ҚАУЛЫ
2024 жылғы 13 тамыз 6001-23-00-6ап/2911 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Ғ.Ө.Әлжанов болып,
талап қоюшының өкілі М.К.Нурумовтың қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Махсат Сатбаевич Отарбаевтың жауапкер «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» (бұдан әрі - Басқарма) мемлекеттік мекемесіне сәулетжобалау тапсырмасын беруден дәлелді бас тартуын заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 18 мамырдағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 20 қыркүйектегі қаулысына талап қоюшы М.С.Отарбаевтың келтірген кассациялық шағымы бойынша келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 18 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 20 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы М.С.Отарбаев кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күштерін жойып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Жауапкер өкілі істі онлайн түрде мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған.
Сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Жауапкер өкілінің сотқа келмеуі туралы уәжін сот дәлелді деп санамайды.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағым уәждерімен келіскен пікірін тындап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.
Істің мән-жайларына қарағанда талап қоюшы М.Отарбаев 2019 жылғы 22 мамырдағы сатып алу-сату келісім шарты негізінде Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, 230 орам, №452 орналасқан алаңы 0,175 га, нысаналы мақсаты: авто жуу, тойхана, автожанармай құю бекеті, дәмхана, спорттықденешынықтыру комплексінің құрылысын жүргізу үшін берілген кадастрлық нөмірі 19-309-230-655 жер учаскесінің меншік иесі болып табылады.
Аталған келісім шарт тіркеу орындарында тиісті түрде тіркелген.
2023 жылғы 8 ақпанда өз жер учаскесін нысаналық мақсаты бойынша игеру үшін «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне жобалауға арналған сәулет-жоспарлау тапсырмасын беруді сұрап арызданған. Басқарманың 2023 жылғы 13 ақпандағы дәлелді бас тартуына сәйкес, аталған жер учаскесі Шымкент каласы әкімдігінің 2022 жылғы 3 ақпандағы №198 қаулысымен бекітілген «Мәртөбе» тұрғын алабының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына түзету енгізу жобасы бойынша бір бөлігі көпшілік пайдаланатын көше ендігінде және зираттың санитарлык-корғау аймағында орналасқан. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес келмейтіні, осыған байланысты, өтінішті бұдан әрі қараудан дәлелді бас тартылатыны хабарланған.
Талап қоюшы М.Отарбаев сотқа аталған талап арызбен жүгініп, қазіргі таңда өзіне тиесілі жер учаскесін өзінің нысаналық мақсаты бойынша пайдалана алмай отыруының басты себебі Шымкент қаласының әкімдігінің тарапынан жолданған хаттарға қарамастан жауапкер әрекетсіздік танытып отырғанын негіздеген.
Жергілікті соттар талапты қанағаттандырудан бас тартқанда жер учаскесіне құрылыс салу белгiленген тәртiппен бекiтiлген бас жоспар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы негiзiнде жүзеге асырылуы тиіс, осыған байланысты сұратылып отырған сәулет-жоспарлау тапсырмасы Шымкент қаласының бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес келмейтінін негізге алған.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы №750 бұйрығымен бекітілген Құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларының 41тармағының 4) тармақшасына сәйкес жоспарланған құрылыстың бекітілген бас жоспарға, егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына немесе елді мекендерді дамыту мен құрылыс салу схемасына сәйкес келмеуі көрсетілетін қызметті берушіге мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тартуға негіз болытынын көрсеткен.
Соттардың бұл тұжырымдары қате болып табылады.
Осы талап қоюды қарағанда соттар мына мән-жайларды ескермеген.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 188-бабына сәйкес, меншiк құқығы дегенiмiз субъектiнiң заң құжаттары арқылы танылатын және қорғалатын өзiне тиесiлi мүлiктi өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығы. Меншiк құқығы мәмiле жасалған кезде болған барлық жүктемелерiмен басқа адамға берiледi. Меншiк иесiнiң өз мүлкiн иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығы болады. Иелену құқығы дегенiмiз мүлiктi iс жүзiнде иеленудi жүзеге асыруды заң жүзiнде қамтамасыз ету. Пайдалану құқығы дегенiмiз мүлiктен оның пайдалы табиғи қасиеттерiн алудың, сондай-ақ одан пайда табудың заң жүзiнде қамтамасыз етiлуi. Пайда кiрiс, өсiм, жемiс, төл алу және өзге нысандарында болуы мүмкiн. Билiк ету құқығы дегенiмiз мүлiктiң заң жүзiндегi тағдырын белгiлеудiң заңмен қамтамасыз етiлуi болып табылады .
