№6001-23-00-6ап/1696
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 2 сәуір Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова,
талап қоюшы И[...],
жауапкердің өкілі Ж[...] қатысуыларымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшылар И[...], И[...] жауапкерлер Тараз қаласы әкіміне, «Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекетік мекемесіне (бұдан әрі – Ж[...] қатынастар бөлімі), Тараз қаласы жер комиссиясына қорытындының, қаулының күшін жою, жалға алу шарт мерзімін ұзартуды міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 20 желтоқсандағы шешімі мен Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 сәуірдегі қаулысына талап қоюшылардың келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 20 желтоқсандағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған.
Осы соттың 2022 жылғы 20 желтоқсандағы жеке ұйғарымымен әкімшілік ісін қаралуы барысында «Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен Қазақстан Республикасының Ж[...] кодексінің нормалары бұзылғаны туралы Тараз қаласы әкімінің назарына жеткізілген.
Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшылар кассациялық шағымда соттар іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы тараптардың пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
Соттармен анықталғандай, Тараз қаласы әкімінің 2019 жылғы 22 тамыздағы №2984 және №2985 қаулылары негізінде талап қоюшыларға тұрғын үйдің құрылысын салу және қызмет көрсету үшін әрқайсысына 3 жыл мерзімге, тиісінше Тараз қаласы, «Көлтоған» шағын ауданы, көлемі 0,0990га, №11 және №12 жобадағы жер учаскелері уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен берілген.
2019 жылғы 5 қыркүйекте жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органымен №254 және №255 жалдау шарттары жасалынған.
Жалдау шарттарының 3.1 тармақтарына сәйкес, жалға алушылар жер салығын, жер учаскелерін пайдалану төлемақысын және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа да төлемдерді уақытылы төлеуге, шарттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін үш ай мерзімде жазбаша хабардар етуге міндетті.
2022 жылғы 23 тамызында талап қоюшылар Тараз қаласы әкімінің атына жер учаскелерінің жалға алу мерзімін ұзарту туралы арызбен жүгінген.
2022 жылғы 6 қыркүйекте аталған арыздарға Ж[...] қатынастары бөлімі жер телімдерінің мерзімін ұзартуға мүмкіншілік жоқ екендігі жайлы жауап берген.
2022 жылғы 22 қыркүйекте талап қоюшылар жоғарыдағы ұқсас арыздарымен жергілікті атқару органына қайтадан жүгінген.
2022 жылғы 4 қазанында Тараз қаласы жер комиссиясының №37 қорытындысына сай, талап қоюшыларға тұрғын үйдің құрылысын салу және қызмет көрсету үшін уақытша өтеулі пайдалануға берілген жер телімінің жалға алу мерзімдерін ұзартудан бас тартылған. Нәтижесінде, 2022 жылғы 27 қазанында Тараз қаласы әкімдігінің №6066 және №6067 тиісті жер учаскесіне жер пайдалану және меншік құқығын беруден бас тарту туралы қаулылары қабылданған.
Бүл әрекеттермен келіспей, талап қоюшылар сотқа жүгінген.
Жергілікті соттар, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартып, талап қоюшылар жер салығын, жер учаскелерін пайдалану төлемақысын және басқа да төлемдерді төлемеген, шарттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін үш ай мерзімде уәкілетті органға жазбаша хабар бермеген, жер учаскелерін жалдауға алған кезден бастап оларды игеру үшін шара қабылдамаған, құрылыс жүргізілмеген деп дұрыс тұжырымға келген.
Бұл жағдайда, талап қоюшылар жалға алған жер учаскелеріне мұқтаж болмаған деген тұжырымын сот алқасы негізді деп санайды.
Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 20 желтоқсандағы шешімі мен Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшылардың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.