сәйкес талап қою мерзімін дұрыс қолданған. Себебі, талап қоюшылар әкесі М[...] қайтыс болғанын 2011 жылы білген, себебі олардың аналары әкелерінің жерлеу рәсіміне қатысқан, әкелерінің қайтыс болып, мұраның ашылғанына 14 жыл, даулы мұралық мүлікке куәлік берілгеніне 10 жыл өткен, олар мұрагерлік істі жүргізуге қатыспай, құқықтарын іс жүзінде пайдаланбаған, мұралық мүліктің тағдырына осы уақытқа дейін қызығушылық танытпаған. Мұраға қалдырушы олардың әкесі болғандықтан, одан қалған мұраның бар-жоқ екенін білуге тиіс болған. Талап қоюшылар сотқа 14 жылдан кейін, 2025 жылы 5 маусымда жүгінген. Заң бойынша талап қойғанға дейiн талап қою мерзiмiнiң өтiп кетуi өз бетінше талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуға негіз болады.
Өз кезегінде, талап қоюшылар талап қою мерзімін қалпына келтіру туралы арызын бекітетен дәлелдемелер ұсынбаған. Осыған байланысты алқа талап қоюшылардың талап қою мерзімін қалпына келтіру туралы арыздары дұрыс қанағаттандырусыз қалдырылған.
Іс үшін маңызы бар мəн-жайлар ауқымы алқамен жан-жақты, толық анықталған, процестік және материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылған. Сот алқасының қорытындылары істің мән-жайларына сәйкес келеді.
Кассациялық шағымда көрсетілген уәждер материалдық құқық нормалары мен іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді қайта бағалауға байланысты келтірілгендіктен, сот оларды негізсіз деп санайды. Шағымның уəждері қаулының күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылмайды. Сондықтан қаулы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 1)-тармағын басшылыққа алып, сот
Түркістан облыстық сотының азаматтық icтep жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 20 ақпандағы қаулысы күшінде, талап қоюшылар М[...], Қ[...] және К[...] кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші судья А.Токсанбаев
М.Ибрагимова
Судьялар
А.Аймурзинова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.