6001-24-00-3гп/558
Қ А У Л Ы
2025 жылғы 28 қаңтар Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Б.Ж. Тоқтарова, судьялар Е.Ж. Айтжанов, Г.Қ. Жүсіпбекова, талап қоюшінің өкілі М.Р.Заинованың, жауапкерлер Т.К.Курмангалиевтің, А.Т.Смагуловтың қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында өткізілген ашық сот отырысында
талап қоюшы Зайсан қаласының әкімі - Зайсан ауданы «Зайсан қала әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің басшысы Анарбек Жакупбекович Дутбаевтың жауапкерлер Тылек Курмангалиевич Курмангалиевке, Асхат Токтарханович Смагуловқа ар-намыс пен қадірқасиетті және іскерлік беделді (жұмыскерлік атақты) қорғау туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған,
Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2024 жылғы 12 қыркүйектегі қаулысына Зайсан қаласының әкімі А.Ж.Дутбаевтың өкілі М.Заинованың келтірген өтінішхатын азаматтық іс материалдарын зерделеу арқылы қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:
Талап қоюшы сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгініп, онда жауапкерлердің талап қоюшының және мемлекеттік мекеменің ар-намысы мен абыройына, оның іскерлік беделіне кір келтіретін шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер таратқанымен негіздеген.
Шығыс Қазақстан облысы Зайсан аудандық сотының 2024 жылдың 19 маусымдағы шешімімен талап қоюшы Зайсан қаласының әкімі - Зайсан ауданы «Зайсан қала әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің басшысы А.Ж.Дутбаевтың талап қоюы ішінара қанағаттандырылған.
Т.К.Курмангалиевтің «Facebook», «WhatsApp» әлеуметтік тораптарында таратқан мәліметтері шындыққа сәйкес келмейтін, Зайсан ауданы «Зайсан қала әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі заңды тұлғаның ар-намысы мен абыройына және iскерлiк беделдiлiгiне кір келтіретін мәліметтер деп танылған.
Аталған мәліметтерді шешім заңды күшіне енген күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде теріске шығаруды жариялау міндеттелген.
Талап қоюдың А.Т.Смагулов пен Т.К.Курмангалиевтің «Facebook», «TikTok» әлеуметтік тораптарында, «WhatsApp» әлеуметтік желілердегі «Әңгіме болсын», «Зайсаным менің, жайсаңым менің» топтарында таратқан
мәліметтері Зайсан қаласының әкімі Зайсан ауданы «Зайсан қала әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің басшысы А.Ж.Дутбаевтың ар-намысы мен қадір-қасиетіне және іскерлік беделділігіне лауазымды/жеке тұлға ретінде кір келтіретін мәліметтер деп тану және оларды теріске шығаруды жариялауды міндеттеу бөлігінде қанағаттандырудан бас тартылған.
Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 12 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертіліп, шешімнің қанағаттандырылған бөлігінің күші жойылып, талап қоюды толықтай қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Өтінішхат иесі апелляциялық сатыдағы соттың қабылдаған сот актісімен келіспейтіндігін, соттың тұжырымы істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, апелляциялық сот қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Сот алқасы іс бойынша талап қоюшының өкілінің өтінішхатты қолдаған түсінігін, жауапкерлердің дауланған сот актісін күшінде қалдыру туралы пікірін тыңдап, өтінішхаттың уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға апелляциялық сатыдағы сот тарапынан жол берілген.
Азаматтық іс құжаттарынан анықталғандай, дара кәсіпкер И.М.Далабаевқа «Зайсан қала әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің меншігіндегі «Бульдозер Б10М 0111-1Е» маркалы, мемлекеттік тіркеу нөмері Ғ099 AND тракторын заңсыз жалға берілген деген айыппен А.Т.Смагулов пен Т.К.Курмангалиев өздерінің «Facebook», «TikTok», «WhatsApp» әлеуметтік тораптарында екеуі бірге түсірген біртұтас бейнежазбаны жариялаған.
