Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 19.05.2026 по делу 6003-26-00-2к/818 (Гражданское)

№6003-26-00-2к/818

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 19 мамыр Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов болып, талап қоюшы өкілі Б.А.Шойбековтың,

жауапкер өкілі М.С.Тургымбаеваның қатысуларымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында, Қазығұрт аудандық сотының 2025 жылғы 5 мамырдағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 тамыздағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен,

талап қоюшы Адилет Нуржанович Борибаевтың жауапкер Түркістан облысының білім басқармасының «Қазығұрт ауданының білім бөлімінің «Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектеп жанындағы интернат» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне жұмыстан босату туралы бұйрықты заңсыз деп танып күшін жою, жұмысына қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақысын өндіру жөніндегі электрондық азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

А.Н.Борибаев талап қоюында заңсыздығына байланысты, 2024 жылғы 10 желтоқсандағы №215 еңбек шартын тоқтату туралы бұйрықтың күшін жойып, өзін «Қазығұрт ауданының білім бөлімінің «Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектеп жанындағы интернат» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі-Мектеп) директорының бейіндік істер жөніндегі орынбасары лауазымына қайта орналастыруды, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақысын өндіруді сұраған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 тамыздағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Қазығұрт аудандық сотының 2025 жылғы 5 мамырдағы шешімімен А.Н.Борибаевтың бұл талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Оған, талап қоюшының жұмысқа орналасуда еңбек шартын жасасудан бас тартуға негіз болатын көрінеу жалған кұжатты ұсынғаны негіз болған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында, соттармен материалдық құқық нормаларының бұзылуына, сот түйіндерінің істің мән-жайларына сәйкес келмеуіне, заңда көзделген тәртіптік жаза қолдану мерзімі өтіп кетуіне, соттың өз бастамасымен негізсіз еңбек шартын тоқтатудың негіздері өзгертілуіне, полицияның ұсынуында заңсыз өзін жұмыстан босату туралы талап қойылуына және жоғары оқу орнын бітіргені жөнінде басқа дипломы болуына байланысты, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюын қанағаттандыруды сұраған.

Жауапкер кассациялық шағымға байланысты пікірінде, оның уәждерімен келіспей, талап қоюшыға тәртіптік жаза қолдануда еңбек заңнамасының

талаптарының бұзылуына жол берілмегендіктен, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, сотқа қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексерiп, оның уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі-Кодекс) 52бабының 1-тармағының 17) тармақшасына сәйкес егер төлнұсқа құжаттар немесе мәліметтер еңбек шартын жасасудан немесе басқа жұмысқа ауысудан бас тартуға негіз болатын болса, еңбек шартын жасасу не басқа жұмысқа ауыстыру кезінде жұмыскер жұмыс берушіге көрінеу жалған құжаттар немесе мәліметтер ұсынған жағдайда еңбек шарты тараптардың еркінен тыс бұзылуы мүмкін.

Тараптар арасында даудың туындауына негіз болған істің мән-жайлары шағым берілген сот актілерінде толық баяндалғандықтан, олар осы қаулыда қайталап көрсетуді қажет етпейді.

А.Н.Борибаевпен 2015 жылғы 26 қаңтарда Мектепке жұмысқа орналасуда ұсынылған 2014 жылғы 16 тамызда берілген сериясы ЖБ №0717879 дипломының жалғандығы анықталған.

Осы факті бойынша оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі-ҚК) 385-бабының 3-бөлігімен қозғалған тергеп -тексеру өндірісі, қылмыстық қудалау органының 2024 жылғы 8 сәуірдегі қаулысымен ҚК-тің 71-бабының 1-бөлігінің талабы бойынша, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі-ҚПК) 35-бабы 1-бөлігінің 4- тармағында көзделген негіз бойынша тоқтатылған.

АПК-тің 76-бабының 4-бөлігінің талабына сәйкес, ҚПК-тің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10), 11) және 12) тармақшаларында және 36бабында көзделген негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылған тұлға жасаған іс-әрекеттің азаматтық-құқықтық салдары азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен талап қою кезінде қайта дәлелденбейді.

