ҚАУЛЫ
2026 жылғы 17 ақпан №6003-25-00-2к/1914 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.К.Тлеубаева, прокурор А.Е.Кадылбековтың,
талап қоюшының өкілдері А.Айдарханқызының, А.М.Киізбайдың, жауапкерлердің өкілі Г.Д.Джанабергеновтың, Б.С.Баймахановтың қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы, ашық сот отырысында
талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің – (бұдан әрі Департамент) жауапкерлер Бибикуль Мирзазияқызы Уразымбетоваға, Түркістан қаласы әкіміне, «Жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне Түркістан қаласы әкімдігінің 2004 жылғы 28 желтоқсандағы № 3225 және 2007 жылғы 7 желтоқсандағы № 7379 қаулыларын жарамсыз деп тану туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкер өкілінің Түркістан облысы Түркістан қаласының ауданаралық сотының 2025 жылғы 16 сәуірдегі шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 маусымдағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Депаратмент сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген.
Түркістан қаласының ауданаралық сотының 2025 жылғы 16 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Түркістан қаласы әкімдігінің 2004 жылғы 28 желтоқсандағы №3225 қаулысының Б.М.Уразымбетоваға қатысты бөлігінде және Түркістан қаласы әкімдігінің 2007 жылғы 7 желтоқсандағы №7379 Б.М.Уразымбетоваға тұрғын үй салу үшін жер учаскесін жеке меншік құқығымен беру туралы қаулысы жарамсыз деп танылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер Б.М.Уразымбетованың өкілі кассациялық шағымында жергілікті соттар істің мән-жайларын дұрыс анықтамағанын, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін, прокурордың сот актілері заңды деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттары мен кассациялық шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі негіздерге байланысты дауланып отырған сот актілерін күшінде қалдыру қажет деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі -АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі –Жер кодексі) 50-бабының 2-тармағына сәйкес осы Кодекстің 48-бабының 1-тармағына сәйкес сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) сатуға ұсынылатын жер учаскелерінің тізбесіне енгізілгендерді қоспағанда, жер учаскелері Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке меншікке мынадай мөлшерде тегін беріледі:
ауылдық жерлерде өзiндiк қосалқы шаруашылық (үй маңындағы және егiстiк телiмдердi қоса алғанда) жүргiзу үшiн - суарылмайтын жерде 0,25 гектар және суармалы жерде 0,15 гектар;
жеке тұрғын үй құрылысы үшiн - 0,10 гектар;
бағбандық, сондай-ақ саяжай құрылысы үшiн - 0,12 гектар.
Осы Кодекстің 94-бабының 4-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, жер учаскелерін аталған мақсаттар үшiн қайталап тегiн беруге жол берiлмейді.
Іс құжаттарына қарағанда Сайрам ауданы әкімдігінің жанындағы мүлікті жария етуді өткізу жөніндегі комиссиясының 2006 жылғы 16 желтоқсандағы №10677 шешімімен (бұдан әрі- №10677 шешім) жауапкер Б.М.Уразымбетоваға тиесілі Сайрам ауданы, Жаңаталап ауылы, Школьная көшесіндегі №21 (бұдан әрі - тұрғын үй) мекенжайдағы тұрғын үй Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 5 шілдедегі № 157 «Мүлікті жария етуге байланысты рақымшылық жасау туралы» заңына сәйкес жария етілген.
Осы шешімнің негізінде Б.М.Уразымбетоваға тұрғын үй орналасқан көлемі 0,0910 га кадастрлық №19-295-112-873 жер учаскесі тұрғын үй және жеке қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін тегін беріліп, оған мемлекеттік акті рәсімделіп, Сайрам ауданының әділет басқармасында мемлекеттік тіркеуден өткен.
Түркістан қаласы әкімдігінің 2004 жылғы 28 желтоқсандағы № 3225 жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер бөлу туралы қаулысымен Б.М.Уразымбетоваға және басқаларға жер жер учаскесі бөлінген (бұдан әрі№1 даулы қаулы)
2007 жылғы 7 желтоқсандағы №7379 Түркістан қаласы әкімдігінің қаулысымен (бұдан әрі -№2 даулы қаулы) Б.М.Уразымбетоваға Түркістан қаласы, Иассы ауданы, 1 квартал, 7 көше, 6 телім мекенжайдан жер учаскесі тұрғын үй салу үшін меншік құқығымен табысталған.
Аталған қаулы негізінде кадастрлық №19-307-163-2083 сәйкестендіру актісі рәсімделіп, мемлекеттік тіркеуден өткен.
Түркістан қаласы әкімдігінің «Сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекетік мекемесінің 2025 жылғы 10 ақпандағы анықтамасына сәйкес, Б.М.Уразымбетоваға тиесілі жер учаскесінде іргетасы бетонды блокпен жасалған 66 метр қоршау құрылысы бар.
Департамент сотқа берген талабын жергілікті атқару органы мемлекет есебінен Б.М.Уразымбетоваға жер учаскесін екінші рет тегін беріп, Жер кодексінің 50-бабының 2-тармағынын талаптарын бұзғанымен негіздеген.
Бірінші сатыдағы сот жауапкер Б.М.Уразымбетоваға мемлекет тарапынан екінші рет жер учаскесі тегін берілуі жоғарыда аталған заң талабына қайшы келеді деген тұжырымға келіп, талапты дұрыс қанағаттандырған.
Апелляциялық сот істің мән-жайын тексеріп, бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен толықтай келіскен.
Жауапкер өкілінің кассациялық шағымындағы Б.М.Уразымбетоваға жер учаскесі екі рет мемлекеттен тегін берілмеген, №10677 шешім бойынша жер учаскесі ауылдық жерден тұрғын үй және жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін табысталған деген уәждері негізсіз.
Өйткені, аталған шешіммен Б.М.Уразымбетованың меншігіне Сайрам ауданы, Жаңаталап ауылы, Школьная көшесіндегі №21 мекенжайдағы жылжымайтын мүлік жария етіліп, жер учаскесі тегін берілген болатын.
Кассациялық сот шағымның азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды, дау жария құқықтан туындайтын болғандықтан талаптың соттылығы мамандандырылған әкімшілік сотының қарауына жатады деген уәждерімен келісуге болмайды.
Себебі, АК-нің 9, 267-баптарына және Жер кодексінің 147, 148 баптарына сәйкес, талап азаматтық іс жүргізу тәртібімен қаралуға жатады. Сонымен қатар кассациялық сот жауапкер Б.М.Уразымбетова Сайрам ауданы, Жаңаталап ауылы, Школьная көшесі, №21 орналасқан тұрғын үйді жер учаскесімен 2011 жылғы 7 қыркүйекте М.М.Молдабаевқа сатқанын, ал дауланып отырған қаулылар бойынша екінші рет берілген - Түркістан қаласы, Иассы ауданы, 1 квартал, 7 көше, 6 телім мекенжайдағы жер учаскесін 2025 жылғы 2 ақпанда осы азаматтық істі бірінші сатыдағы сотта қарау кезінде Е.Е.Мырзабековқа сатып жібергенін, яғни оның жер учаскесіне мұқтаж болмағанына назар аударады.
АПК-нің 449-бабының 1-бөлігіне сай, кассациялық сот азаматтық істі жауапкер өкілінің кассациялық шағымының дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексердi.
Кассациялық шағымындағы уәждер соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген. Шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттар тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.
Жауапкер өкілінің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі, дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.
Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысы Түркістан қаласының ауданаралық сотының 2025 жылғы 16 сәуірдегі шешімі және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков
Судьялар: Л.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.