6001-24-00-6ап/417
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 12 қыркүйек
Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Ермағамбетова Ж.Б., Г.К. Нұрбаев болып жауапкер өкілі А.У.Аккалжановтың қатысуымен,
талап қоюшы Акгульсим Сугуровна Кайранованың жауапкерлер Мақат ауданы әкіміне, «Мақат аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне 2018 жылғы 13 қарашадағы №09 хаттамалық шешімінің талап қоюшыға қатысты бөлігін заңсыз деп тану, «мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылары» санатымен халықтың әлеуметтік жағынан қорғалатын осал топтар тізіміндегі бұрынғы кезегін қайта қалпына келтіруді міндеттеу туралы талап қою арызы бойынша қабылданған,
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 16 тамыздағы шешіміне және Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 28 қарашадағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы А.Кайранова жоғарыда көрсетілген талап арызбен сотқа жүгінген.
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 1 тамыздағы ұйғарымымен талап қоюды беру мерзімі қалпына келтіріліп, 2023 жылғы 16 тамыздағы шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылған.
«Мақат аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-нің 2018 жылғы 13 қарашадағы №09 хаттамалық шешімінің А.Кайрановаға қатысты бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылған.
«Мақат аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-не А.Кайранованы «мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылары» санатымен халықтың әлеуметтік жағынан қорғалатын осал топтар тізіміндегі бұрынғы кезегін қайта қалпына келтіру міндеттелген.
Талап арыздың жауапкер Атырау облысы, Мақат ауданы әкіміне берілген бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған. Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 28 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер «Мақат аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-і кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандырудан толығымен бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Талап қоюшы істі мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған, себебі мүгедек баласына қарауында екенін негіздеген.
Талап қоюшының сот отырысына келмеуін сот алқасы дәлелді себеп деп санайды.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Жауапкер өкілі А.У.Аккалжановтың кассациялық шағым уәждерін қолдаған пікірін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарынан белгілі болғандай, 2016 жылғы 16 наурызда тұрғын үй комиссияның шешімімен А.С.Кайранова «Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылары» санатына жатқызылып, мемлекеттік тұрғын үй қорынан мұқтаж азаматтарға арналған тұрғын үйдің кезегіне тұрған. 2018 жылғы 15 ақпандағы «Мақат тынысы» Мақат ауданының газетіне жарияланған тізімге сәйкес А.Кайранованың тұрғын үй кезегіндегі реттік номері 265-ші болған.
2018 жылғы 13 қарашада аудан әкімдігі жанындағы тұрғын үй комиссиясының №09 хаттамалық шешімімен талап қоюшының жолдасы А.Т.Кайрановтың жеке меншігінде 2007 жылғы 6 желтоқсандағы мүлікті жария ету комиссиясының шешімі негізінде Атырау облысы, Мақат кенті, № 377 бекет, №7 үй тіркелгендіктен кезекке қате қойылған деп, Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 73-бабының 1-1 тармағына сілтеме жасай отырып, талап қоюшы тұрғын үй кезегінен шығарылған.
Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда А.С.Кайранованың тұрғын үйге мұқтаж ретінде кезекке қойылуы заңды, талап қоюшының әкімшілік органның қызметіне заңмен қорғалатын сенімі болған, жауапкер ӘРПК-нің 13-бабының талабын сақтамай, талап қоюшының құқықтары мен заңды мүдделерін бұзған, сонымен қатар, «Алтын алқамен» наградталған көпбалалы аналар тұрғынжай алғанға дейін есептен шығарып тасталуға жатпайды деген тұжырымға келген. Сот алқасы төменгі саты соттарының тұжырымдарымен толық келісіп, кассациялық шағым қанағаттандырылусыз қалдырылуға жатады деп тапты. Заңның 73-бабының 1-тармағының талаптары бойынша осы Заңда белгіленген тәртіппен тұрғынжайға мұқтаж деп танылған және тұрғынжай алғанға дейін есепке қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өңірлерге қоныс аудару тәртібімен Қазақстан Республикасының азаматтығын алған қандастар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, толық емес отбасылар, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар есептен шығарып тасталуға жатпайды.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, талап қоюшы «Алтын алқа» алқасымен наградталған көп балалы ана және «Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылары» санатымен халықтың әлеуметтік жағынан қорғалатын осал топтарына жататын отбасы.
Сондай-ақ, талап қоюшы Мақат кенті, №377 бекет Мақат поселкесінен 22 шақырым қашықтықта орналасқандықтан мүгедек баласын үйден оқыту үшін аудан орталығынан пәтер жалдауға мәжбүр болғаны анықталған.
Сот алқасы жергілікті соттардың талап арыз ішінара қанағаттандырылуға жатады деген тұжырымымен келіседі, себебі жауапкер талап қоюшының 2016 жылғы 16-наурызда «Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылары» санаты бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға мұқтаждар есебіне қойылғанымен, оның 2012 жылғы 8 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Алтын алқа» иегері екеніне ешқандай мән бермеген.
Ал жоғарыда көрсетілген Заң талаптары бойынша «Алтын алқа» иегері мемлекет есебінен тұрғынжай алғанға дейін есептен шығарылуға жатпайды.
Істің мұндай тұрғысында, жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындаған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған деп сот алқасы есептейді. Жауапкер өкілінің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың жергілікті сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 16 тамыздағы шешімі, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 28 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер «Мақат аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Дуйсенбаев Г.Б. Судьялар Ермағамбетова Ж.Б. Нұрбаев Г.К. Көшірмесі дұрыс. Судья Дуйсенбаев Г.Б.
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.