Жер кодексінің 65-бабына сәйкес жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар жерді оның нысаналы мақсатына сәйкес пайдалануға міндетті. Жер учаскесiн пайдаланудың нысаналы мақсаты мен режимiн, сервитуттар мен нормативтiк құқықтық актiлер негiзiнде белгiленген басқа да пайдалану талаптарын жер учаскесi меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының өз бетiнше өзгерте алмайды.
Сот отырысында зерттелген құжаттарға қарағанда талап қоюшы 2019 жылғы 22 мамырдағы сатып алу-сату келісім шарты негізінде жоғарыда көрсетілген мекенжай бойынша жер учаскесінің меншік иесі болып табылады және меншік құқығынан, жер пайдалану құқығынан айырылмаған. Талап қоюшыға авто жуу, тойхана, автожанармай құю бекеті, дәмхана, спорттық-денешынықтыру комплексінің құрылысын жүргізу үшін нысаналы мақсаты бар кадастрлық нөмірі 20-322-017-658 жер учаскесіне жеке меншік құқығына акт берілген.
Сонымен қатар, осы дауды шешу үшін талап қоюшы М. Отарбаев Шымкент қаласының әкімдігіне мемлекеттік органның әрекетін заңсыз деп тану және жер учаскесін мемлекеттік мұқтаж үшін алу мәселесін қарастыруға міндеттеу туралы әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгінген болатын.
Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2023 жылғы 2 наурыздағы ұйғарымымен тараптар арасында медиация тәртібімен реттеу туралы келесідей келісім бекітілген: a) Шымкент қаласының әкімі, Шымкент қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 3 ақпандағы №198 қаулысымен Шымкент қаласы, Мәртөбе тұрғын алабының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына түзету енгізу жобасы бекітілуіне байланысты және осы жобаға сәйкес талап қоюшы М.Отарбаевтың жер учаскесінің бір бөлігі жол айырығына, бір бөлігі көгалдандыру аумағына енгізілуіне байланысты, аталған қаулы негізінде «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін қажет етілген жағдайда иеліктен шығару үшін қажетті барлық іс-әрекеттерді жасауға міндеттенген.
Алайда, осы келісім бойынша талап қоюшының жер телімін мемлекет мұқтажыдығына алу іс-әрекеттері жасалынған жоқ. Демек, талап қоюшының өзіне тиесілі жер учаскесі оның нысаналы мақсатпен пайдалануға құқығы бар.
ӘРПК-ның 13-бабының үшінші және төртінші бөлігіне сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам немесе сот Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес теріс деп белгілемейінше, әкімшілік акті, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) заңды және негізді деп есептеледі, сондай-ақ әкімшілік органның, лауазымды адамның кінәсінен жасалған заңсыз әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) әкімшілік рәсімге қатысушы үшін ауыртпалық салатын салдарға алып келмейді.
Істің бұл тұрғысында, дауланып отырған сәулет-жобалау тапсырмасын беруден дәлелді бас тартуын заңды деп тануға негіздер болмаған. Сондықтан сот актілерінің күші жойылып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдануға жатады.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 18 мамырдағы шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 20 қыркүйектегі қаулысының күші жойылып, М.С.Отарбаевтың сәулет-жобалау тапсырмасын беруден дәлелді бас тартуын заңсыз деп тану туралы талап қоюы толық қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдансын.
Талап қоюшы М.С.Отарбаевтың келтірген кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
С.Баймаханов
Судьялар
Ш.Даниярова
Ғ. Әлжанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.