Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 14.04.2026 по делу 6003-25-00-2к/4803 (Гражданское)

6003-25-00-2к/4803

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 14 сәуір

Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева, прокурор Н.А.Молдахановтың,

талап қоюшының өкілі Н.М.Шүйішмағанбетовтың, жауапкер Қарақия аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі А.С. Бультекованың, «Қазақ газ өңдеу зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі К.О.Боршеевтің, «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының өкілі Ж.Тагановтың, даудың нысанасына талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлға Ж.Мырзақұловтың өкілi Л.Г.Галиеваның қатысуларымен, ашық сот отырысында

талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару комитеті Маңғыстау облысының жер ресурстарын басқару Департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Департамент) жауапкерлер Қарақия аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі-мемлекеттік мекеме), «Қазақ газ өңдеу зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі-ЖШС), «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамына (бұдан әрі-АҚ), жер учаскесін жалға беру шарттарын жарамсыз деп тану және жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару туралы азаматтық істі үшінші тұлға Ж.Мырзақұловтың Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 шілдедегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Департамент жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 2 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

«Қарақия аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ мен «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС-нің арасында жасалған 2019 жылғы 25 сәуірдегі № 265 жер учаскесін жалға беруге құқық беретін келісім-шарты жарамсыз деп танылған.

«Қарақия аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ мен «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның арасында жасалған 2019 жылғы 26 қыркүйектегі № 453 жер учаскесін жалға беруге құқық беретін келісім-шарты жарамсыз деп танылған.

«Қарақия аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ мен «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС-ні арасында жасалған 2019 жылғы 25 сәуірдегі № 266 жер учаскесін жалға беруге құқық беретін келісім-шарты жарамсыз деп танылған.

«Қарақия аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ мен «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның арасында жасалған 2019 жылғы 26 қыркүйектегі № 454 жер учаскесін жалға беруге құқық беретін келісім-шарты жарамсыз деп танылған.

Қарақия ауданы, Босалқы жер қоры, кадастрлық №13-197-017-779 (14,6000га), Қарақия ауданы, «Өзен» кен орны, кадастрлық № 13-197-017-780 (15,0000 га) жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 шілдедегі қаулысымен шешімнің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылданған.

Үшінші тұлға Ж.Мырзақұлов кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, қаулының күшін жойып, шешімді күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық шағымды қолдаған үшінші тұлға Ж.Мырзақұловтың өкілi Л.Г.Галиеваны, шағымға қарсылық білдірген жауапкер Қарақия аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ-нің өкілі А.С.Бультекованы, «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС-нің өкілі К.О.Боршеевті, «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның өкілі Ж.Тагановты, шешімді күшінде қалдыруды сұраған прокурор А.Молдахановтың қорытындысын тыңдап, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Сот алқасымен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс құжаттарына қарағанда, Ж.Мырзақұловтың арызы негізінде Департамент Қарақия ауданы, «Шынжыр» жерінде орналасқан, кадастрлық нөмірлері 13-197017-779, 13-197-017-780 жер учаскелерін беру заңдылығына қатысты жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілген.

Тексеру нәтижесінде, 2019 жылы 22 сәуірде Қарақия ауданы әкімінің №72 қаулысымен «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС-не Қарақия ауданы, «Босалқы» жер қорынан, нысаналы мақсаты Жетібай-Қаз ГӨЗ жоғары қысымды газ құбырын орналастыру үшін көлемі 14,6000 гектар, 15,0000 гектар кадастрлық нөмірлері 13197-017-779, 13-197-017-780 жер учаскелері уақытша өтеулі қысқа (жалдау шартымен үш жылға) мерзімге пайдалану құқығы берілген (бұдан әрі-даулы жер учаскесі).

Одан кейін, 2019 жылғы 25 сәуірде «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС мен «Қарақия аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ

арасында № 265, № 266 даулы жер учаскелерін жалдау туралы келісім шарты жасалған. «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС Қарақия ауданы әкіміне даулы жер учаскелерін «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның атына рәсімдеп беру туралы өтініші негізінде 2019 жылғы 15 тамызда №07 Қарақия аудандық жер комиссиясы отырысында қаралып, Қарақия ауданы әкімінің 2019 жылғы 13 қыркүйектегі №179 қаулысымен «Өзенмұнайгаз» АҚ-на қайта рәсімделген. 2019 жылғы 26 қыркүйекте «Өзенмұнайгаз» АҚ мен «Қарақия аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ арасында №453, №454 жер учаскелерін жалға беруге құқық беретін келісім-шарт жасалған.

