ВС РК - Постановление от 14.09.2022 по делу 6001-22-00-3гп/348 (Гражданское)

6001-22-00-3гп/348

Қ А У Л Ы

2022 жылғы 14 қыркүйек Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында

төрағалық етуші – алқа төрағасы Н.К.Шәріпов, судьялар М.Т.Балкен, Е.Ж.Исмаилов, жауапкер А[...] қатысуымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында арыз беруші «Атырау қаласы полиция басқармасы» ММ-нің жауапкер шетелдік А[...] (A[...]) Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығару туралы арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Атырау қалалық сотының 2022 жылғы 17 маусымдағы шешіміне келтірген кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы А[...] өтінішхаты бойынша келіп түскен азаматтық істі қарап,

а н ы қ т а ғ а н ы :

«Атырау қаласы полиция басқармасы» ММ (бұдан әрі – Полиция басқармасы) Өзбекстан Республикасының азаматы А[...] Қазақстанның заңнамасын бұзғаны үшін республиканың аумағынан тыс шығарып жіберу туралы арызбен сотқа жүгінген. Атырау қалалық сотының 2022 жылғы 17 маусымдағы шешімімен арыз қанағаттандырылып, А[...] Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарылып, шешімді өз еркімен орындау үшін оған бес күн мерзім белгіленген. Жауапкерден мемлекет кірісіне 1532 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Өтінішхат беруші бірінші сатыдағы соттың тұжырымдары зерттелген дәлелдемелерге және істің нақты мән-жайларына сәйкес келмейтінін, істің бір жақты қаралғанын, жауапкер тарапында бар деректер мен дәлелдемелер назарға алынбағанын және материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, іс бойынша қабылданған Атырау қалалық сотының 2022 жылғы 17 маусымдағы шешімінің күшін жойып, Полиция басқармасының арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 445-бабының 3-бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың істі қарау уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылған Полиция басқармасы өкілінің келмеуі және мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы отырысқа қатыспағаны істі қарауға кедергі болмайды.

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сот алқасы жауапкер А[...] өтінішхатын қолдап, келтірген уәждерін тыңдап, іс

құжаттарын зерделеп, тараптардың уәждерін талқылап, дауланған Атырау қалалық сотының 2022 жылғы 17 маусымдағы шешімінің күші жойылуға жатады деген тұжырымға келді.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтар орын алған.

Полиция басқармасы ұсынған деректердің негізінде анықталғандай, Өзбекстан Республикасының азаматы А[...] Қазақстанда тұру барысында бір рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Атап айтқанда, 2022 жылғы 22 сәуірде А[...] қоғамдық орында - Атырау қаласы, [...] орналасқан «Жайық-самалы» кафесі ішінде К[...] ар-намысына тиетін сөздер айтып, былапыт сөйлеп, сыйламаушылық бiлдiрген.

Атырау қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының (ӘҚБжМ соты) 2022 жылғы 26 сәуірдегі қаулысымен А[...] Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты (ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиiсу, тұрғын үй-жайларды қорлау және айналасындағыларға сыйламаушылықты бiлдiретiн, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттерді) жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 10721 теңге айыппұл салынған.

«Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 19 маусымдағы № 2337 Заңының (бұдан әрі - № 2337 Заң) 28-бабына сәйкес, егер шетелдік Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзса, оның iс-әрекетi мемлекеттiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету немесе қоғамдық тәртiптi қорғау мүдделерiне қайшы келетiн болса, егер бұл халықтың денсаулығы мен адамгершiлiк қасиетiн сақтау, Қазақстан азаматтарының және басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн қажет болса, ол республика шегiнен қуылуы мүмкiн.

Қаралудағы азаматтық іс бойынша Атырау қалалық соты Полиция департаментінің арызын қанағаттандыру туралы шешімін Өзбекстанның азаматы А[...] Қазақстан аумағында тұру кезінде республика заңнамасын бұзып, қасақана әкімшілік құқық бұзушылықты, яғни ұсақ бұзақылықты жасағаны үшін жауаптылыққа тартылуымен негіздеген. Сонымен қатар, сот А[...] іс-әрекеті және өмір салты өзінің Қазақстанның заңына бағынуға және адал тұрғыны болуға ниетін білдірмейтіні туралы пікір жасап, ӘҚБжМ сотының 2022 жылғы 26 сәуірдегі қаулысымен анықталған жағдай заңдылықты нығайту, шетелдіктің құқық бұзушылықтарының жолын кесу және алдын алу мақсатында оны Қазақстан Республикасы шегінен тыс шығарып жіберуге негіз болып табылады деп қорытындылаған.

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сот алқасы төмендегі негіздер бойынша Атырау қалалық сотының тұжырымдары істің мән-жайларына сәйкес келмейтіні, даулы сот актісін қабылдау барысында материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағаны туралы қорытындыға келді.