Яғни, А.Н.Борибаевтың жұмыстан шығаруға негіз болған әрекеті осы істі қарауда қайта дәлелденуге жатпайды.

Талап қоюшымен кейіннен 2024 жылғы 28 маусымда алынған «Психолоия, педагогика» мамандығы бойынша дипломы, осы істі қарауда маңызы болмаған, себебі жұмысқа орналасуда бұл дипломы болмаған.

Аталған мән-жайлар жоғарады көрсетілген еңбек заңнамасының талабы бойынша, жұмыскермен жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын тоқтатуға негіз болып табылады.

Өз кезегінде, «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2024 жылғы 28 қарашадағы № 1 Нормативтік қаулысының (бұдан әрі-Қаулы) 24-тармағына сәйкес жұмыскердің жасаған тәртіптік теріс қылығына байланысты тәртіптік жаза түрін таңдау, жұмыс берушінің құқығы болып табылады және ол жұмыс берушінің құзыретіне жатады.

Расында, Мектеппен даулы бұйрықты қабылдауда Кодекстің 49-бабының 3 және 8-тармақтары негізге алынған (жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу; Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайлардан басқа, жұмыскердің сайланбалы жұмысқа (лауазымға) ауысуы немесе еңбек қатынастарын жалғастыру мүмкіндігін жоққа шығаратын лауазымға тағайындалуы).

Бірақ, бұйрық нақты талап қоюшының жұмысқа орналасуда жалған диплом ұсыну фактісіне байланысты қабылданған.

Қаулының 30-тармағының талабына сәйкес, егер сот жұмысқа қайта алу туралы дауды шешу кезінде жұмыс берушінің еңбек шартын тоқтату немесе бұзу үшін негізі болса, бірақ бұйрықта Еңбек кодексінің немесе өзге заңның нормасын қате көрсетсе, сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тартады. Сот шешімнің уәждеу бөлігінде Еңбек кодексінде немесе өзге заңда еңбек шарты тоқтатылуға немесе бұзылуға жататыны көзделген шартты тоқтату немесе бұзу үшін негізді көрсетеді.

Осыған байланысты соттардың еңбек шартын тоқтатудың дұрыс негіздерін көрсетуі заңға негізделген.

Кодекстің 66-бабының 2-тармағына сәйкес тәртіптік жазаны – тәртіптік теріс қылық жасалған күннен бастап алты ай өткеннен кейін қолдануға болмайды.

Талап қоюшы, оны жұмысқа қабылдауға негіз болған жалған дипломмен еңбек шарты тоқтатылғанға дейін жұмыс атқарған.

Яғни, оның бұл іс-әрекетi бiрыңғай құрамның үздiксiз жүзеге асырылуымен сипатталатын, жұмыс берушімен ол анықтаған кезде аяқталмаған құқық бұзушылық болғандықтан, ол созылмалы құқық бұзушылық деп танылады.

Бұл тұрғыда шағымның тәртіптік жазаның тәртіптік жаза жасалған күннен бастап 8 ай өткеннен кейін қолданылғаны жөніндегі уәждері негізсіз болып табылады.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексiнің 200бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен мән-жайларды анықтай отырып, тиiстi мемлекеттiк

органдарға, ұйымдарға немесе онда басқарушылық функцияларды орындайтын адамдарға осы мән-жайларды немесе басқа да заң бұзушылықтарды жою жөнiндегі шаралар қолдану туралы ұсыну енгізуге құқылы.

Сондықтан тікелей шектеу болмағандықтан, ұсынуда талап қоюшыны жұмыстан шығару мәселесінің көрсетілуі бұл процестік нормаға қайшы келмейді. Одан бөлек талап қоюшымен бұл ұсынудың заңдылығы тиісті тәртіппен дауланбаған.

Бұл орайда соттың іс құжаттарына және сотта анықталған мән-жайларға негізделген тұжырымдарымен бір тараптың келіспеуі, өздігінен сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылмайды.

Кассациялық шағымда келтірілген уәждер соттардың қарау нысаны болып, оларға құқықтық дұрыс баға берілгендіктен, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

Қазығұрт аудандық сотының 2025 жылғы 5 мамырдағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 тамыздағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Джаппарова

Судьялар Н.Ормаханов

А.Есдаулетов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.