Бірінші сатыдағы сот «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Маңғыстау облысы бойынша филиалы «Тіркеу және жер кадастры» бойынша Қарақия ауданы бөлімінің 2022 жылғы 16 мамырдағы № 03-12-44-18/285 және 2024 жылғы 25 қаңтардағы № 03-12-44-18/26 шығыс хаттарымен жолдаған ситуациялық схемаларында кадастрлық нөмірлері 13-197-017-779, 13-197-017-780 жер учаскелері Ж.Мырзақұловқа тиесілі Қарақия ауданы, «Шынжыр» жері, кадастрлық нөмірлері 13-197-017-514 және 13-197-017-515 жер учаскелерімен қиылысатындығы көрсеткен, ал «ГосСтройПроект» ЖШС-і әзірлеген жерге орналастыру жобаларының жер учаскесінің жобалық жоспарларында Ж.Мырзақұловтың кадастрлық нөмірлері 13-197-017-514 және 13-197-017-515 жер учаскелері қиылысатын жер пайдаланушы ретінде келісім алу үшін көрсетілмеген деп анықтап, Қарақия аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан Қазақстан Республикасының Жер Кодексінің 151-бабының 4- тармағының 1,4) тармақшаларының талаптары мен міндеттері тиісінше орындалмаған деп түйіндеп, ҚР Азаматтық кодексінің 158-бабының 1-бөлігі мен 157-1-бабының 3-тармағына сілтеме жасап, талап қою қанағаттандандыруға жатады деген тұжырымға келген. Сот алқасы бірінші сатыдағы соттың бұл қорытындысымен келіспей, шешімді заңсыз деп танып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешімді келесі мән-жайларды анықтай отырып, шығарған.

Ералиев аудандық халық депутаттары кеңесі атқару комитетімен 1978 жылғы 14 қыркүйекте Маңғышлақтың «Казгипрозем» экспедиция институтының «Жетыбай-Казгипрозем» бағыты бойынша газ құрылысын Кызылузен совхозына тиесілі жерден жүргізу туралы жобасы қаралып, аталған атқару комитетінің № 253 шешімімен «Мангышлакнефть» Қоғамына тұрақты және уақытша жер бөлу жобасы мақұлданған.

Маңғыстау аудандық халық депутаттары кеңесі атқару комитетімен 1978 жылғы 18 қазанда Маңғышлақтың «Казгипрозем» экспедиция институтының «Жетыбай-КазГПЗ» бағыты бойынша газ құрылысын Куйбышев совхозына тиесілі жерден жүргізу туралы жобасы қаралып, аталған атқару комитетінің № 356

шешімімен «Мангышлакнефть» Қоғамына тұрақты және уақытша жер бөлу жобасы мақұлданған.

Маңғышлақ облыстық халық депутаттары кеңесінің атқару комитетінің 1979 жылғы 13 маусымдағы № 180 шешімімен «Мангышлакнефть» өндірістік қоғамына «Жетыбай-Қазақ газ өңдеу зауыты» бағыты бойынша газ құбырын салу үшін жер бөлінген.

Аталған шешімге қосымша жалғанған ведомость бойынша: Ералиев ауданының «Кызыл Узень» совхозынан 194,54 га; Маңғыстау ауданының «Комсомол» совхозынан 30.07 га; Новый Узень қаласынан 8,21 га жер, барлығы 232,82 га жер бөлінген.

Осы аталған Маңғышлақ облыстық халық депутаттары кеңесінің атқару комитетінің 1979 жылғы 13 маусымдағы № 180 шешімінің 2,3- тармақтарында Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 1975 жылғы № 36 қаулысына сай, «Мангышлакнефть» қоғамына жайылымдық жерлерді алып, ол жерлердің аталған Қоғамға тұрақты пайдалануға берілуіне байланысты ауылшаруашылық өндірісінің жоғалтқан 326,6 сомын өтеу тапсырылып, совхоздардың облыстық өндірістік басқармасына жер есептерінің құжаттарына тиісті өзгерістер енгізілсін деп көрсетілген.

Маңғышлақ облыстық халық депутаттары кеңесінің атқару комитетінің 1986 жылғы 2 маусымда Ералиев, Маңғыстау аудандық халық депутаттарының кеңесі мен Новоузень қалалық халық депутаттарының кеңесі және Маңғышлақ облысының агроөңдеу комитетінің «Маңғышлақнефть» Қоғамына Жетібай кен орнында «Қазақ ГПЗ»-ның газ құбырымен түйістіретін газлифттік труба құбырын жүргізу ұсынысы қаралып, № 236 шешім қабылданған.

Аталған шешімге қосымша жалғанған ведомость бойынша Ералиев ауданы бойынша «ҚызылУзен» совхозынан 127,84 га; Маңғыстау ауданы бойынша «Комсомол» совхозынан 30,63 га; Новый Узень қаласынан 14,70 га, барлығы 173,17 га жер бөлінген.