Өтінішхат берушінің өз жайында бар деректерді бірінші сатыдағы сот назарға алмағаны туралы уәждері іс бойынша зерттелген дәлелдемелермен бекітіледі.

Анықталғандай, Өзбекстан азаматы А[...] 2002 жылы Қазақстанға қоныс аударып келген, содан бері жиырма жыл бойы 2022 жылғы сәуірге дейін оның іс-әрекеттерімен және өмір салтымен Қазақстан заңдарын бұзбаған, ешқандай әкімшілік құқықбұзушылық және қылмыстық әрекеттер жасамаған, яғни Қазақстанның заңына бағынбаушылық білдірмеген. 2010 жылы Қазақстан азаматшасы А[...] шариғат жолымен неке қиып, А[...] 2011 және 2016 жылдары туылған екі қызын асырап отыр.

2009 жылы А[...] «С.Мукашев атындағы Атырау политтехникалық колледжі» ҚМҚК-ге есеп және аудит мамандығына оқуға түсіп, 2021 жылғы маусымда оқуын аяқтап, экономист-бухгалтер біліктілігі туралы диплом алған. 2021 жылы А[...] Атырау қаласында Х.Д[...] атындағы университетке құжаттарын тапсырып, учёт-аудит мамандығы бойынша бакалавриатта оқуын жалғастыруда.

Атырау қаласының тұрғындары Ж[...], И[...], И[...], Н[...], У[...], Т[...] азаматтар қолхаттарында А[...] А[...] құрған жанұясын инабатты, өзін отбасына қамқоршы отағасы, балларына үлгілі әке, тәртіпті тұрғын деп мінездеуде.

Азаматтық іске көшірмесі тіркелген әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада және ӘҚБжМ сотының 2022 жылғы 26 сәуірдегі қаулысында құқық бұзушы жұмыссыз тұлға деп көрсетілген. Алайда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша сұралған адамдардың түсініктері бойынша сол кезде А[...] кәсіп үшін «Жайық-самалы» кафесін жалға алған және оның 2022 жылғы 22 сәуірде азаматша К[...] қарсы жасаған заңға қайшы іс-әрекеттері жәбірленушінің аталған кафенің ас дайындау бөлмесіне рұқсатсыз кіргеніне байланысты болған.

Дегенмен, ӘҚБжМ сотының 2022 жылғы 26 сәуірдегі қаулысында көрсетілгендей, А[...] ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жәбірленушіден кешірім сұраған. Тағайындалған айыппұл сомасын төлеген.

А[...] тарапынан мемлекеттiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мүддеге қайшы келетін құқық бұзушылықтар орын алмаған, жалпы республиканың шегінен тыс шығарып жіберу негізгі немесе қосымша әкімшілік жазалар ретінде қолданылуы мүмкін әкімшілік құқық бұзушылықтарға жол берілмеген, жиырма жылдан бері Қазақстанда тәртіпті тұрып, мемлекеттің

азаматтығын алуға ниеті бар, осы республиканың азаматшасымен отау құрып екі баласын асырауда.

Сонымен, Полиция басқармасы АПК-нің 72-бабына сай жауапкердің ісәрекеттері халықтың денсаулығы мен адамгершiлiк қасиетiн сақтау, Қазақстан Республикасы азаматтарының және басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн болашақта қорғау үшiн шетелдікті республика шегінен тыс шығару қажеттілігін тудыратын мән-жайлар туралы жеткілікті дәлелдемелерді ұсынбаған.

Істің мұндай тұрғысында Атырау қалалық сотының № 2337 Заңының нормаларын дұрыс қолданбай, елеулі түрде бұзуы және нақты мән-жайларға тиісті құқықтық баға бермеуі салдарынан іс бойынша қабылданған сот актісін заңды және негізді деп тануға болмайды.

Осыған байланысты, АПК-нің 427-бабы 1-бөлігінің 3), 4) тармақшаларына сәйкес кассациялық сот алқасы даулы сот актісінің күшін жойып, Полиция басқармасының шетелдік А[...] Қазақстанның шегінен тыс шығарып жіберу туралы арызын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдап, өтінішхатты қанағаттандыруды дұрыс деп есептейді.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы

қ а у л ы е т т і :

Атырау облысы Атырау қалалық сотының 2022 жылғы 17 маусымдағы шешімінің күші жойылсын.

Азаматтық іс бойынша жаңа шешім қабылдансын.

«Атырау қаласы полиция басқармасы» ММ-нің жауапкер шетелдік А[...] (A[...]) Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығару туралы арызы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Жауапкердің өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Н.Шәріпов Судьялар М.Балкен Е.Исмаилов Көшірмесі дұрыс. Судья

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.