Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 20.04.2026 по делу 6003-26-00-2к/114 (Гражданское)

№6003-26-00-2к/114

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 20 сәуір Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов, талап қоюшы С.Ә.Арапбайдың, жауапкерлердің өкілдері Г.Касымованың, Г.Нусерованың, М.А.Шатырбаевтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Сабыржан Әлімұлы Арапбайдың жауапкерлер «Шымкент қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне, «Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» мемлекеттік мекемесіне қаулыларды ішінара заңсыз деп тану, бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жою, бұрынғы қызметіне қайта орналастыру және бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақы өндіру туралы талап қоюы бойынша Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 31 шілдедегі шешімі мен Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 қазандағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

С.Ә.Арапбай сотқа талап қоюмен жүгініп, онда Шымкент қаласы әкімдігінің 2025 жылғы 20 ақпандағы №697 және №698 қаулыларын (бұдан әрі - даулы қаулылар) өзіне қатысты бөлігінде заңсыз деп тануды, «Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Басқарма) 2025 жылғы 1 сәуірдегі №50-ж бұйрығын (бұдан әрі - даулы бұйрық) заңсыз деп танып, күшін жоюды, бұрынғы лауазымына қайта орналастыруды және бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақы өндіруді сұраған.

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 31 шілдедегі шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқанда, даулы қаулылар уәкілетті органның құзыреті шегінде қабылданғанын, штат құрылымының өзгеруі заң талаптарына сәйкес жүргізілгенін, талап қоюшыға заңға сай өзге лауазым ұсынылғанын, одан бас тартуына байланысты жұмыстан босату заңды жүзеге асырылғанын негізге алған.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылып, апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылған.

Апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың тұжырымдарымен келісіп, талап қоюшының уәждері жаңа дәлелдермен расталмағанын, сот шешімінің заңдылығы мен негізділігі сақталғанын көрсеткен.

Кассациялық шағымда талап қоюшы соттар істің мән-жайларын толық зерттемегенін, Үкімет қаулыларының талаптары сақталмағанын, штат қысқарту негізсіз жүргізілгенін, хабарлау мерзімдері бұзылғанын, сондай-ақ өзге де уәждерді келтіріп, сот актілерінің күшін жойып, істі жаңа қарауға жіберуді сұраған.

Кассациялық сот іс құжаттарын зерттеп, тараптардың түсініктерін тыңдап, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес материалдық немесе процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан жағдайда ғана заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Соттармен анықталғандай, талап қоюшы 2023 жылғы 10 наурыздағы №21-ж бұйрықпен Басқарма басшысының орынбасары лауазымына тағайындалған. Басқарманың 2025 жылғы 1 сәуірдегі №50-ж бұйрығымен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі -Заң) 56-бабының 7-тармағы, 61-бабының 1-тармағының 22) тармақшасы және Шымкент қаласының әкімдігімен 2025 жылғы 20 ақпанда № 698 қаулысы негізінде ұсынылған лауазымнан бас тартуына байланысты С.Ә.Арапбай жұмыстан босатылған.

Талап қоюшы аталған бұйрықпен келіспей сотқа жүгінген.

Кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы тұжырымдарымен келіседі.

Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің бюджет шығындарын оңтайландыру жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында Шымкент қаласының әкімдігімен 2025 жылғы 20 ақпанда № 697, № 698 қаулылар қабылданған.

Аталған қаулылармен Басқарманың штат құрылымы өзгертіліп, басшы орынбасарларының саны 3-тен 2-ге қысқартылған.

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 37-бабына сәйкес әкімдік заңнама негізінде және оны орындау мақсатында қаулылар қабылдауға құқылы. Осыған орай соттар даулы қаулылар уәкілетті органның құзыреті шегінде қабылданған деген дұрыс тұжырымға келген.

Талап қоюшының Үкімет қаулыларына сілтеме жасап, орынбасарлар саны міндетті түрде 3 болуы тиіс деген уәжі негізсіз. Аталған нормалар шекті санды белгілейді және «3-тен аспауға тиіс» деп көрсетеді, яғни нақты санды

міндетті түрде белгілемейді. Сондықтан 2 бірлік енгізілуі заң талаптарына қайшы келмейді.

Заңының 56-бабының 7, 8-тармақтарына сәйкес басқару құрылымы өзгерген кезде мемлекеттік қызметшіге мәні бірдей немесе өзге лауазым ұсынылады, ал ұсыныстан бас тартқан жағдайда ол қызметтен босатылады.

Іс құжаттарынан талап қоюшыға 2025 жылғы 24 ақпанда еңбек жағдайларының өзгеруі туралы хабарлама берілгені, ол хабарламаны алғаны, сондай-ақ оған өзге лауазым ұсынылғаны және одан 2025 жылғы 20 наурызда бас тартқаны анықталған.

Осыған байланысты талап қоюшының жұмыстан босатылуы жоғарыда аталған арнайы нормаларға сәйкес жүзеге асырылған.

Кассациялық шағымдағы хабарлау мерзімдерінің бұзылғаны туралы уәждер соттармен жан-жақты тексерілген және негізсіз деп танылған.

Талап қоюшының қысқарту негізсіз және жеке мүдделерге байланысты жүргізілді деген уәждері нақты дәлелдемелермен расталмаған. АПК-нің 72бабына сәйкес әр тарап өз талаптарының негізін дәлелдеуге міндетті. Алайда талап қоюшы мұндай дәлелдемелер ұсынбаған.

Сондай-ақ, соттар талап қоюшыға жұмыстан шығу жәрдемақысы төленгенін, оның құқықтары сақталғанын анықтаған.

Талап қоюшының өзге басқармаларды іске тарту, штат өзгерістерінің себептерін қосымша зерттеу қажеттілігі туралы уәждері іс бойынша шешімнің заңдылығына әсер етпейді, себебі даудың мәні нақты талап қоюшының құқықтарына қатысты және оған құқықтық баға берілген.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар іс бойынша барлық мәнжайларды толық және жан-жақты зерттеп, дәлелдемелерге тиісті құқықтық баға берген.

Қабылданған сот актілерінде қолданылған құқық нормалары мен қорытындылар толық және негізді көрсетілген, кассациялық шағымда келтірілген уәждер соттардың тұжырымдарын жоққа шығармайды.

Осыған байланысты дау айтылған сот актілерінің күшін жоюға негіз жоқ. Салық кодексінің 668-бабының 1)-тармақшасына сәйкес талап қоюшыға мемлекет пайдасына төленген 2 162 теңге баж қайтарылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып,

сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 31 шілдедегі шешімі мен Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 қазандағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Сабыржан Әлімұлы Арапбайға мемлекет пайдасына төленген 2 162 (екі мың бір жүз алпыс екі) теңге баж қайтарылсын.

Төрағалық етуші

Г. Джаппарова

Судьялар

А. Есдаулетов

Н. Ормаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.