Сонымен жоғарыда аталған атқарушы органдардың шешімдерімен «Мангышлакнефть» өндірістік қоғамына «Жетыбай-Қазақ газ өңдеу зауыты» бағыты бойынша газ құбыры құрылысын салу үшін барлығы 405,99 га жердің тұрақты пайдаланылуға берілгені анықталған. «Өзенмунайгаз» АҚ иелік етіп отырған магистральдық газ құбырлары осы дауға түсіп отырған жерлерде орналасқан.

Қарақия аудандық әкімдігінің шешімінің негізінде «Жетібай-Қаз ГӨЗ» газ құбырын орналастыру үшін берілген көлемі 14,6000 гектар және 15,0000 гектар жер учаскелерінде орналасқан магистральдық газ құбырлары 1979 жылдан бері Қазақ газ өңдеу зауытына тиісті болып, кейін жауапкерлердің арасында жер қойнауын пайдалану құқын беру туралы 2017 жылғы 3 сәуірдегі шарт бойынша «Өзенмунайгаз» АҚ-на өткені апелляциялық сатыдағы сотпен анықталған.

Сонымен қатар, жоғарыда аталған атқарушы органдардың 1979 жылғы 13 маусымдағы № 180 және 1986 жылғы 2 маусымдағы шешімдерімен «Мангышлакнефть» өндірістік қоғамына «Жетыбай-Қазақ газ өңдеу зауыты» бағыты бойынша газ құбыры құрылысын салу үшін тұрақты пайдаланылуға берілген жер учаскелерінде магистральдық газ құбырлары салынып, сол магистральдық газ құбырлары 1979 жылдан бері пайдаланылып, Маңғыстау облысы және Жаңаөзен қаласы тұрғындары тұтынатын табиғи және автогазбен үздіксіз қамтамасыз етілуде.

Қазақстан Республикасының «Магистральдық құбыр туралы» Заңының 12бабында магистральдық құбыр бөлінбейтін мүліктік кешен болып табылады және мемлекеттік немесе жеке меншікте болуы мүмкін.

Магистральдық құбыр, сондай-ақ меншігінде магистральдық құбыр бар заңды тұлғалардағы акциялар пакеттері (қатысу үлестері), меншігінде магистральдық құбыр бар заңды тұлғалардың шешімдерін тікелей немесе жанама түрде айқындауға немесе олардың қабылдайтын шешімдеріне ықпал етуге мүмкіндігі бар жеке және заңды тұлғалардың акциялар пакеттері (қатысу үлестері) Қазақстан Республикасының орнықты дамуы үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы бар стратегиялық объектілерге жатады, оларды иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) оларға билік ету Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігінің жай-күйіне әсер етуі мүмкін,-деп көзделген.

Келтірілген заңның талабы бойынша дауға түсіп отырған жерлердегі магистральдық газ құбырлары Қазақстан Республикасының орнықты дамуы үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы бар стратегиялық объектілер болып табылады.

Даулы жер учаскесінде орналасқан магистральдық газ құбырлары Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 30 шілдедегі № 810 Қаулысымен экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларының өздеріне қатысты меншіктік мемлекеттік мотниторингі жүзеге асырылатын объектілерінің тізбесіне енгізілген.

«Өзенмұнайгаз» АҚ мен «КазГӨЗ» ЖШС магистральды газ құбырлары арқылы мұнай өндіруші заңды тұлғалардан «Тасболат Ойл» ЖШС, «СП Тенге», «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ және «Өзенмұнайгаз» АҚ табиғи және ілеспе газ тасымалдау арқылы, оны қайта өңдеп, Маңғыстау облысы және Жаңаөзен қаласы тұрғындары тұтынатын табиғи және автогазбен үздіксіз қамтамасыз етеді.

Үшінші тұлға болып іске тартылған Ж.Мырзақұловтың тарапынан магистральдық газ құбырларының даулы жер оған берілгеннен кейін салынғаны туралы тиісті дәлелдемелер сотқа ұсынылмаған.

Кассациялық сот апелляциялық сот алқасы істің мән-жайын жан-жақты тексерген, соттың түйіндері тиісті дәлелдемелермен негізделген деп санайды.

Істі қарау барысында апелляциялық сот тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.

Ж.Мырзақұловтың шағымдағы уәждері апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.

Үшінші тұлғаның іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі, дауланып отырған сот актісінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды. Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актісі күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып,

сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Үшінші тұлға Ж.Мырзақұловтың өкілi Л.Г.Галиеваның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

Судьялар: А.О.Тогумбетова

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.