Талап қоюшы өзінің және өзі басшылық ететін мемлекеттік мекеменің ар-намысына, іскерлік беделіне нұқсан келтіретін шындыққа жанаспайтын мәліметтерді жауапкерлердің таратқанын уәждеп, аталған мәліметтерді шындыққа сәйкес келмейтін деп танып, жауапкерлерді осы мәліметтерді теріске шығаруды әлеуметтік тораптарда жариялауға міндеттеуді сұраған.
Бірінші сатыдағы сот 2024 жылғы 04 мамырдағы сарапшының зерттеуге ұсынылған нысан мәтіндерінде шындыққа сәйкес келмеген жағдайда, «Зайсан қаласы әкімдігінің» заңды тұлға ретінде іскерлік беделіне
нұқсан келтіретін кесімді түрде берілген ақпараттар бар деген қорытындысын басшылыққа алған. Сонымен қатар, Зайсан ауданы мәслихатының депутаттары Т.К.Курмангалиев пен А.Т.Смагуловтың депутаттық сауалдары бойынша құқық қорғау және прокуратура органдарымен тиісті тексеру жүргізілгенін, алайда, тексеріс барысында ешқандай заң бұзушылық әрекеттер анықталмағанын көрсетіп негізге алған.
Дегенмен, апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың қорытындысымен келіспеген. Азаматтық істі қарау барысында апелляциялық сатыдағы сот іс материалына тіркелген құжаттарды зерделей отырып, «Зайсан қаласы әкімдігі» заңды тұлға ретінде жауапкерлерге іскерлік беделді қорғау туралы (дербес) жеке талап қоюымен жүгінбеген деген қорытындыға келген. Ал, бірінші сатыдағы сот шешім қабылдау кезінде, АПК-нің 225 бабының 2-бөлігінің талаптарын бұзған деген негіздермен шешімнің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығару туралы түйінге келген.
Алайда, апелляциялық сот алқасының мұндай тұжырымымен келісуге болмайды.
Себебі, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АКнің) 143-бабы 1-бөлігіне сәйкес азамат өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді сот тәртібімен теріске шығаруды талап етуге құқылы.
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 35-бабына сәйкес, қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкiмi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс аумағында тиiстi аудандық (қалалық) әкiмдіктің лауазымды адамы болып табылады және мемлекеттiк органдармен, ұйымдармен және азаматтармен өзара қарым-қатынастарда оның атынан сенiмхатсыз өкiлдiк етеді.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Сот тәжiрибесiнде азаматтардың және заңды тұлғалардың ар-намысы мен абыройын және iскерлiк беделдiлiгiн қорғау жөнiндегi заңдылықты қолдану туралы» 1992 жылғы 18 желтоқсандағы № 6 Нормативтік қаулысының (бұдан әрі - №6 нормативтік қаулы) 1-тармағына сәйкес азаматтардың және ұйымдардың арнамысына және абыройына кір келтіретін мәліметтерді тарату деп мына жағдайлар танылады: баспа жүзінде жарияланған, радиомен, теледидардан, жалпы басқа да бұқаралық құралдарды пайдалану арқылы хабарланған, мінездемелерде, арыздарда, әртүрлі ұйымдарға жолданған хаттарда көрсетілген, көпшілік алдында сөйлеу кезінде, лауазымды адамдарға, немесе басқада, оның ішінде бір немесе бірнеше адамға ауызша айтылған мәліметтер.
Қоғам немесе жеке азаматтардың заңдарды сақтау, моральдық принциптерді орындау туралы көзқарастары бойынша ұйымдар мен азаматтар жөніндегі шындыққа жатпайтын мәліметтер олардың ар-намысына және абыройына кір келтіретін мәліметтер деп есептелінеді (мәселен, арамдық істерді, семьяда, еңбек ұжымында тәртіпсіздік жасады деген, мекеме жөнінде өндіріс-шаруашылық жұмысына нұқсан келтіретін мәліметтер).
