6003-25-00-2к/3750
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 10 наурыз Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,
судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева,
прокурор А.Нуртазанованың, талап қоюшының өкілі Е.Н.Тұрғымбайдың, жауапкер Н.А.Курмановтың және үшінші тұлға Ж.К.Жаканованың өкілі С.Т.Нысановтың, Қарасу ауылдық округі әкімінің өкілі Л.А.Алтынбекованың қатысуларымен, ашық сот отырысында
талап қоюшы «Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі-Департамент) жауапкер Нурсултан Аширович Курмановқа, Қарасу ауылдық округі әкіміне, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес Акционерлік қоғамына әкімнің шешімін жарамсыз деп тану туралы электронды азаматтық істі жауапкер Н.А.Курмановтың, үшінші тұлға Ж.К.Жаканованың Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 мамырдағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ :
Департамент жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы шешімімен Департаменттің талабы қанағаттандырылған.
Түркістан облысы Сайрам ауданы Қарасу ауылдық округі әкімінің 2014 жылғы №131, Н.А.Курмановқа жер учаскесін жеке меншікке беру туралы шешімі жарамсыз деп танылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 сәуірдегі ұйғарымымен аталған шешімінің күші жойылып, апеляциялық сот алқасының өндірісіне бірінші сатыдағы сот тәртібімен қарауға қабылданған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 мамырдағы қаулысымен Департаменттің талап қоюы қанағаттандырылған. Түркістан облысы Сайрам ауданы Қарасу ауылдық округі әкімінің 2014 жылғы №131, Н.А.Курмановқа жер учаскесін жеке меншікке беру туралы шешімі жарамсыз деп танылған.
Жауапкер Н.А.Курманов пен үшінші тұлға Ж.К.Жаканова кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық шағымды қолдаған жауапкердің өкілі С.Т.Нысановты, кассациялық шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілі
Е.Тұрғымбайды, шешімді күшінде қалдыруды сұраған прокурор А.Нуртазанованың қорытындысын тыңдап, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі– Кодекс) 52бабының 1-тармағына сәйкес осы Кодексте көзделген жағдайлардан басқа, үйге (құрылысқа, ғимаратқа) меншік құқығы көрсетілген үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан жер учаскесiне заңнамада белгiленген тәртiппен меншiк құқығын бiлдiредi. Осы баптың 7-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк заңды тұлғалардың үйге (құрылысқа, ғимаратқа) шаруашылық жүргiзу құқығы немесе жедел басқару құқығы көрсетілген объектілер орналасқан жер учаскесiне белгіленген тәртіппен тұрақты жер пайдалану құқығын бiлдiредi.
Көрсетілген құқықтар бiр-бiрiнен ажыратылмайды.
Іс құжаттарына қарағанда 1995 жылғы №18 тамыздағы №33 сатып алусату шартының негізінде Н.А.Курманов Сайрам ауданы, Қарасу ауылы, Ленин (қазіргі Жібек жолы) көшесі, 157 үйді сатып алған.
Сайрам аудандық тұрақты жер комиссиясының 2014 жылғы 3 қазандағы №21 қорытындысына, 1995 жылғы №18 тамыздағы №33 сатып алу-сату шартына, Қарасу ауылдық округі әкімінің 2014 жылғы 15 қазандағы №131 шешіміне (бұдан әрі-даулы шешім) сәйкес Н.А.Курмановқа Сайрам ауданы, Қарасу ауылдық округі, Жібек жолы көшесі №157 мекен-жайынан жалпы алаңы 800 ш/м жер учаскесі жеке меншікке бекітіліп, кадастр №19-295-0652896 сәйкестендіру актісі рәсімделген.
Бұдан бөлек, Сайрам ауданы жылжымайтын мүлікті жария ету жөніндегі комиссиясының 2007 жылғы 23 маусымдағы №39737 шешіміне сәйкес, жауапкерге Сайрам ауданы, Өтеміс ауылы, Жаңақұрылыс мекен-жайынан тұрғын үй және қосалқы шаруашылғын жүргізу үшін алаңы 0,12 га жер учаскесі жеке меншік құқығы табысталып, кадастрлық №19-295-073-325 сәйкестендіру актісі рәсімделген.
Жергілікті соттар Әкім даулы шешімді қабылдау кезінде Кодекстің 94бабының 4-тармағын сақтамай, жауапкерге екінші рет жер учаскісін тегін табыстаған және Кодекстің 43-бабы 2-бөлігіне сәйкес, даулы шешімді қабылдану кезінде даулы жерге қатысты жерге орналастыру жобасы болмаған,
ал жоба кейінен әзірленген, сондықтан мемлекет меншігіндегі жер учаскісі жауапкерге заңсыз табысталған деген тұжырымға келген.
Алайда, жергілікті соттардың мұндай тұжырымы негізсіз. Өйткені жылжымайтын мүлік объектісі мен ол орналасқан жер учаскесі бір-бірімен өзара тығыз және ажырамас құқықтық байланыста.
Кодекстің 52-бабының 1-тармағының талаптарына сәйкес, жылжымайтын мүлік объектісі мен онда орналасқан жер учаскесі біртұтас құқықтық тағдыр қағидатына негізделген және бiр-бiрiнен ажыратылмайды. Демек, жер учаскесі жылжымайтын мүлік объектісін пайдалану және оған қызмет көрсету үшін қажетті аумақ ретінде қарастырылады.
Сондықтан 1995 жылғы №18 тамыздағы №33 сатып алу-сату шартының негізінде Н.А.Курмановқа тиесілі Сайрам ауданы, Қарасу ауылы, Жібек жолы көшесі, 157 үйге қатысты құқықтық қатынастарды қарау барысында оған байланысты жер учаскесінің құқықтық режимі де ескерілуге жатады.
Осыған орай, Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Қарасу ауылдық округ әкімінің 2014 жылғы №131 жарамсыз деп танылуға жатпайды.
Жергілікті соттар тарапынан материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмауы, іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалмауы орын алған.
Істің мұндай тұрғысында кассациялық сот, апелляциялық сот қаулысының күші жойылып, Департаментің Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Қарасу ауылдық округ әкімінің шешімін жарамсыз деп тану туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылуға жатады деп есептейді.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 мамырдағы қаулысы күші жойылып, жаңа шешім шығарылсын.
«Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» мемлекеттік мекемесінің Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Қарасу ауылдық округі әкімінің 2014 жылғы №131 Нурсултан Аширович Курмановқа жер учаскісін жеке меншікке беру туралы шешімін жарамсыз деп тану туралы талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылсын.
«Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» мемлекеттік мекемесінен Нурсултан Аширович Курмановтың пайдасына 923 (тоғыз жүз жиырма үш) теңге мемлекеттік баж өндірілсін.
Нурсултан Аширович Курмановқа артық төленген 1043 (бір мың қырық үш) теңге мемлекеттік баж қайтарылсын.
Жауапкер Н.А.Курмановтың және үшінші тұлға Ж.К.Жаканованың кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
Судьялар: А.О.Тогумбетова
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.