№6 нормативтік қаулының 8-тармағына сәйкес АК-нің 141-бабы 3- тармағының және 143-бабы 1-тармағының талабы бойынша таратылған мәлімдеменің шындығын дәлелдеу жауапкерге жүктеледі. Талап қоюшы талабында жауапкердің өзі жөнінде жалған мәліметті таратқанын ғана дәлелдеуге міндетті. Сонымен қатар, ол ар-намысына және абыройға кір келтіретін мәлімдеменің жалған екендігін анықтайтын дәлелдер келтіруге құқылы. Егерде дәлелдер жеткіліксіз болса, сот қосымша дәлел келтірулеріне мүмкіндік береді немесе оларды өз еркімен алдырады.
Алайда, жауапкерлер таратылған мәліметтердің шындыққа сәйкестігін растайтын құжаттарды және Зайсан қаласы әкімдігі мен жеке кәсіпкер И.М.Далабаевтың арасында бульдозерді жалға беру-алу келісім-шартының жасалуында қандай да бір заң бұзушылықтар немесе қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылық орын алғандығы жөнінде дәлелдемелерді сотқа ұсынбаған.
Демек, жауапкерлердің Зайсан қалалық әкімдігінің бульдозерды жеке кәсіпкерге заңсыз жалға беруі сыбайлас жемқорлықпен байланысты деген уәждері шындыққа сәйкес келмейді.
Іс құжаттарынан анықталғандай, Зайсан ауданының прокуратурасының 2023 жылғы 31 шілдедегі №ЖТ-2023-01271828 және 2024 жылғы 17 қаңтардағы №ЖТ-2024-02784679 депутаттық сауалдарға берген жауаптарында аталған уәждер жан-жақты толыққанды тексеріліп, олар бойынша заң бұзушылықтар анықталмауына байланысты прокурорлық ықпал ету актісін енгізуге негіз болмағандығын көрсетіп жауап берілген. Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде, апелляциялық сот алқасының бірінші сатыдағы соттың шешімінің күшін жойып, талап қоюды толықтай қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған сот актіcі негізсіз және жойылуға жатады.
АПК-нің 15-бабына сәйкес азаматтық сот ісін жүргізу тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығы негізінде жүзеге асырылады. Сот объективтілікті және бейтараптылықты сақтай отырып, процеске басшылықты жүзеге асырады, тараптардың істің мән-жайларын толық және объективті зерттеуге арналған процестік құқықтарын іске асыруы үшін қажетті жағдайлар жасайды.
Сондай ақ, АПК-нің 109-бабына сәйкес кассациялық сатыдағы өтінішхат беру кезінде жауапкерлер Тылек Курмангалиевич Курмангалиевтен, Асхат Токтарханович Смагуловтан талап қоюшы Зайсан
қаласының әкімі - Зайсан ауданы «Зайсан қала әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің пайдасына 923 (тоғыз жүз жиырма үш) теңге, әрқайсынан 462 (төрт жүз алпыс екі) теңге сомасында төленген мемлекеттік баж өндіріп алуға жатады.
АПК-нің, 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын, басшылыққа ала отырып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2024 жылғы 12 қыркүйектегі қаулысының күші жойылсын.
Шығыс Қазақстан облысы Зайсан аудандық сотының 2024 жылдың 19 маусымдағы шешімі күшінде қалдырылсын.
Жауапкерлер Тылек Курмангалиевич Курмангалиевтен, Асхат Токтарханович Смагуловтан талап қоюшы Зайсан қаласының әкімі - Зайсан ауданы «Зайсан қала әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің пайдасына 923 (тоғыз жүз жиырма үш) теңге, әрқайсынан 462 (төрт жүз алпыс екі) теңге, мемлекеттік баж ретінде төленген сот шығысы өндірілсін. Зайсан қаласының әкімі А.Ж.Дутбаевтың өкілі М.Заинованың өтiнiшхаты қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші:
Б.Ж. Тоқтарова
Судьялар
Е.Ж. Айтжанов
Г.Қ. Жүсіпбекова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.